Жаңалықтар

2025 жылы Қазақстан мектептері қалай өзгереді?

Асхат Аймағамбетов ұлттық жоба бағыттарымен таныстырды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы сапалы біліммен қамтамасыз етпек. Министр бұл маңызды құжат қоғам өкілдері, білім саласындағы сарапшыларымен бірлесе талқыланып, барлық мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталғанын атап өтті.

«Осы талқылу нәтижесінде біз ұлттық жобаны қабылдадық. Ол төрт негізгі бағыттан, 5 міндеттен, 15 көрсеткіштен, 26 іс-шарадан тұрады. Ерекшелігі, ол нақты, маңызды міндеттерге шоғырланған. Міндеттер:  мектепке дейінгі сапалы білім беруге қолжетімділікті қамтамасыз ету, екіншісі – орта білім беру сапасын қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту, егер басқа елдермен салыстырсақ, жалпы білім беру сапасын арттыру. Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету. Төртінші міндет – қолжетімді сапалы кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. Бесінші – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Білім берудің барлық деңгейлері ұлттық жобада қамтылған» деп нақтылады министр. 

Ведомство басшысы 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланғанын да мәлімдеді. Соның нәтижесінде үш ауысымды мектептер жойылып, апатты мектептер үлесі 0,1 пайызға дейін қысқармақ. 

«Сарапшылар урбанизациялық және демографиялық процестерге байланысты бізге қосымша 993 мың орын қажет деп санайды. Бұл бәріміз үшін өте үлкен сынақ. 2025 жылға қарай тиісінше қосымша мектеп орындарын құру қажет. Бірақ бұл міндетке бірбеткей қарамау керек, ақша бөлу, мектептер салу – бұл жұмыстың жартысы ғана. Мазмұны, яғни, кімнің оқытатыны анағұрлым маңызды. Алдымызда 100 мыңнан астам жаңа педагог даярлау міндеті тұр» деді спикер. 

Айта кетейік, анықтама материалдары бойынша 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылатын болады. Білім беру ұйымдарында балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалады. Жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту жоспарланған. Мектептердің 90%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталатын болады, мектептердің 100%-ы қауіпсіз кіру, күзет және бақылау жүйесімен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық жобаның тағы бір міндеті – қолжетімді әрі сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастардың 100% сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етілмек. 

Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғасады. «Жас маман» жобасы шеңберінде колледждер базасында 20 құзыреттілік орталығы құрылатын болады. 

Жоғары білім беру саласында да өзгерістер жоспарланған.  

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында да нақты міндеттер, индикаторлар бар. Бұл академиялық артықшылықтың 20 орталығын, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша екі өңірлік жоғары оқу орнын құру, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының бес филиалын ашу көзделген. Біз бұл жұмысты биыл бастадық. «МонтФорт» университеті өзінің алғашқы кампусын Алматы қаласында ашты. Отандық және шетелдік жоғары оқу орындарын дамыту салауатты бәсекелестік үшін де қажет деп санаймыз. Бәсекелестіктен ешқашан жаман болған емес. Біз сондай-ақ шетелдік брендтер – Қазақстан аумағында өз филиалдарын ашатын жоғары оқу орындарын тартамыз. Мұндай міндет ұлттық жоба аясында да қойылған» деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ Аймағамбетов мұғалім тек оқу-тәрбие процесімен ғана айналысуы керек деді. 

«Педагог мәртебесі туралы» заң бар және ол бәріне ортақ. Құқық бұзушылар өз жазасын алады. «Біз алдағы уақытта қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту қажет деп санаймыз. Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай фактілер болмауы үшін өңірлердегі әріптестерімізге хат жолдадық. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек: «Педагог мәртебесі туралы» заң, қабылданған нақты жазылған нормалар бар. Барлық мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары осы заңнаманы сақтауға міндетті. Мұғалім тек оқу-тәрбие процесімен ғана айналысуы керек. Оны өзіне тән емес функцияларға тарту қатаң түрде тоқтатылуы керек. Алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартатын боламыз. Қысқа уақыт ішінде 200-ден астам түрлі лауазымды тұлғаны бұрын-соңды болмаған жауапкершілікке тарттық деп айта аламын, олардың кейбірі жұмыстан шығарылды, бір бөлігі әкімшілік жауапкершілікке – айыппұл төлеп, тәртіптік жауапкершілікке тартылды. «Педагог мәртебесі туралы» заңның орындалуы бойынша ымырасыз ұстанымды біз алдағы уақытта да ұстанатын боламыз» деп атап өтті спикер.