Бес жылдан соң барлық мемлекеттік қызметтерді смартфоннан ала аламыз. Министр ұлттық цифрландыру жобасын түсіндірді
Елімізде «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» Ұлттық жобасы әзірленді. Оның мақсаты – елімізді заманауи мемлекетке айналдыру. Цифрлық трансформация арқылы тиімді мемлекеттік басқару, сенімді деректер негізінде шешімдер қабылдау, сондай-ақ цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 26 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.
Ұлттық жоба екі блокқа бөлінген. Біріншісі – цифрлық трансформация, ол:
• Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету;
• IT саласын дамыту;
• Халық үніне құлақ асатын және тиімді мемлекет құру;
• Қолайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолдану;
• Технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту;
• Сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарынан тұрады.
Екіншісі – ғылым:
• Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту;
• Ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
• Елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру;
• Ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру.
Министрдің мәліметінше, ұлттық жобаны іске асыру үшін 2,2 трлн теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген, оның ішінде 1,4 трлн теңге мемлекеттік бюджеттен, 800 млрд теңге жеке инвестициялар тартылады.
«5 минут ішінде көрсетілетін қызметтер» бағытын іске асыру шеңберінде процестер мен функциялардың цифрлық реинжинирингі жүргізіліп, кейіннен жүйелі түрде онлайн-форматта құрылады. Бұл мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті форматына көшуге мүмкіндік береді. Жеке қатысуды талап етпейтін қызметтер цифрлық форматта көрсетіледі. Мысалы, бір баспанадан екінші баспанаға көшу тек құқықты рәсімдеумен ғана шектеліп қоймайды, телефонды орнату, квитанцияларды өз атыңызға ауыстыру бар. Цифрлық қызметтер осы өмірлік жағдайға бейімделуі тиіс. Архитектура мен үрдістер клиенттік тәжірибе негізінде, сондай-ақ, мемлекеттік органның ғана емес, өмірлік жағдай тұрғысынан құрылады» деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу мақсатында бейне-ХҚКО енгізілмек.
Сондай-ақ, ХҚКО-лар сервистік модельге көшпек, яғни, операторлар консультация береді.
Министр IT-мамандар даярлау мәселесіне де тоқталды.
«ІТ-индустрияны дамыту үш элементтен тұрады – адами капиталды дамыту, жобаларды акселерациялау және қажетті қаржыландыруды қамтамасыз ету. Егер осы үш блок дұрыс жұмыс істесе, онда президенттің 2025 жылы экспортты 500 миллион долларға жеткізу туралы тапсырмасы орындалады. Адами капиталды дамыту бөлігінде «виртуалды мұғалім» деген ұғым енгізіледі. Біріншіден, бұл информатика және бағдарламалау бойынша тәлімгерлерге, әсіресе мұндай мұғалімдер жетіспейтін ауылдарға қатысты болады. Пилоттық жоба Шығыс Қазақстан облысының 150 мектебінде сәтті жүзеге асырылуда. Ол ел бойынша таратылмақ» дейді Бағдат Мусин.
Екі жыл ішінде жоғары білікті мамандар даярлауға қабілетті 20 инновациялық бағдарламалау мектебі құрылмақ. Елімізде осындай екі мектеп бар. Бүгінде түлектер Қазақстаннан жаһандық BigData компанияларында жұмыс істейді.
Министр ұлттық жоба аясында сапалы интернет және ақпараттық қауіпсіздік бағыты бойынша да іргелі шаруалар атқарылатынын айтты. Жоба аясында қалаларда интернет желісіне секундына 10 МБ жылдамдықпен қолжетімділік қамтамасыз етілмек.
«Қазіргі кезде 5163 ауылда және қалада интернет бар, бірақ 768 ауылда оның сапасы өте төмен. Қазіргі кезде интернеттің ең төменгі деңгейдегі көрсеткіштері белгіленді. Ол 3G үшін 1,5 МБ, 4G үшін 5 МБ. Осы параметрлерге сәйкестік бойынша тексерулер жүргізіледі. Биыл 400-ден астам тексеру жүргізіліп, 92 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Ал 3-4 айдан кейін тексеру барысында осындай жағдайлар қайталанса, айыппұл мөлшері екі есе ұлғаяды. Бүгінде айыппұл мөлшерін 100-ден 1000 АЕК-ке дейін көтері мәселесі қаралуда. Сондықтан операторлар интернет сапасын арттыру мақсатында бар күш-жігерін салады деп ойлаймыз» деді министр.
Ведомство басшысы 2025 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 100%-ы смартфонда қолжетімді болатынын да атап өтті.
«Мысалы, өкпе ауруын диагностикалау кезінде науқастың суретін түсіру жеткілікті болады. Оның деректері географиялық орналасуына қарамастан, маманға қолжетімді болады, тек елордада ғана емес, еліміздің кез келген өңірінен дәрігер тексеру нәтижелерін көре алады және диагноз қояды. Жасанды интеллект өзі талдау жасай алады және науқасқа ұсыныстар бере алады. Біз осындай технологияларды бес жыл ішінде енгізу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Оқу процесін цифрландыруға келетін болсақ, біз балаларды ауыр оқулықтарды көтеріп жүрмей-ақ, онлайн форматта – оқушының цифрлық портфелінде жұмыс істеуге мүмкіндік бермекпіз» деді спикер.
Онлайн оқыту форматына мәжбүрлі көшкеніміз инфрақұрылым мен цифрлық құралдардың осындай форматқа қаншалықты дайын екендігін көрсетті. Пандемия нәтижесінде туындаған жағдайды талдауды ескере отырып, көрсеткіш ретінде ұлттық жобаға мектептерді 100 Мбит/с төмен емес интернетпен қамтамасыз ету де енгізілді.