Қазақстанда қазан айында инфляция 0,7 пайызды құрады

Жарияланды
Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 8,2 пайызға қымбаттады

Бір айда (2021 жылғы қазан 2021 жылғы қыркүйекке) баға азық-түлік тауарларына – 0,7%, азық-түлік емес тауарларына – 1%, ақылы қызметтерге 0,5% жоғарылады.Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Бағаның өсуі жұмыртқаға – 7,2%, жаңа жиналған көкөністерге – 5,5%, құмшекерге, құс етіне – 1,4%-дан, картопқа – 1,2%, нанға – 0,7%, пастерленген сүтке – 0,6%, айранға, шошқа етіне, қарақұмық жармасына – 0,5%, шұжық, макарон өнімдеріне, ұнға 0,4%-дан байқалды. Бағаның төмендеуі жаңа жиналған жемістерге 1,5% тіркелді.

Баға өсімі автомобильдерге – 3,4%, тұрмыстық тауарларға – 1,1%, киім және аяқ киімге, фармацевтикалық өнімдерге 0,4%-дан құрады. Жазғы дизель отыны – 16,6%, баллондағы сүйытылған газ – 6,4%, ағаш – 2,6%, тас көмір – 2%, бензин 0,9% қымбаттады.

Баға деңгейі қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне, моншаға бару 1%-дан, денсаулық сақтау қызметтеріне – 0,5%, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтеріне 0,4% жоғарылады. Тұрғын үйді жалға беру үшін төлем 1,1% өсті. Қалааралық автобуспен жол жүру – 0,8%, таксимен жол жүру 0,6% қымбаттады, ал жолаушылар әуе көлігімен жол жүру 2,4% арзандады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр энергиясына – 1,1%, ыстық суға – 0,2% өсті, ал орталықтан жылыту 0,4% төмендеді.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағасының индексі халықтың жеке тұтыну үшін сатып алатын тауарлары мен қызметтері бағасының өзгеруін көрсетеді. Тауарлар мен қызметтер жиынтығына 508 позиция кіреді. Бағаны тіркеу меншіктің түрлі нысандарындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктеме жүйесі бойынша барлық облыс орталықтарында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгіленген шеңбері бойынша жүргізіледі. Біріктіру үшін пайдаланылатын салмақ жүйесі олардың шығыстары бөлігінде өткен жылғы үй шаруашылықтарын зерттеу материалдары негізінде есептеледі.

2021 жылғы қаңтардан бастап ТБИ–ді есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 39,1%, азық–түлік емес тауарлар – 29,6%, ақылы қызметтер 31,3% құрады.
 

Сондай-ақ оқыңыз