Алдымен Тереңкөл ауданы, Березовка ауылындағы бір үйдің құсы қырылып қалған. Ауыл тұрғыны Воскресенка ауылдық округіндегі ветеринарлық пункт меңгерушісіне үш күнде қорасындағы 42 қаздың өліп қалғанын хабарлаған.
Қаздардан тиісті сынама алынып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ветеринарлық референттік орталыққа жіберілді. Бас қалада жүргізілген талдау нәтижесі құстардың жоғары патогендік тұмауға шалдыққанын растады. Сондықтан мамандар бірден ауру ошағында карантин енгізіп, құстарды мал қорымында жақты.
Араға бірнеше күн салған соң облыс орталығына жақын орналасқан Павлодар ауылының тұрғыны да 3-14 қазан аралығында ауласындағы 31 тауық, 11 қаз бен 22 күркетауықтың қырылып қалғанын айтты. Сондықтан бұл елді мекен де карантинге жабылды. Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ мамандары ауру ошағынан алынған 15 тауық пен 5 қазды утилизацияға жіберді.
Екі жағдайда да арнайы комиссия әр құстың басына төленетін соманы есептеген соң, тұрғындарға тиісті өтемақы төленеді.
Еске сала кетейік, былтыр қыркүйек айында Павлодар облысында құс тұмауына байланысты карантин енгізілген болатын. Ол кезде Тереңкөл мен Железин аудандарының тұрғындарына құс тұмауына ұшыраған құстары үшін 83 млн теңге көлемінде өтемақы беріліп еді.