Жаңалықтар

Диджитал тазалық не үшін керек?

Өз құрылғыларыңызды қорғауға арналған бірнеше кеңес

Тән саулығы үшін гигиена қандай маңызды болса, қазіргі заманда мәліметтердің «саулығы» үшін диджитал тазалық қажет. Егер төмендегі кеңестерді назарда ұстасаңыз, біраз жеке деректеріңізді сақтайсыз. 

Құпиясөз қоярда нені ескеру керек?

Ұялы телефон болсын, компьютерге болсын құпиясөз қою керек. Мұның маңызы жоғары. Қандай да бір құпиясөз ойлап табатын кезде оның ұзақтау және қиындау болғаны дұрыс. Себебі бұл жағдайда әлдекімнің оны «бұзып алуы» қиындай түседі. Мысалы, өз атыңыз бен туған күніңізді жазып қойсаңыз, оны хакерден бұрын айналаңыздағылар да тауып алуы мүмкін. Дұрысы, кездейсоқ сандар мен әріптер комбинациясын қолдану. Айталық, үйіңізде wi-fi бар. Көрші үй сіздің есебіңізден интернет қолданғысы келуі мүмкін. Сөйтіп 12345678 деп жазып көрді делік. Егер осы сынды оңай құпиясөз қойсаңыз, оңай ашып алады. Болмаса, телефон бетіне сызықтарды қосу арқылы сурет шығаратын құпиясөз түрін қойсаңыз, зиг-заг салып не тіктөртбұрышпен ашып алу қиын емес. 

Келесі бір есте ұстайтын нәрсе — құпиясөздерді кемінде жарты жылды бір рет ауыстырып отыру. Бір сөзді барлық жерге қойған да жақсы емес. Ұмытып қаламын деп қорқуыңыз мүмкін. Дегенмен бір аккаунттыңыз бұзылса, қалғандарын да солай тез бұзып алады. Телефоныңыздағы жеке мәліметтер, суреттердің де қолды болмауы үшін құпиясөзді айтпаған жөн. Шатасып қалғыңыз келмесе, құпиясөздер менеджерін қолдануға болады. Айталық, LastPass немесе 1Password. Бұл жерде сіздің барлық құпиясөз сақтаулы тұрады. Сайт автоматты түрде енгізіп, жұмысыңызды жеңілдетеді. Сонда барлығын жаттап жүрместен бір ғана мастер-құпиясөзді білсеңіз жеткілікті болады.     

Резервте көшіруді ұмытпаңыз

Қазіргі таңда вирустың түрі көп. Телефон не компьютеріңізге орнатылған қолданбалармен «ілесіп» кіріп кетеді. Сөйтіп жеке деректеріңізді ұрлайды. Құрылғыны бұғаттап тастауы да мүмкін. Кейбірі ашу үшін ақша сұрайды. Әдетте, күмәнді сілтемелерге өткенде осындай жағдай болады. Интернет-серфиң кезінде барынша сақ болған дұрыс. Әрі резервте көшірмесін ұстауды әдетке айналдырыңыз. Телефон ауыстырғанда не жоғалтқанда да осыны жасасаңыз, көшірме бар болғандықтан қамсыз жүре берсеңіз болады.   

Әлеуметтік желіде «әу» дей берген де жөн емес

Әлеуметтік желіге байланғанымыз сонша, бар құпиямызды жайып салып жатамыз. Негізі жеке деректерді оңды-солды айта берген дұрыс емес. Өйткені алаяқтар ондайды аңдып жүреді. Қолданушылардың жеке деректерін жинап, олардың ақшасына «көз салады». Сонымен қатар, деректер жалпыға жарияланып кеткен жағдайда басқа қолданушыларға көрінбейтін ақпараттардың да қолды болуы мүмкін. Барынша сақ болу үшін туған күн, тұратын жердің мекенжайы, телефон не электронды поштаны жасырып қойған жөн. Фотосуреттердегі геотегті де өшіріп қоюға болады. Былай қарасаңыз, онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Әйтсе де, сақтықта қорлық жоқ демекші, мұны есте ұстаған артық болмайды.   

Қаржылық операцияларға абай болу керек

Бүгінде картадағы қаражатты ұрлайтын алаяқтардан аяқ алып жүру қиын. Түрлі тәсілді пайдаланып, алдап кетеді. Соның ішінде соңғы кездері неше түрлі схемалардың шыққанына куәміз. Сол себепті қаржылық операцияларды тексеріп тұрған дұрыс. Жылына бір рет кредит тарихыңызды тексеріп тұрыңыз. Банктердің мобайл қосымшаларында еселенген аутентификацияны қосып қойған жөн. Түр-әлпетіңізді көрсетуді не СМС кодты енгізу қажет болады. Осылайша алаяқтардан сақтанған артық болмас.  

Қызық емес сервистерді тазалап тұрыңыз

Электронды поштаңызды қайта-қайта тексеріп тұрыңыз. Себебі біраз уақыт ашпай қалсаңыз, ішінде хат толып қалады. Керегі бар, керек емесі бар — сорттау қиындайды. Сонымен бірге бүгінде сервис түрі көбейген сайын әрқайсысын бір қолданып көріп жатамыз. Нәтижесінде тіркелген кезде бәріне жазылып аламыз. Айтқандай, керексіз хат, спам не жарнама толып қалады. Бірақ тағы бір кемшілігі — ақша алып алуы мүмкін. Айталық, ағылшын тілін үйрететін мобайл қолданбаны жүктеп алдыңыз. Тіркелдіңіз. Бірінші айы тегін, одан кейін айына 3000 теңгеден. Бір ай сынап көремін деп келісім беріп, артынша ұмытып кетуіңіз мүмкін. Ал сервис сізден келісім алып қойғандықтан, дәл 30 күн өткен соң картадан автомат түрде ақша шешіп алады. Сол себепті қайда жазылғансыз, қандай ақылы сервистерді қолданып жүрсіз — тексеріп тұрыңыз. Негізі сайттар мен қолданбаларда банк картаңыздың деректерін сақтамаған дұрыс.   

Өзіңіз жайлы телефоныңыз көп білмегені де дұрыс

Қазір бәрін телефоннан іздеп, қараймыз. Ал сол іздеу жүйелері сіз жайлы барлық ақпаратты сақтайды. Қай жерде жүрсіз, не іздедіңіз — бәрін біледі. Ұялы байланыс операторлары да сондай. Кімдерге хабарластыңыз, кімге смс жолдадыңыз сақтаулы тұрады. Іздеу жүйелері әу баста деректеріңізді өңдеуге рұқсат сұрайды. Егер «иә» десеңіз, онда сіз жайлы бүкіл деректі сақтайды. Егер құпия қалғыңыз келсе, баптауларына бір көз салып шығыңыз.  

Құрылғының бағдарламалық жасақтамасын жаңартып тұрыңыз

Байқасаңыз, кемінде жылына бір рет құрылғының бағдарламалық жасақтамасын жаңартуға ұсыныс келіп тұрады. Кейбірі мұның не екенін білмей, жаңартады. Енді бірі керісінше, жаңартуға қорқады. Ал енді жаңарту не үшін керек? Жаңартылған нұсқаларда бұрынғы қателіктер ескеріліп, реттеледі. Көбіне алаяқтар алып қоюы мүмкін ақпараттарды бермеудің қамын жасайды. Әрі операциялық жүйе ескірген сайын, оны бұзып алу, мәліметтерді қолды ету жеңілдей түседі. Автоматты түрде жаңартып тұратын функцияны қосып қоюға болады. Қолданбайтын, қажет емес мобайл қолданбалар болса, бірден өшіріп тастаңыз. Кейбірі ашылмай қалған болуы да мүмкін. Ондайда оның сізге қажеті болмай қалады. Жалпы алғанда үйдегі барлық құрылғыны жаңартып тұруды ұмытпағайсыз.