«Курсив» соңғы екі жарым жылда ашылған брокерлік шот иелерінің жас ерекшелігін зерделеп, кейінгі кезде қазақстандық жеке инвесторлардың жасы біршама жасарғанын анықтады. 2019 жылдан бері 18-24 жастағы брокерлік шот иелерінің қатары 8 есе көбейсе, 25-34 жастағы жеке инвесторлар саны екі есе өскен.
Орталық депозитарий дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері жеке тұлғаларды брокерлік шоттары 1,5 есе өсіп, 1 қазанда 198 461-ге жеткен. Жас шамасына қарай алсақ, 35-54 жастағы инвесторлардың үлесі басым (40,56%), екінші орында – 25-34 жас аралығындағы топ (26,02%), үшінші орында – 55-тен асқан инвесторлар (23,56%), төртінші орында – 18-24 аралығындағы жастар (9,73%).
Егер осы деректерді 2019 жылдың басындағы көрсеткіштермен салыстырар болсақ, шамамен екі жарым жыл ішінде 35-54 және 55+ жастағы инвесторлардың үлес-салмағы азайғаны байқалады. Жасы 55-тен асқан шот иелерінің үлесі 33 пайыздан бірден 24%-ға дейін төмендеген. 35-54 жастағы инвесторлар үлесі де 44 пайыздан 40,56%-ға дейін азайған.
Есесіне 25-34 жас аралығындағы инвесторлар үлесі 20 пайыздан – 26%-ға, ал 18-24 жастағылардың үлесі 2%-дан 10%-ға дейін өскен. 18-24 аралығындағы жас инвесторлар қатары пандемия басталғалы қарқынды өсе бастаған. 2020 жылы осы топтағы инвесторлар саны 2,6 есе, ал биыл сегіз айда шамамен төрт есе өсті.
Айта кетейік, кәмелет жасқа толмағандарға да брокерлік шот ашуға болады, алайда олардың саны қарастырылып отыған кезеңде 301-ден аспаған.
Жасы кіші демеңіз…
Бөлшек сауда брокерлері де өз клиенттерінің айтарлықтай жасарып келе жатқанын байқап отыр. «Фридом Финанс» АҚ 18-24 жастағы клиенттерінің үлесі 9%-дан асса (шамамен 76 мың), 25-34 жас аралығындағылардың үлесі шамамен 27%-ды құрайтынын хабарлады.
Freedom Finance Global клиенттерінің арасында (21 мың шот) 18-24 жастағылардың үлесі екі есе жоғары – 18%-дан асады, 25-34 жастағы жеке инвесторлар қатары шамамен 38%-ды құрайды.
Halyk Finance ашқан 51 мың брокерлік шоттың 9,5 мыңға жуығы – 18 бен 24 жас аралығындағы клиенттерге тиесілі. 25-34 жастағы инвесторлар ашқан шот саны 18 мыңға жуықтаған. Осылайша бұл брокердің клиент базасының 54%-ын 35 жасқа дейінгі инвесторлар құрап отыр.
Жас инвестор қатарының көбеюіне брокерлік шот ашу процесінің жеңілдеуі мен мобайл қосымша арқылы қашықтан толыққанды сауда-саттық жасау мүмкіндігі себеп болған.
«Жастар – қоғамның дижитал құралдарды көп пайдаланатын өкілі, сондықтан 35 жасқа дейінгі инвесторлар үлесінің артуы да түсінікті» дейді Halyk Finance сарапшылары.
Сауалнамаға қатысқан брокерлердің ішінде жас клиенттері ең көп өскен – Jusan Invest. Бұл брокер клиенттерінің 30,4%-ын 18-24 жас аралығындағы инвесторлар құрайды, ал 25-34 жас аралығындағы клиенттердің үлесі 40%-ға жетеғабыл.
Жас жеке инвесторлардың нарықтағы іс-әрекеті сауда-саттықты айтарлықтай белсенді жүргізуімен сипатталады дейді Halyk Finance өкілдері. Брокердің айтуынша, ай сайынғы транзакциялардың жартысына жуығын 35 жасқа дейінгі инвесторлар жасайды, ал белсенді клиенттер арасындағы үлесі шамамен 57%-ды құрайды.
«Бәріне белгілі себептерге байланысты жас инвестор жасайтын орташа сауда чегі жалпы клиенттік база көрсеткіші – 150 мың теңгеден әлдеқайда төмен – 30 мың теңге» деп түсіндіреді брокер.
Айта кетейік, KASE мәліметтері бойынша, биржадағы жеке инвесторлардың орташа чегі – 210 мың теңге айналасында.
Жастар қайда инвестиция салады?
Halyk Finance-тың жас клиенттері KASE-де сауда жасағанды жөн көреді. 35 жасқа дейінгі инвесторлар жасайтын мәмілелердің 95%-дан астамы осы алаңда өтеді.
KASE-дегі қағаздардың арасында бұл аудиторияға ең танымал құралдар қатарында Халық банктің, Kcell мобильді операторы, «ҚазТрансОйл» сынды компаниялардың акциялары бар. Сондай-ақ, KASE-де листингтен өткен ресейлік эмитенттер: «Газпром», Сбербанк, ВТБ акциялары да сұранысқа ие.
«Фридом Финанс» АҚ мәліметтері бойынша, 18-24 жастағы клиенттер басымдық беретін бағалы қағаз санымен қазақстандық көк фишкалы компаниялар мен ресейлік компаниялар акциялары көш бастап тұр. Сонымен қатар, мұндай инвесторлардың портфелінде борыштық бағалы қағаздар да бар: Қазақстан Даму Банкінің еурооблигациялары, KazOnlineFinance микроқаржы ұйымының купондық облигациялары. Көш басында ҚазТрансОйл, Freedom Holding Corp., Kcell, «Бастапқы орналастыру қорының» акциялары тұр.
Брокердің 25-34 жас тобындағы клиенттері қазақстандық және ресейлік компаниялардың акцияларынан бөлек, Қазақстан орнықтылық қорының облигацияларын, «Технолизинг» және Capital Leasing тобының жоғары табысты купондық облигацияларын жақсы сатып алады.
Ал Jusan Invest-тің жас клиенттері арасында жоғарыда аталған көк фишкалармен қатар, «doSTAR» және «harMONEY» инвестициялық қорының пайлары мен KASE-де сатылып жатқан Apple акцияларына сұраныс жоғары.
Halyk Finance клиенттері AIX алаңында биржалық ноталарды сатып алғанды жөн көреді, өйткені бұл қаржы құралының бағасы біршама төмен, қолжетімді.
AIX мәліметі бойынша, биржалық нота сатып алуға болатын Tabys қосымшасына 22 қазанға дейін 13 000-ға жуық пайдаланушы тіркелген. Соның ішінде 18%-ы – 18-24 жас аралығындағы клиенттер, ал 41%-ға жуығы – 25-35 жастағылар.
AIX және шетел биржаларында сауда жасауға мүмкіндік жасайтын Freedom Finance Global компаниясы жас клиенттердің шетелдік көк фишкалар мен IPO-ға деген қызығушылығын атап өтеді. Осылайша, 18-24 жастағылар қызығатын құралдар қатарына ВТБ Банк, Қытайдың TAL Education Group және Nio, сондай-ақ американдық Apple, Tesla, Bank of America, Wells Fargo & Company акциялары кірді.
25-34 жастағы клиенттер де жоғарыда аталған қытайлық компаниялар мен ВТБ Банкінің акцияларын жақсы сатып алған. Сонымен қатар олардың қоржынында IPOға жақында шыққан компаниялар: Didi, Robinhood, Clover Health Investments Corp. бағалы қағаздары бар.
Halyk Finance мамандары алдағы уақытта брокерлерге комиссияны 35 жасқа дейінгі инвесторлар төлеп, табысының басым бөлігін қамтамасыз етеді деп тұжырымдайды. «Жас клиенттердің қор нарығына деген қызығушылығы қазірдің өзінде айтарлықтай жоғары» деп атап өтті компания өкілдері.
«Әрине, олардың көпшілігі инвестор ретінде алғашқы қадамын енді жасап жатқандықтан, қазір олардан үлкен чек күтудің қажеті жоқ. Бірақ болашақта осы клиенттердің саны өскен сайын, олардың төлем қабілеті мен тәжірибесі артқан сайын, бұл аудитория брокерлік бизнестен түсетін кірістің негізгі бөлігін қалыптастырады деп ойлаймыз. Бұл біздің компанияға ғана емес, сонымен қатар, қор нарығының өзге қатысушыларына да қатысты» деп түйіндеді Halyk Finance.