Лицензиясынан айырылған 9 банк таратылып жатыр

Жарияланды
Қазір есеп айырысу процесі жүріп жатыр

Қазіргі кезде еліміздегі  9 банк: Валют-транзит банк, Қазинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Қазақстан, Астана Банкі, Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan таратылып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктерді тарату өндірісінң тәртібі, процесі және ағымдағы жай-күйі туралы хабарлады. 

Банк қызметін тоқтатату кезіндегі негізгі мақсат – кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру, олармен есеп айырысуды қамтамасыз ету және банктің барлық операцияларын аяқтау. 

«Бірінші кезекте, еңбекақы төленбеген немесе денсаулығына зиян келген жеке тұлғалар болса, солардың банкке қоятын талаптары қанағаттандырылады. Екінші кезекте, жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдік берілген сома шегінде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» алдында есеп айырысады. Үшіншіден, банк мүлкінің кепілімен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша есеп айырыcады» делірген агенттік таратқан хабарламада. 

Одан кейін кезең-кезеңімен  сақтандыру  ұйымдарының депозиттері, заңды тұлғалардың депозиттері, коммерциялық  емес ұйымдармен есептесіп, салық пен бюжеттік мідеттемесі орындалып, кретиторлар мен қаржы құралдары бойынша қарыздары қайтарылады. 
 
Тарату өндірісінің шеңберінде банк активтерінен тарату массасы қалыптастырылады.Таратылатын банктің активтері:

•    банктің меншікті мүлкінен;
•    заңды және жеке тұлғаларға берілген қарыздардан;
•    ақшадан;
•    бағалы қағаздардан;
•    жылжымалы және жылжымайтын мүліктен тұрады.

«Мүлікті өткізгенге дейін тарату комиссиясы «Қазақстан 
еспубликасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалау қызметін жүзеге асыратын бағалаушыны тарта отырып, таратылатын банктің активтерін бағалайды. Таратылатын банктің үйлері мен ғимараттары, өзге жылжымайтын мүлік объектілері, көлік құралдары құнына қарамастан, сондай-ақ таратылатын банктің мүлкінің біреуінің бағалау құны 100 айлық есептік көрсеткіштен асатын өзге мүлкі жария сауда-саттық (аукцион) арқылы ғана өткізіледі.Банктердің бүкіл мүлкін өткізу туралы ақпарат таратылатын банктің сайтында орналастырылады» дейді агенттік. 

Таратылатын банктердегі активтердің негізгі түрі – берешек және дебиторлық берешек қарыздар. Осы банктердің несие портфеліндегі NPL (төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген несие)  деңгейі 84%-дан 99%-ға дейінгі аралықты құрайды.Қазіргі уақытта барлық таратылатын банктер кредиторларының талаптарын қанағаттандыру дәрежесі әр түрлі сатыда тұр. 

Мәселен, Қазинвестбанк, Эксимбанк Қазақстан, Delta Bank тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақылар бойынша ҚДКҚ алдындағы, сондай-ақ ҚДКҚ-ның кепілдік төлемінің ең жоғары мөлшерінен асып түсетін депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы өз міндеттемелерін толық өтеген. 

Бұл банктер қазір кредитор-заңды тұлғалардың талаптарын қанағаттандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазинвестбанк заңды тұлғалар алдындағы талаптарды 5,8%-ға немесе 6,3 млрд теңгеге, Эксимбанк Қазақстан 19,1%-ға (2 млрд теңге) және Delta Bank мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитордың алдында 15,9%-ға (2,2 млрд теңге) қанағаттандырған. 

Ал Валют-транзит банк, Астана Банкі, Qazaq Banki және Tengri Bank-тің тарату комиссиялары депозитор-жеке тұлғаларға төленген кепілдік өтемақысы бойынша ҚДКҚ алдындағы талаптарды қанағаттандыру сатысында. 2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Tengri Bank ҚДКҚ алдындағы талаптарды 87%-ға немесе 15,4 млрд теңгеге, Валют-транзит банк 57%-ға (10,4 млрд теңге), Астана Банкі 43,9%-ға (16,5 млрд теңге), Qazaq Banki 16,3%-ға (3,3 млрд теңге) қанағаттандырды.

AsiaCredit Bank аралық теңгерімді қалыптастырып жатыр, ал Capital Bank Kazakhstan істерді уақытша әкімшіліктен тарату комиссиясына беру бойынша жұмыс жүргізіліп,  кейіннен осы банктер кредиторлар тізілімін қалыптастыру және Кредиторлар комитетін құру бойынша іс-шараларды жүзеге асырады.

«Тұтастай алғанда, кредиторлардың талаптарын одан әрі қанағаттандыру мөлшері банктердің тарату массасына кіретін активтердің сапасына байланысты болады.Таратылатын банктердің тарату өндірісінің барысы туралы ақпарат Агенттіктің ресми сайтында «Қаржылық қадағалау/Қаржы ұйымдарын тарату/Кредиторларға арналған ақпарат» бөлімінде орналастырылады.Депозиторларға-жеке тұлғаларға кепілдік берілген өтемді төлеу барысы туралы ақпарат ҚДКҚ ресми сайтында: www.kdif.kz «Тарату процесіндегі банктер/Төлемдер бойынша ағымдағы мәртебе» бөлімінде орналастырылады» делінген  хабарламада. 

Сондай-ақ оқыңыз