Қазақстанның экспорт көлемі дағдарысқа дейінгі деңгейіне жетті

Жарияланды
Сегіз айда 37,4 миллиард доллардың өнімі сатылған

2021 жылдың 8 айында Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы экспорт үлесі 57%-дан 60%-ға дейін артқан. 

ҚР Ұлттық статистика бюросының «ҚР Сыртқы және өзара саудасы туралы» статистикалық жинағының деректеріне сәйкес, Қазақстанның жалпы экспорт көлемі 2021 жылғы қаңтар-тамызда $37,4 млрд-қа жеткен, ал былтыр осы кезеңде 31, 8 млрд доллардың тауарын эскпортқа жіберген. Ал  осы 8 айдың көрсеткішін 2019 жылмен салыстырсақ, биыл экспорт көлемі дағдарысқа дейінді деңгейіне жетті деп тұжырымдауға болады. 

«QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ дерегіне сүйенсек, қазақстандық экспорттың негізі –   шикізат (жалпы экспорт көлемнің 68%). Сыртқа сатылатын өнімдердің  үштен бір бөлігі (32%) өңделген өнім болса, 6 пайызы – қайта өңделген өнімдер. 

«Экспорт көлемі негізінен мұнай есебінен өсті. Биыл  сегіз айда Қазақстан $19,2 млрд сомасына шикі мұнай сатты» деп хабарлайды сауда саясатын дамыту орталығының сарапшылары.

2021 жылдың қаңтар-тамыз айларында бүкіл шикізат тауарлары саудасы оң динамика көрсеткен. Тек табиғи газ (-33%), бағалы метал кені мен концентраттары (-4,6%) минусқа кеткен. Шикізаттық емес тауарлар арасында уран сатылымы біршама төмендендеген. 

Қазақстандық тауарларын ең ірі сатып алушылар –  Еуропа елдері. Зерттеу кезеңінде Қазақстаннан Еуропа Одағы елдеріне  импорт көлемі шамамен 30%-ға, $14,7 млрд-қа дейін артқан. Сауда серіктестері арасында екінші орында – Қытай орналасқан, ол 6,4 млрд долларға Қазақстаннан кен, мұнай, газ және мыс сатып алды. Сегіз ай ішінде Қазақстаннан экспорт көлемін  38%-ға арттырып, $4,9 млрд-қа жеткізген Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшінші орында тұр.

Бұған дейін Kursiv.kz  2021 жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысы бойынша Қазақстанның экспорты қандай жағдайда екенін жазған еді. Ол кезде жиынтық экспорт $27 млрд құрап,  былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7%-ға өскен. 

Сондай-ақ,  жыл басында Қазақстанның сауда балансы екі есе қысқарғаны туралы ақпарат жарияланды. Оған себеп – шикі мұнай мен табиғи газды шетелге жеткізуден түсетін түсімдердің азаюы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз