Инвестиция

Қазақстан қор нарығындағы жеке инвесторлар саны екі есе өсуі мүмкін

Орталық депозитарий төрағасының орынбасары Еділ Медеумен сұхбат

2021 жылдың 9 айында KASE алаңына келген жеке инвесторлар  саны алдыңғы екі жылмен салыстырғанда  төрт есе көп. Алдағы уақытта жеке инвесторлар саны қалай өседі және оларға қор биржасында қандай жағдай жасалып жатыр деген сауалдарға Орталық депозитарий төрағасының орынбасары Еділ Медеу жауап берді. 

– ОД  мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы депозитарийде ашылған шоттар пен қосалқы шоттар саны 100 мыңнан асқан.  Ал 2019 жылдың басында олардың саны 120 мың болса, ал 1 қазанда 200 мыңнан асты. Яғни, екі жыл ішінде жеке тұлғалар шоты шамамен 70%-ға өсті. Мұндай динамиканың себебі неде, қалай түсіндіруге болады?

– 2012-2014 жылдары бөлшек инвесторлар қатарының көбеюіне сол уақытта өткізілген IPO үлкен ықпал етіп, шешуші рөл атқарса, қазіргі кезде цифрландыру негізгі факторға айналған. Бұл – Ұлттық Банк және ҚНРДА сынды мемлекеттік органдардың биометриялық деректер негізінде  қашықтан сәйкестендіру  техникалық мүмкіндігі мен құқықтық негіз  қалыптастыруы, сондай-ақ осы құралды белсенді түрде пайдаланып, бөлшек бизнесті дамыта бастаған брокерлер күш-жігерінің арқасы. Егер бұған дейін бөлшек сегментті дамытумен бір-екі брокер айналысса, қазір нарықта кемінде бес брокер бар екенін көріп отырмыз. Бүгінде олардың әйқайсысында 20 мыңнан аса клиент шоты шоғырланған. 

– Ал Қазақстан үшін 200 мың шот  – аз ба, көп пе? 

– 200 мың шоттың 198 мыңын жеке тұлғалар ашқан. Бұл ретте кейбір жеке инвесторлардың  әртүрлі ұйымдарда шоты барын ескеру қажет.  Сондықтан брокерлік шот ашқан жеке тұлғалар саны – 182 мың –Қазақстанның экономикалық белсенді халқының шамамен 2 пайызы ғана. Өзге елдермен салыстырсақ, бұл көрсеткіш аздау. 

Мәселен, Ресейде 13,8 миллионға жуық жеке шот ашылған. Бұл – экономикалық белсенді халықтың 18,3 пайызы. Дегенмен бұл санға тереңірек үңілсек, Ресей Банкінің мәліметтері бойынша, жеке инвесторлар 60%-ның шот теңгерімі 0-ге тең. Яғни олар жай ғана есепшот ашып қойған,  онда ақша да, бағалы қағаздар да жоқ. Осы 60%-дан бөлек, қалған шоттың 19%-ында жатқан ақша 10 мың рубльден аспайды. Ресей Банкі бұл азаматтардың биржада сауда жасау қажет пе, жоқ па, оның пайдасы қандай деп сынап көру үшін ашылған деген болжам айтады. Енді осы деректерді ескере отырып, Ресейдің қор нарығында нақты сауда жасайтын бөлшек инвесторлар саны 13,8 миллионның 21%-ын немесе 2,9 миллионды құрайды деп тұжырымдауға болады. Бұл көрсеткіш – экономикалық белсенді халықтың шамамен 3,8 пайызы. 

Тағы бір мысал – Түркия. Статистикаға сәйкес,  бұл елдің қор нарығында Ресейдегіден де көп шот ашылған: 28 миллион жеке тұлға немесе экономикалық белсенді халықтың 45%-ы. Оның ішінде шотта ақшасы немесе бағалы қағазы бар инвесторлар саны шамамен 5 миллион немесе экономикалық белсенді халықтың 8,1 пайызын құрайды.

– Қазақстанда жеке инвесторлар саны қаншалықты көбеюі мүмкін?

– Өсім әлеуеті халықтың әл-ауқатына, яғни бізде жинақ ақшасы бар және оны қор нарығына салуға дайын қанша адам шығарына байланысты. 

Орталық депозитарий мұндай статистика жүргізбейді. Дегенмен,  менің ойымша,  жинақтау деңгейін айғақтайтын факторлардың бірі – адамдардың  зейнетақы жинағы. БЖЗҚ шоттарында жеткілікті шектен асатын жинағы бар адамдарға назар аудару керек. Дәл осы санаттағы азаматтардың инвестициялайтын жинағы болуы мүмкін. БЖЗҚ-ға қайта келер болсақ, жыл басынан бері зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу немесе оларды жеке басқарушы компанияларға беру туралы 430 мың өтініш (зейнетақы жинақтары кейін БЖЗҚ-ға қайтарылғандарды есепке) келіп түскен. Яғни, жеке инвесторлар қатарының көбеюіне әлеует жеткілікті және ол қазіргі көрсеткіштен кем дегенде екі есе көп.

– Ал жеке инвесторлар қатарының артуына не кедергі? 

– Бұл жерде негізгі 3 себепті айтар едім. Біріншіден, халықтың инвестициялық сауат деңгейі. Депозитпен салыстырғанда бағалы қағаздар тәуекелі  жоғары. Егер адам бағалы қағаз нарығына инвестиция салғысы келсе, оның инвестиция саласындағы білімі тереңірек болуы керек. Екіншіден, халықтың әл-ауқат деңгейі мен өз жинағын қор нарығына салғысы келетін азаматтар саны. Үшіншіден, қазақстандықтардың тәуекелге қаншалықты бел буатыны да әсер етеді. Қазіргі кезде банктер теңгедегі депозиттерге екі таңбалы табыс мөлшерлемесін ұсынады, оған қоса ҚДКБҚ мемлекеттік кепілдік береді. Теңгедегі депозиттердің сыйақысы адамдардың тәуекел-тәбетін тойдыруға жеткілікті болып тұрған кезде, біздің азаматтар бағалы қағаздарға инвестиция салуға үлкен  құлшыныс танытпайды. 

– Ретейл-инвесторларды қалай тартуға болады?

– Бөлшек сауда базасы тез өсуі үшін тиісті ынталандыру шаралары қолға алынып, қолайлы  жағдай жасалуы тиіс. Мәселен, Ресейде депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі төмен, сондай-ақ бөлшек сегментте брокерлік қызмет жүзеге асыратын банктердің белсенділігі жоғары болды.
Қазақстан жағдайында Халықтық IPO форматындағы жекешелендіруді одан әрі жалғастырса,  жақсы ынталандырар еді. Қор нарығына клиентері көп ірі банктерді тарту де  жеке инвесторлар санының артуын қамтамасыз ете алар еді. 

– Ал резидент емес жеке инвесторлардың белсенділігін қалай бағалайсыз?

– Егер бейрезиденттерді бөлшек және институционал инвестор деп бөлмей, тұтастай қарастырсақ, олардың KASE акциялар нарығы брутто-айналымындағы үлесі  – жалпы келісім көлемінің 5,3%-ын құрайды. Бейрезиденттерге мемлекеттік емес облигациялар нарығындағы мәмілелердің шамамен 6,7%-ы, ал мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы 7,8%-ы тиесілі.

Егер бейрезиденттердің жеке шоты мен қосалқы шоттарындағы бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты қарар болсақ, МБҚ нарығына шамамен 800 млрд теңге келеді. Соңғы бірнеше айда бұл көрсеткіш біздің нарық үшін рекорд болып отыр. МБҚ-ның басым бөлігі резидент емес заңды тұлғалар қолында – шамамен 650 млрд теңге, шетелдік депоненттердің үлесі – 150 млрд теңге. Бейрезидент жеке тұлғаларға тиесілі үлесі – 130 млн теңге.
Квазимемлекеттік сектор облигациялары бойынша да көрсеткіш осындай. Бұл нарық көлем МБҚ-ға қарағанда бірнеше есе аз екені рас.  Бейрезидентерде 200 млрд теңгеге жуық қаражат бар. Шетелдік депоненттердің  қолындағысы – 180 млрд теңге. Тағы 22 млрд теңге бейрезидент заңды тұлғаларда, ал 188 млн теңге ғана жеке тұлғалардың қолында.

Осы көрсеткіштерді ескере отырып, бейрезиденттердің Қазақстанның қор нарығына әсері мен белсенділігі төмен деуге болады.  Дегенмен, қазірдің өзінде шетелдік портфельдік инвестициялар өсімінің оң серпінін, сондай-ақ МБҚ нарығында бейрезиденттердің сұранысы жоғары  екенін байқап отырмыз.

Оған себеп –  бір жағынан  Clearstream-ның 2020 жыл ортасында DVP (төлемге қарсы жеткізу) жүйесін енгізу арқылы резидент еместерге қазақстандық МБҚ нарығына енуді жеңілдетті.   Екіннші жағынан, Ұлттық Банк орталық банкпен бірлесіп, бейрезиденттер мен квазимемлекеттік сектордың облигацияларына қатысты осындай желі ашу үшін Clearstream-мен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл МБҚ нарығында ғана емес, квазимемлекеттік сектор облигациялары нарығында да шетелдік портфель инвестицияларының өсуіне ықпал етуі мүмкін.

v-kazaxstane-mozhet-poyavitsya-kak-minimum-vdvoe-bolshe-roznichnyx-investorov.jpg

– ҰБ мен KASE соңғы екі жылда Орталық  депозитарий базасында жеке тұлғаларға арналған маркетплейс жасалатыны жайлы бірнеше рет хабарлады. Осы бастама туралы толығырақ айтып беріңізші.

– Бірінші кезекте  нарықтың кәсіби қатысушыларына АЖ/ТҚҚ негізінде клиенттерді сәйкестендіру және тексеру қызметін ұсынғымыз келеді. Қазір біз ОД дерегін мемлекеттік деректер базасымен біріктіріп жатырмыз. Екеуін біріктірсек,   брокерлердің клиенттері жайлы  мәліметтерін мемлекеттік деректер базасымен салыстырып, тексере аламыз. 

Келесі кезеңде  KASE-мен бірлесе маркетплейс іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұнда брокерлік шарт, инвестициялық портфельді басқаруға арналған шарт жасасуға немесе инвестициялық қор пайларын таңдауға болады.

– Бұл бастама қалай жұмыс істейді?

– Негізгі идеясы – жеке тұлғалардың брокерлермен шарт жасасуына мүмкіндік беру. Бұл үшін сізге жеке брокердің веб-сайтына кіру, қосымшасын жүктеу немесе кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Маркетплейс арқылы қажетті брокерді таңдап, сол жерде шарт жасассаң, жеткілікті. Екіншіден, маркетплейс негізінде ұжымдық инвестиция нарығы өнімдерін бір жерге жинап, инвесторларға инвестициялық қор пайларын сатып алуға мүмкіндік беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда, мұндай нарықтың қалыптасуы кәсіби ойыншыларымыз үшін қосымша клиент тарту арнасына айналады деген үміттеміз. 

– Маркетплейс жеке бизнес саласындағы бәсекелестікті тежемей ме?

– Егер жеке бизнес осындай агрегаторды өзі құруды қолға алса, біз маркетплейс жасамас едік. Біздің жоспарымызда жеке бизнеспен бәсекелес болу жоқ.

Бұл бастаманы брокерлермен талқылап, олардың тарапынан қолдау тапты. Қазір брокерлер клиенттерді идентификациялау мен  тексеруге үлкен шығын шығарады. ОД клиенттік базасының ауқымын, сондай-ақ Брокерлермен салыстырсақ, мемлекеттік деректер базасына қосылу мүмкіндігін ескере отырып,  бізге оны жүзеге асыру оңайырақ.  Бұл қызмет нарықта сұранысқа ие болып, жеке сектормен еш бәсекелеспейді деген ойдамын.

– Орталық депозитарийдің алдағы уақытқа жоспары қандай? 

– Келер жылы  жүзеге асыратын жобалар туралы айтар болсақ, бұл – биржадан тыс нарыққа арналған Сауда платформасы. Қазір мұндай орталықтандырылған платформа жоқ. Алайда оған сұраныс пен қажеттілік бар, өйткені барлық бағалы қағаздар қор биржасында айналмайды. Бірінші кезекте тек брокерлер, екінші кезеңде жеке инвесторлар платформада тікелей сауда-саттық жасай алады. Бұл биржадан тыс платформаның биржаның сауда жүйесінен басты айырмашылығы – онда тек биржаға мүше брокер арқылы сауда жасай аласыз.

Келер жылы инвесторларға арналған валюта айырбастау сервисін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, шетелдік инвестор қазақстандық бағалы қағаздарды сатып алғысы келеді делік. Ол үшін оған шетел валютасын теңгеге айырбастау керек. Инвестор валютасын айырбастау банкке үшін жүгінеді, ал бұл – уақытты алады және қосымша шығын. 

Ал біз мынандай мүмкіндік бергіміз келеді: егер шетелдік инвестор немесе брокер бізге келіп, шотты ЦД-да тікелей немесе брокер арқылы ашса, онда оған бірден ЦД арқылы доллар айырбастау мен  бағалы қағаздарды сатып алуға мүмкіндік беріледі. Немесе ол бағалы қағаздарын теңгеге сатып, оны ОД ішінде бірден долларға айырбастай алады. Біз жергілікті ойыншыларға да осындай қызмет ұсынғымыз келеді. Көбінесе  оларға валютаны банкте айырбастау ыңғайсыз, содан кейін ақша орталық банктегі шотқа аударылғанша күтеді. Ал жаңа жүйе бойынша бәрін  өте тез және бір жерде жасауға болады.

– Айырбастау операциялары қандай шарт пен жүйе бойынша жүзеге асырылады?

– Біз өз депоненттеріміз бен  олардың клиенттеріне SMA- (sponsored market access) негізінде Қазақстан қор биржасының валюта нарығы арқылы валюта айырбастау мүмкіндігін беруді жоспарлап отырмыз. Былай айтқанда, орталық банк депоненттерінде шетел валютасын терминал арқылы KASE-де тікелей сатып алу немесе сату мүмкіндігі болады. Бұл жағдайда мәміле міндетті алдын-ала жоспарлау схемасымен жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз, шетелдік валютаны сатып алу/сату алдында ОД клиенттері теңгенің/валютаның депозитарийдегі сауда шотында жатуын қамтамасыз етуі тиіс. ОД клиенттері үшін валютаны сатып алу және сату бағалы қағаздармен операция жүзеге асыру мақсатында ғана жүргізілетін болады.

– Орталық депозитарий осы бағытта ақша табуды жоспарлап отыр ма?

– Біз валюта айырбастағаны үшін комиссия аламыз. Бұл  алдағы 3-5 жылда осы қызметті іске қосу шығындарын, соның ішінде клиенттердің өтінімдерін автоматты режимде өңдеуге арналған бағдарламалық жасақтаманы, Биржаның мүшелік жарнасын, лицензиялық және техникалық алымдарды және т.б. төлеуге мүмкіндік береді.