Кредит рәсімдер алдында нені ескеру керек? Агенттік өкілі түсіндіріп берді

Жарияланды
«Тартымды жарнамаға сеніп, кредит алуға асықпаңыз»

Түрлі мониторингтік сайттар мен агенттіктер, сенімді дерек көздері ай сайын жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың несие алу көрсеткіші өсіп жатқанын жария етіп жатады. Осы орайда «кредит алар кезде не нәрсеге сүйену керек», «қандай деректерді білген жөн» деген сауалдарға да жауап беріп алу артық етпесе керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев жақында Inbusiness.kz порталына  берген сұхбатында осы мәселелерге кеңінен тоқталады. 

Сарапшы бірінші кезекте кредитті қалай дұрыс пайдалану, кредит шартына қол қою кезінде неге көңіл аудару және қаржы институтымен қалай өзара іс-қимыл жасау керек екеніне назар аударады. 

«2020 жылдан бастап агенттікке азаматтардан 34 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың көпшілігі – 70%-ға жуығы банк секторына қатысты. Мұндай өтініштердің 67%-ында азаматтар қаржылық реттеушіге кредиттер бойынша мерзімін кешіктіру, қарыздарын қайта құрылымдау мәселелері бойынша жүгінді. Осыған байланысты мынаған назар аударғым келеді: кредит ыңғайлы қаржы құралы болғанына қарамастан, оны дұрыс пайдалана білу керек және оны жобалауға жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан қарыз алу туралы шешім қабылдағанда мұқият болу қажет, өйткені шартқа қойған қолыңыз оның барлық талаптарымен автоматты түрде келісетініңізді білдіреді» дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, ескі несиені жабу үшін жаңасын рәсімдеудің қажеті жоқ. Клиент алдымен барлық тәуекелдерді салмақтап алуы тиіс. 

«Ай сайынғы төлем кірістің 50%-ынан аспайтын болса ғана қарыз деңгейі қауіпсіз болып саналады. Кредит бойынша ай сайынғы төлемді төлегеннен кейін сізде ағымдағы шығындар мен жеке қажеттіліктерді өтеуге қаражат қалуы керек. Қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыру, яғни күтпеген жағдайға ақша қалдырып қою өте маңызды. Ол кем дегенде алты айлық жалақы немесе одан көп болуы керек. Сона ғана сіз, мысалы, уақытша жұмыссыз қалсаңыз, кредит бойынша өз міндеттемелеріңізді уақтылы орындай аласыз. Тартымды жарнамаға сеніп те кредит алуға болмайды. Екінші деңгейдегі банктердің сайттарына немесе мобильді қосымшаларына мониторинг жүргізіп, олардың кредиттік өнімдерін талдаңыз. Клиенттердің пікірлерін, банктің көрсеткіштері туралы қаржылық мәліметтерді оқып шығыңыз, оның беделі туралы мәселені анықтап алыңыз. Банк ұсыныстарымен мұқият танысып, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) қандай екенін біліңіз. ЖТСМ – бұл жылдық мәнде сіздің барлық артық төлеміңіздің сомасы және ол неғұрлым төмен болса, сіз үшін кредиттеу талаптары соғұрлым тиімді болады. ЖТСМ туралы ақпаратты, сондай-ақ кредитті өтеу әдістері туралы ақпаратты банк қарыз шартына қол қойғанға дейін қарыз алушыға хабарлауға тиіс. Банктердің қарыз талаптарына қатысты толық ақпаратты ашу міндеті заңнама түрінде көзделген. Яғни, банк шарт жасасқанға дейін сізде туындаған барлық мәселе бойынша кеңес беруге міндетті» дейді сарапшы. 

Александр Терентьевтің айтуынша, банктердің барлығы дерлік несиені өтеу бойынша аннуитеттік әдісті ұсынады. Ол әдіс бойынша – кредиттің бүкіл мерзімі ішінде қарыз алушы ай сайын тең төлемдерді төлейді және негізгі борыш өсу бойынша өтеледі. Сондай-ақ, сараланған әдіс бар, онда негізгі борыш біркелкі өтеледі, бірақ төлемдер сомасы азаяды. Бұл әдісті таңдаған кезде отбасының жалпы табысы аннуитетке қарағанда ширегінен көп болуы керек. Өтеу әдісін таңдау қарыз алушының қалауына ғана негізделмейтінін атап өткен жөн, себебі ол сұратылған қарыздың өлшеміне және қарыз алушының оны ай сайын өтеуінің қаржылық қабілетіне де байланысты.

«Банк менеджерінен қарызды ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу талаптары қандай екенін, атап айтқанда айыппұлдар мен артық төлемдерсіз кез келген кезеңде мерзімінен бұрын өтеу мүмкіндігі бар-жоғын нақтылаңыз. Банк заңнамасына сәйкес банктер негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін: бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін және бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін айыпақыны немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін өндіріп алуға құқылы емес. Бұл ретте сіз банкке пайыздарды кредитті пайдаланудың нақты күндері үшін ғана төлейсіз. Егер бір нәрсе түсініксіз болса, банк менеджерінен сұраңыз, мүмкіндік болса, заңгермен кеңесіңіз» дейді Терентьев. 

Егер қарыз алушы өзінің міндеттемелерін орындай алмайтын болса, онда бірінші кезекте ол кредиторға өтініш беруге тиіс. Ешбір жағдайда ол туралы ұмытады деп банктен жасырынуға болмайды дейді сарапшы. 

«2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредиттік ұйымдардың (банк немесе микроқаржы ұйымы) қарыз алушылар-жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі жұмыс істейді. Мәселен, кредиторлар туындаған кешіктірулер туралы қарыз алушыны ол басталған сәттен бастап 20 күннің ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар, сондай-ақ туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттігі туралы азаматтарды хабардар етуге, олардың өздеріне жүгіну құқығы және кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс. Егер сізде банктік кредит бойынша мерзімі өткен берешек болса, сіз мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе шартта көрсетілген басқа тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін қызмет көрсететін қаржы институтына жүгінуіңіз керек» дейді ол. 

Клиент несиесін өтей алмаған жағдайда, оның себептерін ашық дәлелмен (құжаттармен) көрсетуі керек. Содан кейін міндеттемеңізді орындауға қатысты өз ұсынысыңызды беруге құқылысыз. Мысалы:  

•    Сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгертуді; 
•    Төлемді кейінге қалдыруды; 
•    Шарттың қолданыс мерзімін, өтеу әдісін өзгертуді;
•    Мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіруді, айыпақыны (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) жоюды;
•    Өзіңіздің қаржылық жай-күйіңізді ескере отырып, жаңа төлем кестесін жасауды немесе кепіл мүлкін дербес өткізуді. 

Банк сіздің өтінішіңізді қабылдауға, тіркеуге және қарауға тиіс және күнтізбелік 15 күн ішінде мынадай түрде:

•    Шарттың талаптарына сіз ұсынған өзгерістерді қабылдай отырып, келісуге;
•    Шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруге;
•    Бас тартуға, алайда себептердің дәлелді негіздемесін көрсетумен жауап беруге тиіс.

Шарт талаптарына өзгерістер енгізу кредитор осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.

«Егер сіз банкпен келісімге келе алмасаңыз, онда агенттікке жүгінуге құқығыңыз бар. Бұл ретте, міндетті түрде өзіңіздің банкке өтінішіңіздің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеудің растамасын ұсыну қажет болады.
Агенттік сіздің өтінішіңіздің негізінде өз құзыреті шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеруге бастамашылық етеді және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін банктің іс-әрекеттеріне баға береді. Бұл ретте айта кететін жағдай, кредитор осы кезеңде борышкерлердің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алу рәсімін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерден бастауға құқылы емес» дейді сарапшы. 

Кез келген клиент агенттікке ресми өтінішпен мынадай түрде жүгінуге болады:

•    Жазбаша, курьер арқылы (Алматы қ., Көктем-3, 21 үй мекенжайы);
•    info@finreg.kz электрондық пошта арқылы кеңсеге өтініш жазу арқылы;
•    egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
•    Агенттіктің өңірлік өкілдерінің басқармалары арқылы.

Агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті аптасына екі рет азаматтарды қабылдау жүргізеді: сейсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін. 

Сондай-ақ оқыңыз