Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл соңында 4 пайызға жетуі мүмкін
Бір баррель мұнайдың орташа жылдық бағасы 70 АҚШ доллары болса, онда жалпы ішкі өнім жыл соңына қарай 3,7-4,0%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәжіліс отырысында мәлімдеді.
Бас банкирдің айтуынша, 9 айда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3,4% өскен, ал мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 68 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келеді екен.
Ерболат Досаев әлемдік және ұлттық экономиканың тез қалпына келуіне қолға алынған фискалдық ынталандыру бағдарламалары мен жеңіл ақша-кредит талаптары ықпал еткенін айтып өтті.
Сонымен бірге, бұл факторлар тұтынушылық сұраныстың қалпына келуіне және әлемдегі инфляциялық қысымның айтарлықтай өсуіне әкеп соққан. Жыл басынан бері баға қатты қымбаттады. Ірі әлемдік экономикалардағы инфляция 13 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен: АҚШ-та 5,4%-ке жетсе, Еуроодақта – 3,4%-ке дейін өскен.
«Инфляция біздің негізгі сауда әріптесіміз – Ресейде соңғы 5 жылдағы ең жоғары деңгей – 7,4%-ке дейін өсті. Ресейдің Қазақстан тауар импортындағы үлесі 2020 жылғы 35,4%-тен биыл 6 айдағы 40,8%-ке дейін артқанын ескерсек, Қазақстандағы бағаға сыртқы қысым өсті» деді ол.
Биыл екінші жартыжылдықтан бастап Қазақстанда инфляция тұтынушылық белсенділіктің тез қалпына келуі, экономиканы фискалдық ынталандырудың жалғасуы және жекелеген тауар нарықтарындағы теңгерімсіздік нәтижесінде өскен.
Азық-түліктің қымбаттауы негізгі инфляцияға қарсы фактор болып, ол жалпы инфляцияға жартысынан көп (қыркүйекте – 8,9%-тен 4,5 пайыздық тармаққа) үлес қосады. Азық-түлік инфляциясы биыл қыркүйекте уақытша және орнықты факторлардың әсерінен 11,5%-ке дейін жылдамдаған.
Биыл шілде-тамызда ұзақ сақталатын көкөніс (картоп, сәбіз, қызылша) бағасының соңғы жылдардағы рекордтық өсімі тіркелді.
«Ұлттық Банк экономикадағы сұраныстың өсуіне жауап ретінде дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізу шеңберінде шілдеде және қыркүйекте базалық ставканы 9,0%-тен 9,5%-ке дейін екі рет көтерді. Сұраныс тарапынан инфляцияға қарсы қысым биылғы жылғы 8 айда тұтыну тауарлары импортының 24%-ке өсуімен расталады.Осы жағдайларда Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған саясатты жалғастырады» деді Е.Досаев.
Бас банкир 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, алдағы уақытта инфляция төмендеп, 2023-2024 жылдары 4-5% және 2025-2026 жылдары 3-4% деңгейінде тұрақтайды деп сендірді.