Қазақстандықтар депозит таңдауда неге мән береді?
Қазақстандықтар депозит ашатын банк таңдағанда, банктің мобилді банкингі ыңғайлы болуына, қаржы ұйымының беделіне және рейтинг агенттіктер берген бағаға мән береді екен. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып, ел тұрғындары депозит ашқанда неге басымдық беретіні және депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы не білетінін анықтау үшін сауалнама жүргізген.
Онлайн-сауалнама 1-30 қыркүйек аралығында 14 банктің сайтында жүргізілген. Оған ниет білдірген 2 773 адам қатысқан.
Осы сауалнамаға қатысқандардың 92%-ы депозит ашатынын айтқан, соның ішінде 19%-ы сыйақысы жоғары, мерзімінен бұрын алуға болмайтын жинақ салымын ашқанды жөн көреді. Ал 73%-ы сыйақысы төмен болса да, кез келген уақытта үстінен ақша салуға және ақша алуға болатын депозитті таңдайды.
Жауап бергендердің 6%-ы артық ақшасына валюта сатып алып қояды екен. Сауалнамаға қатысқандардың 2%-ы ақша жинамайды немесе оларды карточкасында қалдырады.
Депозит ашатын қазақстандықтардың ішінде 22%-ы депозит түрін таңдағанда, жоғары сыйақы мөлшерлемесіне көп көңіл бөледі. Бұл ретте жауап берушілердің 63%-ы үшін депозитті толықтыруға және одан керек кезінде ақша алуға болатыны – ең басты шарт. Бұл ресми статистика бойынша да расталып отыр. Қазіргі уақытта мерзімсіз салымдардың саны басым. Олардың үлесі жеке тұлғалардың жиынтық депозиттерінің 62%-ын құрайды.
«Сауалнамаға қатысқандардың 36%-ы үшін банкті таңдаудағы ең негізгі фактор – депозит бойынша жоғары мөлшерлеме. Алайда жоғары сыйақы мөлшерлемесі әдетте жинақ салымдарға тән. Ал жинақ салымдардан мерзімінен бұрын ақша алуға болмайды. Яғни, қазақстандықтардың бір жағынан депозит бойынша жоғары мөлшерде сыйақы алсам және екінші жағынан тиімді депозит түрін таңдасам деген ниетінде қарама-қайшылық бар. Бұл шамамен салымшылардың депозит түрлері ерекшеліктерінін түсінбегендіктерінен туындайды. Соның салдарынан олар ақша салу барысында салымды дұрыс таңдамайды. Мерзімсіз салымдар – инфляцияны басып озатын, қосымша табыс алуды көздемейтін транзакциялық (төлемдер, аударымдар); мерзімді және жинақ салымдар – Қор аясында қаражатты еселендіруді көздейтін, тәуекелі төмен, ақшаны тиімді жинауды қамтамасыз ететін өнімдер» дейді ҚДКБҚ мамандары.
Банктің мобилді банкингі ыңғайлы болуы – транзакциялық мақсатты көздейтін, мерзімсіз салымдарды таңдау барысында айқындаушы фактор. Жоғарыда келтірілген, табыстылық мөлшерлемесіне байланысы жоқ жауаптардың сүбелі жиынтық ықпалы (43%), жеке тұлғаларға арналған депозиттік өнімдер нарығына бағадан тыс факторлар үлкен рөл атқаратынын көрсетеді. Бұл жағдай салымдар бойынша жоғары мөлшерлемелерді ұсыну, оның ішінде мөлшерлемелерді ақша-несие саясатының талабы мен инфляцияға ыңғайластыру арқылы айқын емес бәсекелестікке әкеп соғады.
«Банктің сенімділігіне қатысты ықтимал тәуекелді депозиттерге кепілдік беру жүйесі өз жауапкершілігіне алады. Банк салымшыларының 63%-ы заң барлық қазақстандықтарға банктегі жинақ ақшаларына қатысты қорғау құқығын беретінін жақсы біледі. Жауап берушілердің басым бөлігі кепілдік нысандарын біледі, бұл ретте 35%-ы салымдар бойынша сыйақыға және карточкадағы ақшаға кепілдік берілмейді деп санады. Бұл әрине, қате пікір. Демек, Қор банк секторының барлық мүдделі қатысушыларымен бірлесе отырып, белсенді түрде ақпарат беру –түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Жалпы сауалнама нәтижесі жауап берушілердің депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы хабардарлығының жоғары деңгейде екенін байқатқан: 70%-ы депозиттерге кепілдік берілген максималды сомалар туралы, оның ішінде жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген соманың жоғары екендігін, 76%-ы кепілдік берілген өтемді Қор төлейтіндігін, 68%-ы кепілдік берілген өтемнің ұлттық валютада төленетіндігін жақсы біледі» делінген қор таратқан хабарлама.
Сауалнама нәтижесі тағы да халықтың қаржылық сауатын арттыру жұмыстарын белсенді жүргізу керегін байқатты. Жеке қаржыны басқару, ақша жинау мен оны тұтынудың ара-қатынасын оңтайландыру, тәуекелдерді бағалау, ақшаны инвестициялауда парасатты шешімдер қабылдау үшін, сондай-ақ әр түрлі қаржылық өнімдер мен қызметтерді пайдаланғанда қаржылық сауат қажет.