Ұлттық қор активтері азайды
Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резерві, алдын ала болжам бойынша, 2021 жылдың қыркүйек айында 3,4%-ға (жыл басынан бері 0,2%) төмендеп, 35,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің қаржы нарығының қыркүйек айындағы ахуалы туралы хабарламасында жазылған.
Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (55,1 млрд АҚШ доллары) қоса алғанда, 2021 жылғы қыркүйектің соңында 90,6 млрд АҚШ долларын құраған.
«Резервтердің төмендеуі, негізінен, қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі және АҚШ долларының нығаюы салдарынан бағалы металдар бағасы құлдырап, алтын портфелі құнының төмендеуі есебінен болды. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер де ЕДБ корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуінен, сондай-ақ ҚР мемлекеттік борышын төлеу есебінен төмендеді» делінген ҰБ таратқан ақпаратта.
Ақша базасы 2021 жылғы қыркүйекте 3,8%-ға кеңейіп, 10 689,7 млрд теңгені құраған. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейлі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 7,7%-ға 5 815,6 млрд теңгеге дейін азайған.
2021 жылғы қыркүйекте ақша массасы 2,8%-ға артып 28 850,3 млрд теңге болды (жыл басынан бастап 15,8%-ға өсті), айналыстағы қолма-қол ақша 2 984,3 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға төмендеген.