Өзбекстан президенті аз қамтылған отбасыларды үй шаруашылығына үйретіп, бұл үшін тиісті көмек көрсету қажеттігін атап өтті, деп хабарлады Өзбекстан басшысының баспасөз қызметі. Бұл туралы uz.sputniknews.ru сайты мәлімдеді.
Шавкат Мирзиёев мақта мен астық егістерінің өнімділігі төмен екі жүз мың гектар алқапты қысқартуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Олар халыққа конкурстық негізде ұзақ мерзімді жалға берілетін болады.
«Мемлекет басшысы аз қамтылған отбасыларға ерекше назар аударып, оларды шаруашылыққа үйретіп, тиісті көмек көрсету қажеттігін атап өтті.Ол үшін жеміс-көкөніс жобаларына 100 миллион сумға дейін несиелер берілетінін айтты. «Әр отбасы – кәсіпкер» », – делінген хабарламада.
Жиында жеміс-көкөніс кластерлері мен кооперативтеріне қосымша мүмкіндіктер жасау шаралары да талқыланды. Бұл субъектілерді Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы жеңілдетілген несиелендірудің маңыздылығы айтылды. Атап айтқанда, қор жеміс-көкөніс кластерлерінің айналым қаражатына 10 пайыздық мөлшерлемемен 1 жыл мерзімге несие ресурстарын бөледі.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеміс-көкөніс кластерлері мен қайта өңдеу кәсіпорындарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде агро орталықтар құру тапсырылды.