Рубль/теңге жұбы: Ұлттық валюта неге құнсызданды?
Кейінгі кезде теңгенің рубльге қатысты айырбастау бағамы айтарлықтай әлсірегені байқалады. Рубль/теңге жұбының тепе-теңдігі рубль үшін 6 теңге төленетін жаңа деңгейге қарай ығыса бастаған. Осы орайда рубльдің теңгеге қатысты нығаю себептері жайлы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.
ІІ тоқсанның ортасынан бері теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамы біршама әлсіреп, қазіргі баға белгіленімі бір рубль үшін 5,98-6 теңге деңгейінде қалыптасты. Ұлттық валютаның Ресей рубліне қатысты әлсіреуінің бірқатар объективті себебі бар дейді маман.
«Біріншіден, бірнеше рет атап өткеніміздей, экономикалық белсенділіктің қайта жандануы және кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы – импорттың өсуіне әкеледі. Ресей Федерациясының жалпы импорттағы үлесі жоғары деңгейде болып, 2021 жылғы қаңтар-тамызда 40,7%-ды құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайыздық тармаққа жоғары.Екіншіден, жалғасып келе жатқан фискальды ынталандыру мен қолда бар кірістің артуы аясында бизнес пен халық тарапынан сұраныс өскенде Ресей тауарларының импорты ұлғайғаны байқалады. Ресейден импорт биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша 2020 жылғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 36,1%-ға ұлғайып, 4,2 млрд АҚШ долларына жетті, ал осы жылғы екінші тоқсанда ұқсас көрсеткіш 2,4% болған еді.Осылайша, Ресей тауарларының импортына артқан ішкі сұраныс теңгенің рубльге қатысты бағамының тепе-теңдігін әлсіреу жағына қарай ығыстыруға әкеледі» деп атап өтті Молдабекова.
Қазақстанның қор биржасында теңге-рубль жұбымен биржадағы сауда-саттық көлемі артқаны да Ресей рубліне сұраныс өскенін білдіреді: мәселен, 2021 жылдың І тоқсанның ішінде орташа сауда-саттық көлемі бір айда 1,9 млрд рубль болған. Ал осы жылғы ІІІ тоқсанда 5,2 млрд рубльге дейін өскен. Сонымен қатар айырбастау пункттерінде жылдың басынан бастап рубльді нетто-сатудың 26,6%-ға өскені байқалады.
«Сыртқы факторларды да қосымша атап өткім келеді. Жекелеген елдердің өндіруді ұлғайтуды кешіктіруі теңге үшін де, рубль үшін де қолдау болып табылатын мұнайдың бағасына жаңа серпін береді. Мәселен, дүйсенбіде мұнай бағасы Ангола, Нигерия мен Әзірбайжанда өндіруді ұлғайтудағы кідірістерге байланысты ОПЕК+ өндірісін 15%-ға қысқарту жоспарын асыра орындау туралы хабарламалар аясында бір баррель үшін 86 доллардан асты. Газдың жоғары бағасы және шетелдік инвесторлардың Ресей Федерациясының борыш нарығына қызығушылығының артуы да мұнайдың жоғары бағасына қосымша Ресей рубліне қолдау көрсетеді. Соңғы 4 айда бейрезиденттердің РФ ФҚО-ға (федералды қарыз облигациялары) салымдарының деңгейі артып, 2021 жылғы қыркүйектің басында 21,4%-ға жетті» дейді маман.
Ұлттық Банк өкілі бас банк теңгенің рубльге қатысты паритетін таргеттемейтінін, рубль/теңге жұбының бағамы бұдан әрі де нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасатынын да атап өтті.
Ресей тауарларына ішкі сұраныстың артуы теңгенің айырбастау бағамына ғана қысым көрсетіп қоймай, сондай-ақ Ресейден жылдамдаған инфляция импорты арқылы Қазақстанда тұтыну бағасының қосымша өсуіне алып келеді. Ресей Федерациясында инфляция қыркүйекте 2020 жылғы желтоқсандағы 4,9%-дан соңғы 5 жылдағы рекордтық 7,4%-ға дейін өсті. Қыркүйекте Ресейде азық-түлік инфляциясының деңгейі 9,2%-ға дейін өсіп, бұл да Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының өсуіне әсер еткен.