Қазақстан электр энергиясын Ресейден арнайы тарифпен сатып алмақ

Жарияланды
Импорт алдағы 3-5 жылға созылуы мүмкін

Қазақстан электр қуатын шамадан тыс пайдаланаты сағаттарда, электр тапшылығы туындаса, оны Ресейден коммерциялық бағада сатып алмақ. Қарашадан бастап тоқ айына 300-400 МВт көлемінде жеткізіле бастауы мүмкін. Қазақстанның энергожүйесіндегі қордаланған түйкілдерді ескерсек,  электр энергиясын Ресей Федерациясынан импорттау бір реттек шара болмай,  алдағы 3-5 жылға созылып кетуі мүмкін.

Қазақстан биыл күз бен қыста электр қуаты тапшылығын сезіне бастады.  «Елімізде қарбалас уақытта қуат тұтыну көлемі былтырғы көрсеткіштен 1000-1500 МВт-тан асып кетті»  делінген KEGOC-тың ресми хабарламасында.

Тамызда «Самұрық-Энерго» биылғы жылыту кезеңінде қуат резерві жетіспеуі салдарынан тоқ беруді шектеуі мүмкін екенін ескертті. (ол ҚР электр энергиясының 31%-на дейін өндіреді).

Ал «KEGOC» АҚ қуат тапшылығына  қазіргі уақытта цифрлық майнингпен айналысатындардың энергияны тұтынуы  күрт өскені (1000 МВт-тан жоғары) ықпал етті деп тұжырымдайды. Олар Алматы облысын толық қамтитын қуат көлемін тұтынады екен. 
Мұндай жағдайларда KEGOC цифрлы майнингпен айналысатындарды қуат көзінен айыратынын да жоққа шығармайды (қазір заңнамаға тиісті түзетулер қарастырылып жатыр).

Бұдан бөлек, 14 қазанда KEGOC Екібастұз МАЭС-1 және Екібастұз МАЭС-2-де қуаты 500 МВт-тық ірі энергия блоктары бірнеше сағат  авариялық түрде ажыратылғаны хабарлады. Сондай-ақ, «ЕЭК» АҚ электр станциясындағы қазандық генерациясының көлемі 150 МВт-қа төмендей отырып, авариялық түрде тоқтатылған. Осы ретте  оператор осы авариялық ажыратулар апаттың жүйелі  түрде қайталанып отыруына әкеп соғуы мүмкін деп ашық мойындады. 

Қазақстан электр станцияларының көпшілігі ескі, көбінің жұмыс істеп тұрғанына жобалық қызмет ету мерзімі – 40 жылдан асып кеткен. ЖЭО-ның кемінде үштен бір бөлігі 75 пайызға тозып тұр. 

Жеткізу  құны қымбат

Электр энергиясын шамадан тыс пайдаланатын сәттерде өндіріс пен тұтыну арасындағы теңсіздік Ресей Федерациясынан келетін  электр энергиясымен теңестірілмек. «Интер РАО» Басқарма мүшесі Александра Панина өткен аптада ҚР мен РФ энергожүйесі қатарлас жұмысы жөніндегі мемлекетаралық келісім шеңберінде ресейлік трейдер Қазақстанға шамамен 400 МВт жеткізетінін  хабарлады.

Осыдан біраз уақыт бұрын РФ Энергетика министрі Николай Шульгинов Қазақстанмен келісілген кестеден тыс ауытқу 1-1, 5 ГВт-қа жететінін растады. Мәселе мынада, мұндай ағын Қазақстан тарапының  ескертуінсіз айналады екен. Сондықтан Ресей тарапы осы қуаттың бір бөлігін (Панинаның айтуынша, шамамен 300-400 МВ) коммерциялық негізде жеткізгісі келеді.

2020 жылы KEGOC РФ-дан келген электр энергия ағымына өтемақы ретінде «Интер РАО»-ға әр кВт-сағ үшін 15,03 теңгеден, 16 млрд теңге (2019 жылмен салыстырғанда 8,2%-ға артық) төледі. 2015 жылдан 2019 жылға дейін KEGOC-тың бұл шығыны екі есе  – 8,3- миллиардтан  14,8 млрд теңгеге дейін өсті. Ал ел ішінде жарық аз тұтынылатын сағатттарда, Қазақстан электр қуатының әр кВт-сағатын Ресейге 4,79 теңгеден сатады.

Енді «Интер РАО»  осы  энергияның бір бөлігін коммерциялық негізде экспорттағысы келетіндіктен,  бағасы 15 теңгеден де  қымбаттайды деген болжам бар. 

«Әңгіме нарықтық баға белгілеу қағидаттары негізінде құрылатын коммерциялық шарт туралы болып отыр»  дейді «Интер РАО» өкілдері. 

ҚР Энергетика министрлігі «Курсив» сауалына қазіргі уақытта «Интер РАО» мен «Самұрық-Энерго» қазақстандық  тұтынушыларға электр энергиясын сататын бірлескен кәсіпорын құру туралы келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. 

Электр энергиясы сауда-саттығын Қазақстан электр энергия және қуаты нарығының операторы (КОРЭМ) алаңында өткізу жоспарланған. КОРЭМ сайтында хабарланғандай, 15 қазанда олар бір айлық жеткізілімге пилоттық сауда-саттық ұйымдастырған, алайда оның нәтижесі ашылмай тұр.  Энергетика министрлігі сатып алушылар ретінде тек майнингпен айналысатын компанияларды тіркегенін айтты. Ал «Курсив» электр энергетикасы қауымдастығы және блокчейн, деректер орталығы индустриясы өкілдерімен сөйлескенде, коммерциялық электр энергиясын жеткізу тек майнинг-компанияларға  арналғаны расталмады. 

Кінәлілер табылды ма?

2021-2027 жылдарға арналған энергобаланс болжамы Қазақстанда қуат тапшылығы тек 2023 жылы орын алатынын байқатады. Алайда, электр станцияларындағы ағымдағы апат пен  майнинг компанияларының тоқ көзін шамадан тыс тұтынуы – қазірдің өзінде  қарбалас кезде электр қуаты тапшылығын тудырып  жатыр.

Қазақстанда қысқа мерзімде іске қосылатын (газтурбиналық электр станциясы үшін 15–20 минут, су электр станциясы үшін –  екі минут) және апатты уақыттарда электр энергиясына деген қажеттілікті өтейтін икемді генерация жеткіліксіз.
Қазақстан электр энергетика қауымдастығының мәліметтері бойынша, электр жүйесі кем дегенде 1–1,5 ГВт жаңа маневрлік қуатты қажет етеді.

Әзірге электр тапшылығына кінәлілер – майнингпен айналысатын компаниялар болып тұр. Алайда тәуелсіз сарапшылар жауапкершілік жүйе операторы мен Энергетика министрлігінің мойнында деп есептейді.

«KEGOC» АҚ болашақта қуат тапшылығы туындайтынын жақсы түсінсе де,  майнинг-фермалардың іске қосылуына техникалық рұқсат бере берді» дейді «KEGOC» АҚ-ның бұрынғы президенті Әсет Наурызбаев.

Егер электр өндіруші компаниялар алдағы уақытта  электр өндіру қуатын (шамамен 1,5 ГВт қажет) арттырмаса,  электр қуаты жаппай қолданылатын сағаттарда тоқ жетіспеуі 2025-2026 жылдарға дейін жалғасуы мүмкін. Икемді генерация құрылысының аукционы биыл жыл соңына жоспарланған, егер ол салынса, алдағы 2-5 жылда энергожүйені 1,1 ГВт-пен қамтамасыз етпек. 

2021–2027 жылдарға арналған қуат балансында 2027 жылға қарай электр энергиясы тапшылығы 1,5 ГВт-қа дейін біртіндеп артады деп көрсетілген. Егер жоспарланған инвестициялық жобалар орындалмаса және икемді генерация аукционы өтпесе, қуат тапшылығы мен қажет кезде  жарықсыз қалу қауіпі арта түседі. 

Сондай-ақ оқыңыз