Инвестиция

Гиффен парадоксы: Бағасы өссе де, кей тауарға құмарлар неге көбейеді?

Экономикадағы бұл теорияға қаншалықты негіз бар?

Қандай да бір тауар қымбаттаса, халық одан арзанырақ баламаны іздеп кетеді. Оның себебін түсіндіріп жатудың керегі де жоқ. Әйтсе де, бұл айтқанымыз кейде керісінше жұмыс істеп кетеді. Ондайды Гиффен эффектісі немесе қарама-қайшылығы дейді. Ендеше, бұл қандай теория? Оны қалай түсінуге болады? Осы жайлы талдап көрелік. 

Теорияның шығу төркіні

Алдымен, бұл заңның шығу төркініне қысқаша тоқталсақ. 19 ғасырдың ортасында Ирландияда егілген картоптың бәріне ауру жұғып, содан өнімнің сапасы түсіп кетеді. Сөйтіп дәмді картоп тапшы болып қалғандықтан, бағасы бірден шарықтайды. Қанша жерден қымбаттаса да, сұраныс та қоса арта түседі. Осы тенденцияны байқаған жазушы әрі журналист Роберт Гиффен бұған түсіндірме іздей бастайды. Нәтижесінде мынадай қорытынды шығарады. Ол кезде картоп ең негізгі азық-түліктің бірі болды. Оған балама да жоқ. Содан кедейлер басқасын алмаса да картоп алатын болған екен. Осыған ұқсас тағы бір жағдай белгілі. 19 ғасырда Англияда нан бағасы шарықтаған тұста басқа арзанырақ балама болмағандықтан, амалсыздан нан алуды басты орынға қойып, өзге азық-түлікке кететін шығынды азайтып, ас атасын алуды көбейткен. Гиффен теориясы осыған негізделген екен. 

Парадокс неден туындайды?

Гиффен эффектісін туындататын бірнеше фактор бар. Мысалы: валютаның құнсыздануы, әскери қақтығыс, экологиялық апаттар, экономикалық. Дағдарыс немесе оның туындауы мүмкін болған жағдай, өнімніңаз шығуы, пандемия және т.б. Байқасақ, осындай жағдайдың бәрінде тауар бағасының күрт өсіп кетуі мүмкін, болмаса дүкен сөресінен таппай қалуы мүмкін деген қорқыныш туындайды. Міне, сондықтан қымбатырақ басқа тауарларға қарағанда кей тауардың бағасы өссе де сұраныс арта түседі. Сөйтіп басқа тауарларға деген сұраныс, керісінше, төмендейді. Ал енді қандай тауарларға қатысты орындалатынына келсек. Әлгі тауардың сапасы төмен болуы керек. Ал жақсы азық-түлік не заттарды сатып алушының алуына жағдайы келе бермеуі мүмкін. Бюджет тапшылығы бола қалса, тұтынушы сапасыз тауарларды көбірек алатын болады. Тауарға кететін сома бюджеттің негізгі бөлігін қамтуы тиіс. Яғни алынған азық-түліктің жалпы сомасы тұтынушы бюджетімен салыстырғанда әлдеқайда көбірек болуы қажет. Гиффен тауарларына деген сұраныс әлгі тауардың орнын басатын еш зат болмаған жағдайда артады. Ал тіпті болған күннің өзінде салыстырмалы түрде біршама қымбаттау болуы керек. Сонда әлгі тауар бағасы өссе де жақсырақ нұсқа болып көрінеді де, тұтынушы басқа өнімді алмай қалады.  

Экономикада мынадай заңдылық бар: тауар бағасы өссе, тұтынушылар саны азаяды. Ал арзандай түссе, оған деген сұраныс артады. Ал біздің айтып отырған теориямыз осыған қарама-қайшы. Бұл дегеніміз, жоғарыда атап өткеніміздей, нан бағасы өссе, кедей тұратын отбасылардың қалтасын қатты соғады. Сөйтіп олар ет не өзге де қымбаттау тауарларды алуды азайтып, оған кететін қаражатты нанға жұмсай бастайды. Себебі нан бәрібір ең арзан әрі қолжетімді тауар болып қала береді. Соған байланысты олар нанды әлі де ала беретін болады. Егер нанны орнын басатын басқа тамақ болғанда, онда сұраныс төмендер еді. Сондықтан Гиффен эффектісі белгілі бір тауарларға ғана жүреді. Әйтсе де, бұл теория тым кедей тұратындарға жұмыс істемеуі мүмкін. Айталық, өте жұпыны тұратын бір отбасы наннан басқа ештеңе жемейді делік. Егер оның бар тапқаны нанға ғана жететін болса, тауар бағасы өссе оны да ала алмай қалады. Демек, Гиффен парадоксының да кейде орындалмай жататыны бар. 

Қай тауарларға қатысты?

Әр елде тауар тізімі түрліше. Десек те, мысал ретінде бірнеше тауарды атап өтейік: күріш, қарақұмық, картоп, нан, бензин, керосин. Мәселен, бензин қымбаттап кетсе, кей адамдар одан әрмен қымбаттап кетер деген үреймен көбірек алып, қор жинай бастайды. Болмаса, керосин қолданатын үйлер оның орнын басатын арзанырақ балама болмағандықтан, көбірек ала түседі. Мынадай бір мысалға көз салыңыз. Сіз гамбургер мен картоп қана жейсіз делік. Қолдағы бар бюджет — 1000 теңге ғана, бес күнге тамақ алуыңыз қажет. Картоп құны — 50 теңге, гамбургер — 250 теңге. Демек, 500 теңгеге он картоп және сондай бағаға 2 гамбургер ала аласыз деген сөз. Ал енді тұтынуға келсек. Бес күнге жеткізу үшін сіз күніне 2 картоптан жейсіз. Ал гамбургер саны екеу, оны да бес күнге жеткізуіңіз керек. Жағдай өзгеру үшін картоп бағасы 100 теңгеге өсіп, гамбургер бағасы сол қалпында тұруға тиіс. Сонда тұтынушы екі гамбургер мен бес картопқа баяғыша 1000 теңге төлейді. Енді бұрынғыға қарағанда картоп азайғандықтан, қарны ашады. Сол себепті бағасы қымбаттау гамбургер санын екеуден біреуге азайтып, картопты бесеу емес жетеу алатын болады. Алдағы уақытта картоп бағасы қымбаттаса, гамбургерді тіпті азайтуға қажеттілік туады. Сөйтіп біртіндеп гамбургерді мүлдем алмайтын болады да, тек картоп жейді.   

Қандай сын айтылады?  

Гиффен парадоксын сынайтындар да бар. Олардың айтуынша, белгілі бір тауарлардың бағасы өскенде сұраныс та арта түсетініне нақты дәлел жоқ. Сондықтан қандай да бір тауарлардың Гиффен тауары деп аталуына негіз болмайтынын айтады. Расында, бұл теорияны түсіндіру қиын. Дәлелдер де әлсіз. Белгілі экономист Фрэнсис Исидро Эджворт «Мұндай жағдайда ақылды адам ғана анықтай алады. Ақымақ адам ғана жалпы практика үшін қолданады» деген. Шын мәнінде, Гиффен эффектісі тек неоклассикалық шеңберде ғана орын алады. Яғни тұтынушылар бюджетіне қаншалықты әсер ететіне қарай бағаны бақылайды. Кейбірі аталған теория неге бұлай болатынын толықтай түсіндіре алмайды дейді. Тіпті зертханалық тәжірибелер нәтижесінде Гиффен эффектісі шынайылықтан әлдеқайда алыс деген қорытынды жасалған. Бұл парадокс біраз уақыт бойы экономикада үлкен рөл атқарып, түрлі дау тудырған. Ал енді қазіргі таңда бұл теорияны дәлелдейтін факт аз деседі. Аталған феномен экономикалық теорияның парадоксы ретінде қарастырылады