Қазақстанда инвесторларға қойылатын талаптар өзгерді. Оларға қандай талап қойылмақ?

Жарияланды
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік әлеуеті артып келеді

Қазір көптеген жобалар мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы жүзеге асып жатыр. Бұл мемлекет үшін де, бизнес үшін де тиімді болып тұр. Бұл бағыттың елімізде қолға алынғанына бес жыл толды. Осы уақыт ішінде экономиканың түрлі салаларында көптеген әлеуметтік, маңызды жобалар қолға алынды.

«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбай кез келген жоба қолға алынбас бұрын оған сараптама жасалып, артығы мен кемі таразыға тартылады дейді. 

«Биыл 9 айда құны 3,2 трлн теңге болатын 34 жоба келіп түсті. Сараптама нәтижесінде қаржы 738 млрд теңгеге дейін азайтылды. Демек, бюджетке түсетін жүктеме 76% төмендеді. Салыстыру үшін, биыл – 34 , 2018 жылы – 98, 2019 жылы – 151, 2020 жылы 77 жоба болды. Жобалар санының азаюы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантин шараларына байланысты болып отыр» деді спикер. 

Орталық мамандарды оқытумен де айналысады. 2015 жылдан бері 3 мыңға 
жуық маман оқудан өткен. Биыл пандемияға қарамастан 30 жуық семинар мен вебинарлар ұйымдастырылып, 204 маман өз біліктілігін шыңдапты. Олардың 123-і – мемлекеттік орган өкілдері және 81-і – бизнес-қауымдастық өкілдері. 

«Келесі жылдың қаңтар айынан бастап Азия даму банкінің қолдауымен бірқатар әкімдіктердің жауапты мамандары Ұлыбританияның халықаралық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мектебінде біліктіліктерін тегін арттыратын болады. Одан әрі аталған банкпен бірлесіп пилоттық өңір деп қарастырылып отырған Алматы облысында мектеп пен ауруханаларда энергия үнемдейтін жарықтандыруға және жылу сақтауға бағытталған жобалар іске асырылмақ. Егер олар оң нәтиже беріп, жақсы іске асырылса, ары қарай тираждау көзделген.  Соның негізінде ең алдымен ескі ғимараттарда аталған мәселелерді жоғары стандарттарға сәйкестендіру, екіншіден бұл мәселеге қатысты бюджетке түсетін салмақты 40%-ға дейін төмендету жүзеге асырылады» дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов.

2021 жылдың 9 айында МЖӘ орталығы ең алдымен халық үшін әлеуметтік-экономикалық тиімділік беретін жобаларды мақұлдаған. Олардың арасында алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беру үшін несиелеу жобасы да бар. Бұл мақсатқа бюджеттік несие есебінен 30 млрд теңге бөлінбек. Соның арқасында 9 373 азамат тұрғын үй жағдайын жақсартады деген болжам бар. Тағы бірі – аграрлық сала бойынша. 

«2022 жылы бюджеттік несие есебінен 70 млрд теңге көлемінде 2 400 агроөнеркәсіптік кешен мен АШТӨ субъектілерін, 400-ге жуық жаңа қарыз алушыларды қаржыландыру жоспарланған. Қаржы 3 млн га егіс алқаптарын қамтитын көктемгі егіс және күзде егін жинау жұмыстарына берілетін болады. «Түркістан қаласының шығыс айналма жолының құрылысы» жобасының негізгі мақсаты – транзиттік ағындардың көмегімен Түркістан қаласын айналып өтіп, транзиттік көліктің өтуін қамтамасыз ету» деді спикер.  

Ержан Сәрсенбай инвестордың зауыт салып, коммуникацияларды өз есебінен жүргізе отырып, МЖӘ тетігі шеңберінде шығындарды өтеуге үміттене алатынын айтады. Мұндай қайтару принципі жақында енгізіліпті. 

«Жеке меншік әріптестерге өз қаражатының кемінде 20%-ын міндетті түрде тарту талабы енгізілді. Бұл түзету бюджетке жүктемені төмендету, сондай-ақ инвестордың уәждемесі мен тәртібін арттыру мақсатында енгізілді. Жеке әріптесті анықтаудың жаңа тәсілі – аукцион енгізілді. Мысалы, мемлекеттік мекеменің бос пайдаланылмайтын алаңдары бар, олар бойынша мемлекет күтіп-ұстауға арналған шығыстарды көтереді. Бұл ретте, жеке тұлға осы алаңдарды белгілі бір қызмет түріне коммерциялық мақсаттарда пайдалана алады. Мемлекет аукцион өткізеді және осы алаңды жеке тұлғаға береді» деп түсіндірді спикер.  

Бюджетке жүктемені төмендету, сондай-ақ МЖӘ-ні мемлекеттік сатып алулардан ажырату мақсатында объектіні пайдалану кезеңі және инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу 5 жылға дейін ұзартылған. Оған мемлекеттік міндеттемелердің артуына әкелетін МЖӘ шарттарының талаптарын өзгертуге шектеу қойылған. Мемлекет халыққа жүктеме салуға дайын болмаған жерлерде – пайдалану есебінен өтелмейтін жобалар бойынша жеке әріптестің шығындарын толық өтеу енгізіледі – бұл ауруханалар, мектептер, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық нысандары.

Ержан Сәрсенбайдың айтуынша, барлық жобалар бірінші кезекте халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс.

«Бұл халықаралық тәжірибеде жиі кездеседі, яғни «people first PPP» немесе «МЖӘ адамдардың игілігі үшін». Енді бұл – МЖӘ жобаларын іске асырудың негізгі қағидаты. Бұдан басқа, МЖӘ жаңа белгісі енгізілді: МЖӘ жобасын іске асыру үшін жеке әріптес міндетті түрде инвестициялар салуы керек. Бұрын жобаны өз салымдарынсыз іске асыруға болатын, енді жеке әріптес жаңғырту, салу, цифрлық платформалар мен жабдықтарды енгізу арқылы жобаға міндетті түрде инвестиция салуы тиіс. «Саннан сапаға» көшу үшін көптеген өзгерістер енгізілді. Ел басшылығы тарапынан алғашқы жылдары барлығы орталық аппаратта да, өңірлерде де сандық көрсеткіштерге ұмтылды деген дұрыс сын айтылды. Енді жобалар аз болсын, бірақ олар ірі және жақсы болады. Сонымен қатар, инвестициялық климатты жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз» деп түйіндеді спикер.  

2020 жылы бюджеттік инвестициялар есебінен жалпы құны 580 млрд теңге болатын 532 жоба іске асырылды. Бұл негізінен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңарту және салу жөніндегі жобалар. 2 900 км сумен жабдықтау желілері жаңартылып, салынды.  

1 400 шақырым газбен жабдықтау желілері, 12,5 мың шақырым кәріз желілері, 246 шақырым жол реконструкцияланған. Сондай-ақ, 390 мың шаршы метр тұрғын үй ғимараты, 100 төсек-орындық онкологиялық емхана мен орталық аудандық аурухана және басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бой көтерген. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде барлығы 8 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, жаңалары ашылды.
 

Сондай-ақ оқыңыз