Жаңалықтар

Қазақстан ШҚО-дағы ірі су станцияларын араб инвесторларға сатпақ

Келісім арнайы шарт негізінде жүзеге асады

Қазақстан үкіметі Өскемен және Шүлбі су электр станцияларын Әбу-Дабилік серіктестер мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей сату жайлы шешім шығарған. Екі  су электр станциясын жеке меншікке беру  – Қазақстанның бірнеше энергиянысандарын бірден жекешелендіру мен салуды көздейтін, құны $6 млрд болатын ірі халықаралық инвестициялық келісімшарттың бір бөлігі. Ал бұл ірі стратегиялық нысандар қаншаға сатылатыны жайлы ақпарат жарияланбады. 

Шығыс Қазақстанның екі ірі су электр станциясын жекешелендіру 2021 жылдың мамыр айына жоспарланған болатын. Алайда, осы екі нысанға қатысты Жол картасын жүзеге асыру мерзімі өтіп кетті. ҚР Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті сайтындағы мәліметтерге сәйкес, сатып алу-сату шартын жасасу мерзімі 2021 жылдың 1 желтоқсанына ауыстырылған. 

«Бұл жекешелендіру объектілерін тәуелсіз консультанттар халықаралық стандарттарға сай бағалайтын болады. Қазіргі уақытта нарықтық құнын анықтау жұмысы аяқталған жоқ, сондықтан бұл нысандардың нақты құны туралы дерек жоқ» деп жауап берді Kursiv.kz сауалына комитет төрағасы Бақытбек Тәшенев.

«Қандай да бір компаниялар, заңды тұлғалар Өскемен және Шүлбі су электр станцияларын сатып алуға қызығушылық танытты ма?» деген сауалға Мемлекеттік мүлік комитетінің басшысы «жоқ» деп жауап берген. Оның айтуынша, 14 қазанға дейін «қандай да бір заңды тұлғалардан нақты ұсыныс түспеген». 

Алайда, кейінірек белгілі болғандай, премьер-министр Асқар Мамин   8 қазанда Қазақстан үкіметінің БАӘ Үкіметімен бірлескен декларациясы жобасын мақұлдапты. Құжатта «тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі «АЭС Шүлбi ГЭС» ЖШС (бұдан әрі – ШГЭС) мен «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС (бұдан әрі – ӨГЭС, ШГЭС-пен бірлесіп «гидроэлектрстанциялар» деп аталады) жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызына дейін Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей атаулы сатуды жүзеге асыруға ниетті екенін мойындайды» делінген. 

Қазақстан мен БАӘ арасындағы келісімге 11 қазанда қол қойылды. Құжатта жеке тармақпен жобасы кеңес кезеңінде әзірленгенімен, әлі күнге жүзеге асырылмаған, Шүлбі ГЭС-інің контррегуляторы – Бұлақ ГЭС-ін салу ниеті жазылған. Халықаралық шартта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған соң, тараптар инвестициялау шарттарына өзара келіскен кезде ғана,  реттеуіш құрылысы басталуы керек делінген. 

Аталмыш келісімде Қазақстан заңнамасы  негізінде шетелдік инвесторларға берілген құқықтардан бөлек, араб-қазақ консорциумы үшін арнайы шарттар да қарастырылған. Атап айтқанда, құжатта 2025 жылдың соңына қарай консорциумға «гидроэлектрстанциялар өндірген электр энергиясының көлемін және қазақстандық инвестордың Қазақстан Республикасының өзге өңірлерінде орналасқан өндірістік зауыттары үшін аттестатталған электр қуатының гидроэлектрстанциялар көрсететін қызметтерін сатып алу» құқығы беріледі делінген. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап консорциум өндірілген электр энергиясының 50 пайызын өз кәсіпорындарына жіберу құқығына ие болады.

Осыдан үш жыл бұрын Kursiv.kz аталмыш екі су электр станциясын концессионер ретінде басқарған бұрынғы инвестор –  америкалық AES компаниясы мен Қазақстан арасындағы сотттың егжей-тегжейін жазған еді. Дауға себеп –  америкалықтардың концессиялық объектілерге салған, бірақ пайдасын өтей алмаған инвестициясы еді, өйткені Қазақстан келісім-шартқа қол қойылғаннан кейін монополияға қарсы заңнаманы өзгертті. Бұл қаржы шамамен 1,2 миллиард долларды құраған болатын. Кейінірек белгілі болғандай, Қазақстан AES-ке қарсы арбитраждық соттарда жеңген.

Биыл көктемде мәжілісмендердің осындай стратегиялық маңызы бар энергетикалық нысандарды жекенің қолына сатуға қарсы шыққан сыни пікірлері де жарияланған болатын. Парламент депутаты Сергей Решетников су электр станцияларының мемлекет меншігінен  инвесторларға берілуі – тарифті жеке саудагердің өз білгенінше белгілеуіне әкеп соғады деп мәлімдеген еді.