Алаяқтар азаматтардың жоғалған жеке куәліктері арқылы несие алуда

Жарияланды
Ақмолада ер адам бөтеннің жеке куәлігімен несие рәсімдеген

Ақмолада ер адам бөтеннің жеке куәлігімен несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Ақмола полицейлері жеке куәлігін жоғалтқан жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығына көші-қон қызметінің қызметкерлеріне тиісті өтінішпен жүгіну қажеттігін еске салады. ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабына сәйкес (Қазақстан Республикасында тіркеусіз немесе жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру) 1 айдан астам мерзімде 7 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Сонымен қатар, полиция алаяқтар құжаттарды пайдалана алады деп ескертеді.

Мәселен, Көкшетау қаласының Полиция басқармасына 24 жастағы жергілікті тұрғын микронесиелік ұйымдардың бірінде оның атына 30 мың теңге сомасындағы несие рәсімделгені туралы өтінішпен келген. Несие және ол бойынша мерзімін өткізіп алу туралы ер адам МҚҰ қызметкерлерінен білген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады, ол облыс орталығының 29 жастағы тұрғыны болып шықты. 

Қаскүнем бұрын жоғалған жәбірленушінің жеке куәлігін пайдаланғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
 

Сондай-ақ оқыңыз