Kursiv-20 индексі Kcell мен Газпром акциялары қымбаттауы есебінен өсті

Жарияланды
Өткен аптадағы ең негізгі корпоративтік оқиғаларға шолу

Қазақстан қор биржасында (KASE) акциялары орналастырылған және Kursiv-20 индексіне енген  жиырма эмитенттің  позициясы өткен аптада 1 307,46-дан 1 328,42 тармаққа дейін нығайды.

Қазақстандық эмитенттер ішінде Kcell (+9,1%)  өсім көшбасшысы болса, ЦентрКредит Банкі (+3,5%)  үлкен белсенділік танытты. «Қазақтелеком» жай акцияларының (-3,2%) бағасы айтарлықтай арзандап,  «Қазатомөнеркәсіп» қағаздарының бағасы (-0,5%) сәл-пәл өзгерді. Қалған қазақстандық эмитенттер бағалы қағаздарының серпіні аса өзгере қоймады. 

Шетелдік эмитенттерден «Газпром» (+10%) қағаздары айтарлықтай қымбаттады,  компания акцияларының өсуіне Еуропадағы энергетикалық дағдарыс ықпал еткен.

Апта көшбасшылары қатарына NLMK (+8,9%) және Apple Inc (+4,7%) кірді. Осы эмитенттер тобындағы аутсайдер – Yandex N. V., оның акциялары жеті күнде 5,4%-ға арзандады.

Индекске кіретін қазақстандық компаниялардың 20.10.2021 – 27.10.2021  аралығындағы негізгі корпоративтік оқиғалары.

Халық банкі

Банк KKGBb13 облигациялары бойынша алтыншы купонды төлейтінін хабарлады. Бір қағаз құны – 1 мың теңге, шығарылым көлемі – 200 млрд теңге, ағымдағы купондық мөлшерлеме – 9,5%. Купондық төлем 9,6 млрд теңгені құрады.

KEGOC

Қазақстандық электр желілерін басқаратын компания 21 қазанда KASE-де kegcb3 облигацияларын орналастырып, 16,6 млрд теңге инвестиция тартты. Өтінімдер толық қанағаттандырылды. Бір қағаздың номиналдық құны –1 мың теңге, өтеуге кірістілік – 11,5%.

Сондай-ақ, компания 2021 жылдың 24 қарашасында кезектен тыс жалпы жиналыс жоспарлап отырғанын хабарлады. Күн тәртібінде KEGOC-қа қатысты бірқатар мәселе қаралады. 

«ҚазТрансОйл»

ҚР магистральдық мұнай құбыры ұлттық операторы 2021 жылдың тоғыз айындағы өндірістік нәтижесі жөнінде есеп берді. Есептік кезеңде магистральдық мұнай құбырлары жүйесінде 30,8 млн тонна мұнай тасымалданған, бұл  көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 918 мың тоннаға аз. Қазақстандық МӨЗ-дерге магистральдық мұнай құбырлары жүйесімен мұнай тасымалдау көлемі, 2020 жылдың ұқсас кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 1,3 млн тоннаға артып, 12,7 млн тоннаны құраған.
 

Сондай-ақ оқыңыз