Қазақстан аспаны қашан тазарады?
2019 жылғы дерек бойынша («Global Carbon Atlas» платформасы) Қазақстан көмірқышқыл газы қалдығы 221 елдің ішінде 21-ші, жан басына шаққанда –11-ші және ЖІӨ көміртек сыйымдылығы бойынша 5-ші орында тұр екен. 2019 жылы парник газ қалдықтары 364 млн тоннадан асқан.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, климаттың өзгеруі және парник газ қалдықтарын азайту қажеттігі ірі секторларды көміртексіздендіру арқылы әлемдік экономиканы дамыту бағытына трансформациялауға әкеледі. Халықаралық қаржы институттары төмен көміртекті технологияларды дамыту үшін көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартқан. Бұл әрине, көмір өнеркәсібі саласына қысым жасайды.
«CarbonTracker» талдау орталығының зерттеулеріне сәйкес, 2015 жылдан бері салынып жатқан көмір электр станцияларының саны дүние жүзінде 84%-ға азайған. Еуропалық Одақ 2023 жылдан бастап көміртекті қажет ететін өнімдер импортына салынатын шекаралық көміртек салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл халықаралық сауда ережелерін түбегейлі өзгертеді. Париж келісімі аясында Қазақстан өзіне 2030 жылға қарай қалдықтарды 1990 жылғы деңгейден 15%, ал халықаралық қолдау көрсетілетін жағдайда 25%-ға қысқарту міндеттемесін алды. Алайда, бүгінгі таңда қалдықтар1990 жылғы деңгейден әлдеқашан асып кетті» деді министр.
Брекешевтің сөзінше, егер қажетті шара қабылданбайтын болса, онда 2060 жылы ауаға шығарылған көлемі 473 млн тоннадан асып кетпек.
«2060 жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу доктринасы 2 сценарийді қамтиды: негізгі және көміртекті бейтараптық. Базалық сценарий, бұл экономиканы декарбонизациялау шараларынсыз жол. Модельдеуге сәйкес базалық сценарий экономика өсімінің болжамды көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл сыртқы үш фактордың әсеріне байланысты; біріншісі, Еуропалық Одақтың және еліміздің басқа да ірі сауда серіктестерінің шекаралық көміртегі салығын енгізуі. Сонымен қатар, Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша энергия ресурстары бағасының төмендеуі және климаттың өзгеруінің ауыл шаруашылығына теріс әсері» дейді министр.
Экономиканы декарбонизациялауға (төмен көміртекті энергия көздеріне негізделген экономика) арналған шараларды жүзеге асыру – отын-энергетикалық кешеннің өзгеруіне әкеледі.
«2017 жылы отын-энергетикалық себеттің 54%-ы көмірден, 24%-ы мұнайдан және 22%-ы газдан тұрды. Модельдік есептеу көрсеткендей, 2060 жылға қарай бастапқы отын-энергетика ресурстары құрылымындағы қазбалы энергия ресурстарының үлесі 3,4 есе қысқарып, 29%-ды құрайтынын, ал ЖЭК үлесі ағымдағы 3%-дан 70%-ға дейін өсетінін көрсетті» деді ведомство басшысы.
Болжам бойынша, ауыл шаруашылығы парникт газдардың ең ірі көзі болмақ. Қалдық шамамен 42 млн тоннаны құрайды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді дамыту драйверлерінің бірі ретінде мал шаруашылығы секторын қолдауға байланысты. Екінші ірі эмитент – өнеркәсіп (қара және түсті металлургия, цемент және басқа да минералды өнімдер өндірісі) болады. Қалдық 21 млн тоннадан асады деп күтілуде. Мұнай-газ секторы – 6 млн тонна.
Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд АҚШ долларын инвестициялау қажет екен. Бұл қаржы мөлшері 40 жылға есептелген. Серікқали Брекешевтің айтуынша, салымдардың ең көп үлесі электр және жылу энергиясын өндіруге – 305 млрд доллар, көлікке – 167 млрд доллар, тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне – 65 млрд доллар, ТКШ – 57 млрд доллар, ауыл шаруашылығына 49 млрд доллар қажет.
«Қазірдің өзінде үкімет ЖЭК секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Соның бірі – Қазақстанда СО2 шығарындыларын азайтуға бағытталған ЖЭК ірі жобаларын іске асыру жөніндегі БАӘ-мен инвестициялық ынтымақтастық. Осы көрсеткіштер мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын қамтамасыз ету үшін бізге салалық саясатты реформалау қажет. Өнеркәсіп секторында доктринада әзірленген индикаторларға қол жеткізу үшін энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі шараларды іске асыру қажеттілігі ескерілуі тиіс. Бастапқы ресурстарды екіншілік ресурстармен алмастыру саясатын күшейту қажет, бұл ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын едәуір төмендетуге алып келуі мүмкін. «Жасыл» көліктің тиісті инфрақұрылымын дамыту үшін қолдау шараларын әзірлеу керек. Терможаңғырту арқылы қолданыстағы тұрғын үй қорында жылу шығынын үштен бірге төмендету қажет, жаңа ғимараттар ЖЭК-ті міндетті түрде пайдалана отырып, энергия тиімділігінің жоғары сыныбына сәйкес келуі тиіс. Органикалық өнімге әлемдік сұранысты ескере отырып, өсімдік шаруашылығы секторында егіншіліктің органикалық әдістеріне көшуді жеделдетіп, органикалық өнім экспорты саласында мемлекеттік қолдау көрсетуді бастау керек. Мал мен құс басын көбейту мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу үшін биогаз қондырғыларын кеңінен тарату жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді. Қазақстанның көміртекті бейтараптық жолында дамуы оңай болмайды, бірақ экономиканың тұрақты дамуына негіз болады және елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады» деп атап өтті ведомство басшысы.