Инвестиция

Сақтандыру саласының келешегі қандай?

Халықаралық агенттік болжам жасады

2021-2022 жылдары сақтандыру секторының өсімі 25 пайыздан кем болмайды. Халықаралық S&P агенттігі осындай болжам жасапты. «2021 жылы Қазақстандағы сақтандыру нарығының даму перспективасы» атты талдауында олар алдағы екі-үш жылда жалпы сақтандыру секторының жиынтық құрама коэффициенті 95 пайызды, ал меншік капиталының тиімділігі 13-14 пайызға өседі деп болжам жасапты. 

Таяу Шығыс елдерінен төменбіз

Ал сақтандыру сыйақысының көлемі алдағы екі жыл мөлшерінде 10 пайыз деңгейіне жоғарылауы мүмкін. Аналитиктердің айтуынша, дамыған елдерде жан басына шаққандағы сақтандыру шығыны 3,7 мың долларды құрайды. Дамушы елдерде – 220 долларға жуық. Ал Қазақстандағы көрсеткіш тіпті төмен. 

«10 жылда сақтандыру сыйақысы құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды. Мысалы, 2010 жылы өмірді сақтандырудағы сыйақы үлесі 12 пайыз болса, 2020 жылы – 31 пайыз. Мүлікті сақтандыру бойынша көрсеткіш 6 пайызға қысқарды. Транспортты сақтандыру өзгеріссіз қалды. Жалпы Қазақстандағы сақтандыру секторының елдік және салалы деңгейін «орташадан жоғары» деп бағалауға болады. Қытай, Колумбия, Польша, Португалия және ОАР елдерінде де осындай көрсеткіш» деп жазады олар. 

Пандемияға байланысты пайда болған жағымсыз макроэкономикалық үдерістерге қарамастан былтыр сектор дамуын тоқтатқан жоқ. Қол қойылған сақтандыру келісімдерінің саны 16 пайызға өскен. Сарапшылардың айтуынша, халықтың әлі қаржылық тұрғыда жеткілікті сауатты болмауы салдарынан жан басына шаққандағы сақтандыру шығыны 29 доллар күйінде қалып отыр. Ал Еуропа, Таяу Шығыс және Африка елдерінде бұл көрсеткіш 2 мың доллар көлемінде. 

«Қазақстандағы сақтандыру шығыны дамыған елдер көрсеткішіне жақындайды деп айту қиын. Көрсеткіш біртіндеп 2023 жылға таман 47 долларға жетуі мүмкін. 2020 жылы ішкі жалпы өнімдегі сақтандыру сыйақысы 0,3 пайызға жуықтады. Бұл көрсеткіш Оманда – 0,2, Ресейде – 0,4, Уругвайда – 1,1 және Италияда 6,1 пайызды құрайды. Зейнетақы аннуитеті сегментіндегі сақтандыру сыйақысының өсуіне байланысты былтырмен салыстырғанда биыл төрт айдың қорытындысында сақтандыру сыйақысы 1,1 есе көбейді. Әрі пандемия қыспағынан соң азаматтар сақтандыру компанияларына жиі өтініш білдіре бастады» дейді S&P сарапшылары. 

Сала дамуына не кедергі?

Ресей, Бразилия және ОАР-да да ахуал біздегідей екен. 

«Қазақстанда операциялық қызметті енгізу қиын деп есептейміз. Халық әл-ауқатының шынайы көрсеткіштері өте төмен: жан басына шаққандағы ІЖӨ 2020 жылы 9 мың долларға таяды. Осы жағдай, төмен төлем мәдениеті және халық қаржылық сауаттылығының әлсіздігі сақтандыру сыйақысының өсуін тежеп отыр. Өмірді сақтандырумен байланысты емес сақтандыру шығындары биыл өзгермейді және Украина, Тунис, Куба, Перу елдеріндегі көрсеткіштермен бір деңгейде сақталады деп болжаймыз. Алдағы екі жылда нарыққа жаңа шетелдік ойыншылар келеді деп күтпейміз. Керісінше, соңғы бірнеше жылда біраз шетелдік компаниялар Қазақстан нарығынан кетіп қалды. Жалғыз осында тұрақтап қалған шетелдік компания – «Sinoasia B&R» ұйымы» деп жазады сарапшылар. 

Fitch Ratings америкалық рейтинг агенттігінің бағалауынша, саладағы аз да болса туындап жатқан өсім нарық сыйымдылығын арттырады және компаниялар арасындағы бәсекені күшейтеді. 2021 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша сектордағы барлық өсімнің тең жартысы осы өнімге тиесілі. Сақтандыруға байланысты салық кодексіне салық жеңілдіктерінің енгізілуі өсімге себеп болып отыр. Жаңа өнім мен жеңілдікті естіп бұл нарыққа бет бұрған компаниялар саны да артпақ. 

«Бизнес ауқымының кеңеюі бірқатар қиындық тудырады. Сектордағы міндеттемелер мен активтерді басқару сапасы әлсіз. Техникалық резерв құрылымы және валюта мен мерзім бойынша инвестициялар арасындағы алшақтық басым. Несие сапасы және дюрация бойынша инвестициялық құралдарды таңдаудың аздығы өмірді сақтандыратын қазақстандық компаниялардың жұмысына кері әсер етіп отыр. Өмірді сақтандыру сегментінің одан әрі өсуі бұл тәуекелді күшейтуі мүмкін» деп мәлімдейді Fitch Ratings.  

Айта кетейік, Unit-linked келісімінің иесі – жоғары әлеуетті кіріспен инвестициялау мүмкіндігін алады және сонымен бірге бірінші күннен бастап сақтандырылады. Клиент стратегияны және инвестициялық құралды таңдай алады. Ал әдеттегі сақтандыру бойынша клиент инвестициялауға қатыспайды, тек келісімі соңына жеткен кезде белгіленген кірісті алумен шектеледі. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің су жаңа есебіне сүйенсек, 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша сақтандыру сыйлықақысының көлемі 476 488 млн теңге болған. Сыйлықақының басым бөлігін ерікті жеке сақтандыру алып тұр екен: 199 174 млн теңге. Міндетті сақтандыру бойынша 85 753 млн теңге жиналған. 191 561 млн теңге – мүлікті ерікті сақтандырудан түскен қаражат көлемі. 

Сақтандырудың қандай түрлері бар?

Сақтандыру өнімінің де түр-түрі бар. Классикалық өнім – келісімнің шартына сәйкес клиент қайтыс болса немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалтса сақтандыру төлемі беріледі. Бұл ретте өнім ақшалай түрде немесе тегін медициналық көмек түрінде де ұсынылмақ. 

Сақтандырудың тағы бір кең таралған түрі – жинақтаушы сақтандыру өнімі. Шет елдерде бұл өнім азаматтардың денсаулығы мен өмірі үшін ғана емес, инвестициялау үшін де маңызды құралға айналған. Яғни, азамат сақтандыру сыйақысын төлей отыра өзін түрлі тәуекелдерден сақтандырады және сол уақыт ішінде әлгі қаражатын инвестицияға да жұмсай алады. Сақтандыру компаниясы клиент қаржысын түрлі қаржы құралдарына салады және клиенттің инвестициялық табыс табуына жағдай жасайды. 

Биыл жыл басынан отандық сақтандыру нарығында Unit linked сақтандыру өнімі енгізілді. Бұл өнім – инвестициялауды және сақтандыруды қатар ұсынады. 

Unit linked бойынша клиент инвестициялау стратегиясын өзі таңдайды және жинағын көбейтуге мүмкіндік алады. Тағы бір жаңашылдық – сақтандыру аясында зейнетақы аннуитетін пайдалану. Қазір азаматтардың зейнет жасына жеткеннен кейін сақтандыру компаниясынан зейнетақы аннуитетін сатып алуы арқылы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін алуына мүмкіндік бар. Зейнетақы аннуитеті келісімі бойынша төлемдерді ерлер 55 жасқа, әйелдер 52 жасқа жеткен кезден бастап өмір бойы алады. 

Сарапшылардың айтуынша, қазір осы өнім түрі танымал және жедел дамып жатыр. Сондай-ақ биыл жылдың басынан бері 45 жастан бастап кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті бойынша келісім жасау мүмкіндігі пайда болды. Тағы бір жаңашылдық – бірлескен аннутитет бойынша да заңға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Яғни, ерлі-зайыптылар немесе туыс адамдар біріге отырып аннуитет сатып ала алады.