2021 жылдың III тоқсанында Twitter, Pinterest және Facebook-тің бағалы қағаздары 4%-дан бастап 36%-ға дейін арзандаса, ал Snapchat акциялары 9 ,2%-ға қымбаттаған. Осы жолы әлеуметтік желілер бағалы қағаздарының динамикасы және қаржы нәтижесі туралы айтып өтеміз.
Жақында Twitter III тоқсандағы қаржы есебін жариялады. Компания 2020 жылдың III тоқсанында 28,7 миллион доллар пайда тапса, биыл үшінші тоқсанды 536,8 миллион доллар таза шығынмен жапты. Былтыр бір акция 0,04 доллар пайда әкелсе, биыл, керісінше, бір акция $0,67 шығын келтірген.
CNBC-дің хабарлауынша, есептік тоқсандағы шығынға Twitter-ге қатысты сот шешімі әсер еткен. Қыркүйек айының соңында компания өздеріне қатысты ұжымдық шағым бойынша 809,5 миллион доллар төлеуді ұсынған. Бұл шағымда инвесорлар компанияны пайдаланушы тарту көрсеткіштерін шынайы көрсетпейді деп айыптаған. Талапкерлер «егер инвесторлардың желіні пайдаланушыларға қатысты толық және нақты ақпараты болса, онда олар Twitter-дің өсімі мен кірісінің баяулап қалғанын алдын ала білер еді» деп тұжырымдайды.
Жоғарыда айтылған шығынға қарамастан, Twitter-дің жалпы кірісі 1,284 миллиард долларды құрады. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 936,2 миллион доллар болған еді (өсім +37%). Сарапшылардың болжамы нақты көрсеткіштермен сәйкес келіп, $1,285 млрд-қа тең болды.
Snap және Facebook-ке қарағанда, жеткізу тізбегіндегі әлемдік проблемалар Twitter-дегі жарнамаға деген сұранысқа әсер етпеді, өйткені компанияның 2021 жылғы жарнамадан түскен кірісінің 50%-дан астамы қызмет мен цифрлық тауарларға қатысты болады. Уолл-стрит сарапшылары Twitter жарнамасынан түсетін кіріс жыл сайын және III тоқсанда төмендейді, содан кейін IV тоқсанда номиналды өсім көрсетеді деген болжам жасаған.
The Wall Street Journal жазуынша, Американың технологиялық компаниялары, арасында Twitter де бар, Гонконг Үкіметіне «егер билік деректерді қорғау туралы заңды өзгерту жоспарын жүзеге асыруды жалғастырса, аймақтық қызметтерді ұсынуды тоқтататынын» ескерткен.
Сәуір айында Bloomberg агенттігі Twitter-дің дауыстық байланысқа негізделген әлеуметтік желіні сатып алу туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл қосымшаны 2020 жылы Alpha Exploration іске қосқан. Алайда келесім әзірге тоқтап тұр. Ақпан айында Clubhouse WhatsАpp пен Facebook-тан кейін ең көп жүктелген қосымша қатарынан табылды.
Investing мәліметтері бойынша, Twitter қағаздары (тикер – ЛБВТР ) 2021 жылдың III тоқсанында, 1 шілде мен 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін NYSE-де – 11,3%-ға, яғни, 68,11 доллардан $60,39-ға дейін арзандаған. Дегенмен, бір жыл ішіндегі өсім $39,47-ден $55,11-ге дейін – 39,63%-ды құраған. Ағымдағы капиталдандыру $44,07 млрд жеткен. CNN Business сауалнама жүргізген 38 инвестициялық сарапшының консенсус-болжамы бойынша, компания қағаздарын әлі де ұстап тұруға болады.
Америкалық Snap Inc. компаниясы Snapchat мессенджері, сондай-ақ spectacles ақылды көзілдіріктері, Bitmoji және Zenly қызметтеріне иелік етеді. 2011 жылдың қыркүйегінде Snapchat Inc ретінде құрылған, 2016 жылы атауы өзгерді.
Қаржы есебіндегі деректеріне сәйкес, III тоқсанның таза шығыны $72 млн құраған, бұл көрсеткіш былтырғыдан 64%-ға аз. 2021 жылдың III тоқсанында Snap компаниясының кірісі 57%-ға артып, 1,06 млрд доллардың құраған.
Snapchat-ты күн сайын орта есеппен 306 миллион адам пайдаланады, былтырғы көрсеткіштен 57 миллион немесе 23%-ға артық. Күнделікті белсенді пайдаланатындардың қатары төрт тоқсан сайын 20%- асып отырды. АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Франция және Нидерландының 13-34 жас аралығындағы тұрғындарының 75%-дан астамы Snapchat қолданады.
Компания басшылығының айтуынша, осы тоқсанда Snap өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өткен. Компания қазір кедергілерді, соның ішінде iOS платформасындағы жарнамалық бағытқа әсер ететін өзгерістерді, сондай-ақ жаһандық жеткізілім тізбегі мен жұмыс күші жетіспеуін жою бағытында жұмыс істеп жатыр.
Компания болжамы бойынша, 2021 жылдың IV тоқсанында $1,17 млрд – $1,21 млрд аралығында табыс табуы ықтимал.
Қазан айының ортасында Snap Inc. Google Pixel 6-да Quick Tap to Snap (жылдам теру) деп аталатын жаңа функция қосылатынын хабарлады, ол жыл соңына дейін іске қосылуы тиіс. Snap Snapchat-тың телефондағы камера режиміне арналған жаңа нұсқасын жасады.
2021 жылдың III тоқсанында компания қағаздары NYSE-де (тикер-SNAP) сауда-саттық жабылғаннан бастап, 2021 жылдың 1 шілде мен 30 қыркүйек аралығында 9,2%-ға, яғни, $67,66-дан $73,87-ге дейін өсті. Бір жыл ішінде өсім 32,34%-ды құраған. 1 қарашада сауда-саттық жабылған кезде акция бағасы $40,79-дан $53,98-ға дейін өсті. Ағымдағы капиталы $86,9 млрд құрады, CNN Business сауалнама жүргізген 40 инвестиция сарапшысы 2021 жылғы қазандағы консенсус-болжам бойынша, компания қағаздарын сатып алуды ұсынады.
Үшінші әлеуметтік желі – Pinterest. Ол пайдаланушыларына онлайн режимде сурет қосу, тақырыптық жинақтарға орналастыру және оларды басқа пайдаланушылармен бөлісуге мүмкіндік беретін фотохостинг. Әлеуметтік желі 2010 жылдан бері жұмыс істейді.
Pinterest 2021 жылдың III тоқсанына арналған есебін әлі жариялаған жоқ. Уолл-стрит III тоқсандағы кірісі 43 пайызға өседі деген болжам жасаған, ал акция бойынша түзетілген табыс жылдық көлемде 77 пайызға артуы мүмкін.
II тоқсан қорытындысы бойынша компания $613 млн мөлшерінде кіріс кіргені туралы есеп берген, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырсақ, 125%-ға артық.
Жақында PayPal төлем жүйесі Pinterest-ті өзіне қосып алғысы келетіні белгілі болды. Келісім жасалса, бір акция 70 долларда сатылуы мүмкін деген еді, бұл алдыңғы сауда-саттың соңындағы баға – 55,58 доллардан 25%-ға артық. Алайда кейінірек PayPal әлеуметтік желіні сатып алатыны жайлы қауесетті жоққа шығарған.
Pinterest (тикер – PINS) қағаздары 2021 жылдың III тоқсанында сауда-саттық жабылғаннан бастап, 2021 жылдың 1 шілдесі мен 30 қыркүйегіне дейін 36,2%-ға, яғни, $79,86-дан $50,95-ға дейін арзандады. Бір жыл ішінде акциялар 22,47%-ға, 1 қарашада сауда-саттық жабылғанда акция бағасы 58,38 доллардың $45,26-ға дейін төмендеді. Ағымдағы капиталдандыру $29,18 млрд құраған, 2021 жылғы қарашадағы консенсус-болжам бойынша, CNN Business сауал тастаған 32 инвестициялық сарапшы компания қағаздарын ұстай тұруды ұсынады.
Соңғы әлеуметтік желі – Meta Platforms Inc иелік ететін Facebook.
Әлеуметтік желі негізін қалаушы Марк Цукерберг Facebook Connect 2021 конференциясында компанияның атауы Meta Platforms Inc деп өзгеретінін хабарлады. Оның акциялары 1 желтоқсаннан бастап MVRS тикерімен саудаланады. Компания пайдаланушы өмір сүріп, жұмыс істеп және демалатын виртуалды әлем – «Мета-ғалам» құруға тырысады. Компания басшылығының айтуынша, 10 жыл ішінде «Мета-ғаламды» пайдаланушылар саны 1 млрд жетеді.
III тоқсан қорытындысы бойынша Facebook шамамен $9,2 млрд көлемінде таза пайда тапқан. 2020 жылдың сәйкес кезеңінен салыстырсақ, 17%-ға артық. Ол кезде компания шамамен $7,8 млрд пайда тапқан еді. Әр акция әкелген пайда $2,71-ден $3,22-ге (өсім +19%) дейін өсіп, Refinitiv сарапшыларының болжамынан да асып түсді. Компанияның жалпы кірісі жылдық мәнде $21,47 млрд-тан $29,01 млрд-қа дейін, 35%-ға өскен, бұл көрсеткіш сарапшылардың болжамынан $29,57 млрд-қа аз.
2021 жылдың қыркүйегіндегі дерек бойынша, Facebook-ті күнделікті белсенді қолданушылар саны – орта есеппен 1,93 млрд. Былтырға қарағанда 6%-ға өскен. Ал ай сайынғы белсенді қолданушылары биыл 30 қыркүйекте 2,91 млрд (өсім +6%) болған.
III тоқсанда компания А класындағы жай акцияларн $14,37 млрд-қа сатып алды, есепті тоқсанның қорытындысын жариялағанда акция сатып алу рұқсатын $50 млрд-қа өсіретінін хабарлады.
Компания болжамы бойынша, IV тоқсандағы табыс $31,5 млрд-тан $34 млрд-қа дейін жетеді. CNBC хабарлағандай, компания басшылығы келер жылы Facebook TikTok-пен тікелей бәсекелесетін толық экранды бейне мүмкіндігіне көбірек көңіл бөлу үшін, айтарлықтай өзгерістер енгізебек. Бұл жаңалық Facebook пен Instagram-ды 18-29 жастағылар үшін тартымды ете түседі.
Facebook Inc. немесе қазіргі Meta Platforms Inc (тикер – FB) акциялары 2021 жылдың III тоқсанында NASDAQ биржасында 4,2%-ға, 354,39-дан 339,39 долларға дейін арзандады. Алайда жылдық мәнде бір 26,25%-ға, 1 қарашадағы сауда-саттық жабылғанда, $261,36-дан $329,98-ге дейін қымбаттаған. Ағымдағы капиталы $917,92 млрд құрады. 2021 жылдың қараша айында CNN Business сауалнамасына қатысқан 53 инвестициялық сарапшының консенсус болжамына сәйкес, компания акцияларын сатып алу ұсынылады.