Қырғызстанда туризмді дамытуға 1 млрд сом бөлінеді

Жарияланды
Елде туризмді дамытудың мемлекеттік қоры құрылмақ

Қырғызстанда туризмді дамытудың мемлекеттік қоры құрылып, осы саланы дамытуға 1 млрд сом бөлінеді. Бұл туралы Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті мемлекеттік әкімшілік басшыларының республикалық кеңесінде мәлімдеді,-деп хабарлайды 24kg сайты.

  «Еліміздің барлық аймақтарында мәдени немесе тарихи құндылықтар бар. Бірақ осы уақытқа дейін туристік инфрақұрылымды дамытуға тиісті көңіл бөлінбеді. Туризмді дамыту қажеттілігі туралы қанша нұсқаулар берілсе де, бәрібір орнынан қозғалмады. Осыны ескере отырып, Мемлекеттік туризмді дамыту қорын құру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, туристік орындарға апаратын жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізіледі, туристік инфрақұрылымды дамытудың басқа мәселелері шешіледі », – деді Ақылбек Жапаров.

Туризмді дамыту қорына туризм индустриясының объектілерін жалға алуға, оларды сатып алуға, сатуға, туризм объектілерін бірлесіп дамытуға және олардың ортақ құрылысына келісім жасауға, инвестицияларды тартуға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өкілеттік беріледі.

Туризм индустриясын ынталандыру үшін заңнамаға жерді пайдалану бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады.

 «Шаңғы демалысы бар Қаракөл, бай тарихы мен мәдениеті бар Ош сияқты туристік кластерлерді дамытуға көп көңіл бөлінеді, Жалал-Абад қаласында біз рекреациялық кластерді дамытатын боламыз. Туристік индустрия кәсіпорындарына белгілі бір преференциялар беріледі », – деді министрлер кабинетінің басшысы.

Сонымен қатар Ақылбек Жапаров Ыстықкөл өңірінде балама солтүстік-оңтүстік және айналма жол құрылысының аяқталуы туризмнің дамуы үшін үлкен маңызға ие болатынын атап өтті.
 

Сондай-ақ оқыңыз