Дамушы нарықтардағы валюталардың серпіні көп бағытты болды

Жарияланды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 15 қазанда теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,2%-ға (424,81-ден) әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 425,78 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

Дамушы нарықтардағы валюталардың серпіні көп бағытты болды. Қыркүйек айында АҚШ-тағы еңбек нарығы туралы екіұшты есептің (жұмыс орындары санының 194 мыңға аздап өсуі және жұмыссыздықтың 4,8% деңгейіне дейін едәуір төмендеуі) жариялануы инвесторлардың жыл соңына дейін активтерді сатып алу бағдарламасын тоқтату бойынша күтулеріне аз әсер етті. АҚШ ФРЖ отырысының хаттамасы 2021 жылғы қарашаның ортасында немесе желтоқсанда сандық жеңілдету бағдарламасын тоқтатуға дайын екенін растады. Мұны инвесторлар экономиканы қалпына келтірудегі ілгерілеуді білдіретін оң фактор ретінде қабылдады. АҚШ-та тұтыну бағасы 5,4%-ға ж/ж өсті. АҚШ-тағы бөлшек сауда қыркүйекте 0,7%-ға а/а өсті, бұл сарапшылардың күткенінен де асып түсті.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

Оңтүстік Африка ранды АҚШ ФРЖ соңғы отырысының хаттамасы жарияланғаннан және активтерді сатып алу бағдарламасын тоқтатудың басталуына қатысты белгісіздік төмендегеннен кейін 2,2%-ға (14,93-тен 14,6-ға дейін) нығайды;

Мексика песосы АҚШ долларының жаһандық әлсіреуі және қазынашылық облигациялар кірістілігінің төмендеуі аясында 1,8%-ға (20,7-ден 20,33-ке дейін) нығайды;

Ресей рублі жаһандық көмірсутектер нарығында сақталып отырған тапшылыққа байланысты мұнай бағасының барреліне 85 АҚШ долларынан жоғары көтерілуі аясында 1,1%-ға (71,75-тен 70,95-ке дейін) нығайды;

Индонезия рупиясы АҚШ-та бөлшек сауданың өсуі туралы деректерден кейін инвесторлардың тәуекел сентиментінің жақсаруы және Балидің Covid-19 жағдайы тұрақтанғаннан кейін халықаралық туристер үшін ашылуы туралы хабар аясында 1%-ға (14 223-тен 14 075-ке дейін) нығайды;

Бразилия реалы ОБ-ның ұлттық валютаны қолдау туралы ескертуі аясында 0,9%-ға (5,51-ден 5,46-ға дейін) нығайды – реттеуші көлемі 3 млрд АҚШ долларына тең валюталық своптар өткізілетіні туралы хабарлады,;
үнді рупиясы соңғы 7 жылда мұнай бағасының ең жоғары деңгейге жетуі аясында 0,4%-ға (74,99-дан 75,26-ға дейін) әлсіреді;

түрік лирасы Мемлекет басшысының мөлшерлемені одан әрі төмендетуге үндеуімен келіспеген ОБ комитетінің 3 мүшесін Президенттің жұмыстан босатуы аясында 3,2%-ға (8,97-ден 9,26-ға дейін) әлсіреді.

 

Сондай-ақ оқыңыз