Ұлттық экономика министрлігі қабылдаған ұлттық жобаның мақсаты қандай?

Жарияланды
Бағдарлама аясында бес бағыт іске асырылмақ

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» атты жоба әзірледі. Бес бағыттан тұратын жобаның негізгі 6 міндеті мен 13 көрсеткіші айқындалған. 

Бес бағыт: 

•    Индустриялық-инновациялық даму;
•    Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту;
•    Геологиялық зерттеулерді дамыту;
•    Энергетикалық кешенді дамыту;
•    Шикізаттық емес экспортты ілгерілету.

«Индустриялық-инновациялық даму» бойынша бірінші бағытта екі негізгі міндет айқындалған – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту және өндіріс көлемін  арттыру және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту.

Бұл үшін кәсіпорындардың жаңа технологияларды сатып алу мен енгізуге, жабдықтарды монтаждауға және іске қосу-жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ біліктілікті арттыруға, технологиялық жабдықтарды сатып алуға кредит беру, оның ішінде лизинг шарттарын жақсартуға арналған шығындарын өтеу жөніндегі кешенді шаралар әзірленбек. 

Осылайша, 2025 жылға дейін цифрлық технологияларды пайдаланатын өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорындардың үлесін 23%-ға дейін жеткізу жоспарланған.  2025 жылы жабдықтар мен машиналар үшін негізгі капиталға салынатын инвестициялар 1 трлн теңгелен аспақ. 

Сонымен қатар «Өндіріс көлемін ұлғайту және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейту» міндеті шеңберінде 418 индустриялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 2025 жылға қарай  негізгі капиталға 11 триллионнан астам теңге инвестиция тартылмақ, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің өнімін экспорттау көлемі 24 млрд доллардан асады деп күтіледі. Құрылатын жаңа жұмыс орын саны шамамен 100 мыңға жетпек. 

2025 жылға дейін іске қосу жоспарланған ірі жобалар қатарында: 
•    «Monterra Qasaqstan» ЖШС; 
•    «Еврохим-Қаратау» ЖШС; 
•    «Мега Смарт» ЖШС; 
•    «KamLit KZ» ЖШС және басқалары бар.

Жалпы, республикалық деңгейде 50 негізгі жоба айқындалған. 

«Мұнай-газ химиясы кешенін дамыту» бағытында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ химия зауытын пайдалануға беру жоспарда тұр.

Олар:  
1) Полипропилен өндірісі;
2) Бензин мен полипропиленге арналған қоспа өндірісі;
3) Метанол өндірісі;
4) Полиэтилентерефталат өндірісі;
5) Қашаған кен орны шикізаты базасындағы газ өңдеу зауыты.

Нәтижесінде мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 360 мыңнан 2 млн тоннаға дейін 5 есе артады, сондай-ақ экспорт 9 есе өседі деп хабарлайды министрлік. 

Төртінші бағыт экономика мен халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында энергетикалық кешенді жаңғыртуды көздейді. 2025 жылға дейін жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту есебінен 5 404 МВт қосымша қуат, оның ішінде 2 400 МВт ЖЭК қуатын, 1 400 МВт бу – газ қондырғыларын және 1 604 МВт іске қосу жоспарлануда. Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары арасында екінші тізбек (220 кВ) салу да күн тәртібіне енгізілген. 
 

«Қабылданған шаралар нәтижесінде жалпы электр энергиясын өндіру көлеміндегі ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының үлесі 6%-ға жетеді. Жобаларды іске қосу экономиканың электр энергияға деген қажеттілігін 120 млрд.кВтс дейін өтеуді қамтамасыз етеді. Шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағыты бойынша шикізаттық емес экспорт көлемін 41 млрд долларға дейін өсіру міндеті шешіледі. Бұл үшін жаңа экспорттаушыларды өсіруге және жұмыс істеп жүрген экспорттаушылардың құзыретін арттыруға бағытталған экспорттық акселерация бағдарламасын дамыту жалғасады. 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарыққа шығуы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар 350-ге жуық экспорттаушыны электрондық сауда платформаларына (Alibaba, Amazon, OZON) шығару жоспарлануда. Мемлекеттік эталондардың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін сынақ зертханалық базаларының 30%-ы (250-ден астам) жаңғыртылады» делінген ведомство хабарламасында. 

Экспорттаушыларды сыртқы нарыққа шығару мынадай шаралар есебінен қолдау таппақ: 

•    Экспорт алдындағы және экспорттық қаржыландыру;
•    Сақтандыру, айналым қаражатын толықтыруды қаржыландыру;
•    Экспорттаушылардың шығындарын өтеу (сауда сөрелері мен сауда алаңдарын жалға алу, шетелдік сертификаттаудан, аккредиттеуден, инспекциядан өту, тауарларды шетелде жарнамалау, шетелдік көрмелерге, форумдарға, жәрмеңкелерге, конкурстарға қатысу);
•    Экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеу.

Нәтижесінде шикізаттық емес тауар экспорты 14-тен 29 млрд долларға өсіп, көрсетілетін қызметтер экспорты 2,4 есе өспек. 

Жалпы, ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңгені құрайды екен, оның ішінде республикалық бюджетте 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.

Егер жоба сәтті жүзеге асса, онда 2025 жылы мынадай көрсеткіштерге жету көзделген: 

•    102 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны;
•    Еңбек өнімділігінің 20%-ға өсуі;
•    Өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту.
•    Шикізаттық емес экспортты 41 млрд долларға дейін екі есе арттыру.
•    ЖЭК-тен электр энергиясының үлесі генерацияның жалпы көлемінің 6%-ын құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз