0-0-12: бөліп төлеудің артықшылықтары мен кемшіліктері
Қандай да бір тауар не қызметті бірден қолма-қол ақшаға алатын жағдайыңыз жоқ болса, оны несиеге аласыз не бөліп төлейсіз. Екеуі де бірнеше айға бөлінеді, рәсімделеді десек те, біршама айырмашылық бар. Белгілі бір мерзімге теңдей бөліп, еш пайыз қоспастан берілетін бөліп төлеудің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталайық.
Бөліп төлеу деген не?
Мәселен, жаңа үйге көштіңіз делік. Ескі тоңазытқышты тастап, орнына әдемі әрі жаңасын алғыңыз келді. Сөйтіп тұрмыстық техника сататын дүкенге бардыңыз. Таңдаудың көбі сондай, көз сүрінеді. Бағасы да әр түрлі. Ал дәл сізге ұнағаны қымбаттау болып тұр. Өзіңіз ойлап келген сомадан екі есе қымбат. Алмайын десеңіз, кеңесші жаңа моделінің жақсы жағын тізіп жатыр. Әрі сөз арасында «пайызсыз 12 айға бөліп төлесеңіз болады. Сонда айына бар болғаны 15 мың теңгеден төлеп тұрасыз» деді. Егер бұрын-соңды бөліп төлеу туралы көп ақпарат алмаған болсаңыз,бұл материал сізге пайдалы болмақ.
Сонымен кеңесшінің айтқанына елең етіп, «бөліп төлеу деген не?» деген сауал ойыңызға келді. Енді механикасын түсіндірейік. Алғалы тұрған тауарыңыздың бағасы 180 мың теңге болсын. Егер дүкен бір жылға бөліп төлеуге болады десе, демек осы баға дәл 12 айға бөлінеді. Осылайша айлық төлем тура 15 мың теңгені құрайды. Қарыз алушы осылайша ешқандай пайыз да, комиссия да төлемейді.
Қандай артықшылықтары бар?
Байқағанымыздай, белгілі бір мақсатқа алынатын тұтынушылық несиелерге қарағанда, мұнда пайыз жоқ. Бірақ жалғыз артықшылық бұл емес. Бұдан өзге де қолайлы тұстары бар. Ендеше, толығырақ тарқатсақ. Бөліп төлеуге алғанның бір жақсысы дереу алып, қолдана бересіз де, кейінірек төлей бересіз. Себебі төлем жасайтын кез сіз тауар алған күннен бір айдан кейін ғана келеді. Осы тұрғыдан алғанда аяқ-асты бір зат алу керек болып, бірақ қаражат қолбайлау болып тұрған шақта қолайлы. Мысалы жоғарыдағыдай, тоңазытқышты бірден 180 мың теңгеге сатып алуға жағдайыңыз жетпеуі мүмкін. Өзінің айлық табысы сол шамадан болғандықтан, көпшілігі әсіресе тұрмыстық техника, жиһаздарды бөліп төлеуге алғанды құп көреді. Пайыз жоғын айттық. Демек, сіз тауарды қолма-қол ақшаға алғандай, сол қалпында ғана қайтарасыз. Дегенмен, пайыз қосылып, алғаннан артығырақ төлеп қалуыңыз мүмкін жағдайлар да жоқ емес. Ол туралы сәл кейінірек.
Сонымен бірге несие аларда пайызын есептеу қиын болса, мұнда тауар құнын білгеніңіз жеткілікті. Сол соманы қанша айға алғыңыз келсе, соншаға бөле саласыз. Көпшілікке қолайлы тағы бір жағы — тауар алған жерден рәсімделетіні. Яғни банкке барып, қағаз толтырып жүрмейсіз. Тауарды таңдайсыз, қандай банк арқылы алатыныңызды таңдайсыз, сол жерде менеджерлер рәсімдейді. Жұмыс орныңыздан анықтама апарып да жүрмейсіз. Келесі бір артықшылығы — бағасының өзгермейтінінде. Пайызы өсіп кетеді деген қорқыныш жоқ. Кейде тіпті ұтып кетуіңіз де ғажап емес. Себебі доллар бағамы күн сайын жылжып тұратынын ескерсек, бір жыл бұрын алған тауарыңыз биыл әлдеқайда қымбаттап кетуі мүмкін. Сататын болсаңыз да, үстінен пайда көресіз. Сонымен қатар, сіз ақша жинап жүргенде әлгі тауар құны шарықтап кетіп, тағы бірнеше ай жинауыңыз керек болып қалуы да мүмкін. Бөліп төлейтіндіктен, ай сайынғы төлемнің салмағы да өзіңізге аян. Сондықтан тоңазытқышты 180 мың теңгеге аласыз ба, әлде 480 мың теңгеге аласыз ба — өзіңіз шешесіз. Әрине, банк тарапынан мақұлданса.
Кемшіліктері бар ма?
Әлбетте, кемшілік те жоқ емес. Айталық, дүкенде жақсы акция болып жатыр. Біреуін алсаңыз, екіншісін сыйлыққа береді екен. Мұндай мүмкіндікті жіберіп алмайын деп дүкенге барсаңыз, ол акция тек қолма-қол төлейтніндерге арналған болып шықты. Көбіне аталған акциялардың дені несие не бөліп төлеуге жүрмейді. Дегенмен оның шарттарын әр дүкен өзі бекітеді. Сондықтан үнемі солай болады екен деп айтуға келмейді. Бөліп төлеуге рәсімдейтін кезде, тауар тым қымбат болса, бастапқы жарна сұрауы мүмкін. Болмаса, айлық төлем жүгі тым ауыр болса, бермей қоюы да ғажап емес. Қанша жерден бірнеше айға тең бөлінеді, пайыз жоқ десе де, өсімпұл мұнда да бар. Яғни әр айдың екінші жұлдызында төлеуіңіз керек болып, кешіктірген болсаңыз, онда әр күніне пайыз қосылады. Сонымен бірге, кей банктер рәсімдегені үшін, құжат толтырғаны үшін комиссия алуы мүмкін. Бұл әр банктің саясатына байланысты.
Қандай талаптар қойылады?
Әрине, басты шарт —төлем қабілеті. Кредит тарихы жақсы, ресми әрі тұрақты табысы бар болса, бағдаршамның жасылы жанды десек болады. Айтқандай, шарттар барлығына бірдей бола бермейді. Біз жалпылама ғана айта аласыз. Сондықтан рәсімдер алдында байланыс орталығына хабарласып, не менеджерлерден қосымша сауалдарға жауап алып алуға болады. 18 жастан асқан ҚР азаматтарына соңғы 6 айда зейнетақы жинағы салынған болуы керек деген талап қойылады.
Онлайн бөліп төлеу туралы
Қазіргі таңда қазақстандық банктердің дені өз ішінен онлайн дүкен ашып жатыр. Оның қолайлы тұсы сол — ешқайда бармастан тауарды сатып алуға мүмкіндік берілетіні. Ол үшін смартфоныңызға маркетплейсті жүктеп аласыз. Одан кейін тіркелесіз де, дүкен аралағандай өзіңізге қажет тауарды қарайсыз. Таңдау жасаған соң, рәсімдеу жолы өте оңай. Бар болғаны бірнеше команданы жасасаңыз, банк тарапынан бірнеше минут ішінде жауап келеді. Егер мақұлданса, тауарды үйіңізге әкеп береді. Болмаса, сол жерге барып алуға да болады. Оны мобайл қосымшаның ішінде өзіңіз таңдайсыз. Бір айта кетерлігі, әр онлайн дүкенде баға әр түрлі болады. Сондықтан біреуіне тоқталар алдында басқаларының да бағасын, қандай сатып алушылар барын біліп алған жөн. Содан соң барып, рәсімдеңіз. Бүгінде бұл нарықта бәсекеге күшейіп келе жатқандықтан, түрлі акцияларды да қарай жүріңіз. Өзіне клиент тарту мақсатында қолайлы шарттармен акциялар ұйымдастырылады. Болмаса, алғашқы рет рәсімдеген адамға біршама жеңілдік жасалуы да мүмкін. Сол себепті бұл — жеті рет өлшеп, бір кесетін дүние.