Инвестиция

Қазақстан қор биржасында Netflix, Nvidia, Alibabа мен тағы 25 компанияның акциялары сатыла бастайды

Қазақстандықтар қандай құралдарға ақша сала алады?

15 қарашадан Қазақстан қор биржасындағы  жаңа сектор – KASE Global-да шетелдік бағалы қағаздар сауда-саттығы басталады.  Бастапқы кезде  KASE-де листингтен өткен америкалық акциялар саудаланады, кейіннен  олардың қатарына  S&P 500 және NASDAQ Global 100 индекстеріне енген компаниялардың бағалы қағаздары да қосылады. 

Жеке сөре 

KASE Global – шетелдік акциялармен сауда жасауға арналған жеке алаң. KASE басқарма төрағасының орынбасары Наталья Хорошевская сәрсенбі күнгі брифингте: «Негізінде бұл бір үлгідегі бағалы қағаздары, мен шарттары, сауда-саттық және есеп айырысу ережесі бар жеке сөре болады. Инвесторларға өте ыңғайлы болады деген ойдамыз» деп атап өтті. 

Бастапқыда аталған секторда америкалық алаңдарда листингтен өткен және KASE тзіміне енген шетелдік акциялар сатылатын болады.

«Әзірге секторда тек үлестік құралдар (акциялар) саудаға шығарылады. Қазір  америкалық акцияларды қосуға баса назар аударып отырмыз,  өйткені олар инвесторлар арасында ең сұранысқа ие бағалы қағаздар,– деп атап өтті KASE басқарма төрағасының кеңесшісі Идель Сабитов.– Алдағы уақытта инвесторларға қызықты және біздің брокерлеріміз баға бере алатын ірі және өтімді компаниялардың акцияларын қосу жоспарланған, листинг рәсімін жүргізу кезінде құжаттар Орталық депозитарийде болуы тиіс».

Жаңа сектордағы сауда-саттық Т+2 шартымен 11:20-22:00 аралығында өтеді. Бағалы қағаздар құнын белгілейтін валюта –  АҚШ доллары. Алдағы уақытта KASE сауда-саттық құралдары тізімін кеңейтуді, сондай-ақ сауда-саттық өткізу уақытын ұзартуды жоспарлап отыр.

Хорошевскаяның айтуынша,  KASE Global-да акциялардың ізін ала, басқа құралдар да орналастырылуы мүмкін. 

«Әлемдік қор нарығының, жалпы осы сегменттегі жаһандық индустрияның жағдайын байқататын жетекші әлемдік индекстерге кірген акцияларды таргеттейтін боламыз. Ең алдымен S&P 500 және NASDAQ Global 100 индексіне кіретін бағалы қағаздар туралы айтып отырмыз» деп атап өтті ол.

4-полоса-1-1-копия.jpg

Аз да болса, саз 

Жеке инвесторлар қатарының артуы – әлемдік үрдіс болса, Қазақстан да одан қалыс қалып жатқан жоқ. 
ҚР Бағалы қағаздар орталық депозитарийінің дерегі бойынша,  жыл басынан бері ОД-дағы жеке тұлғалар брокерлік шоттары  55%-ға артып, 206 мыңға дейін өскен.
Жеке инвесторлар қатарының көбеюі нарықты өзгертеді. 2021 жылдың қазан айында KASE-дегі акциялардың ақша түріндегі брутто-айналымында жеке тұлғалардың үлесі 63%-ды құрады. Бұрын бұл көрсеткіш 50 % шамасында болған.

Алайда өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандырарлық ұсыныс жоқ.  KASE әзірше өтімді құралдар қатарымен мақтана алмай отыр. Биржаның «көгілдір фишкалар» индексіне небәрі сегіз компания кірсе, соның арасындағы ең өтімді құрал –«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының акциялары. 

Хорошевскаяның айтуынша, KASE Global – дың негізгі мақсаты – жеке инвесторлардың қор нарығына деген қызығушылығын қолдау мен биржадағы құралдар жиынтығын, олардың нарықтық өтімділігін арттыру.

«Біздің түпкі мақсатымыз – инвестор тарту, оларға көптеген сауда-саттық құралын ұсыну. Инвесторлар қатары көбейіп, олар неғұрлым белсенді сауда жасаса, Қазақстан экономикасы мен компанияларын қор нарығы құралдары арқылы қаржыландыру арнасы соғұрлым кең және қарқынды жұмыс істейтін болады» деп атап өтті KASE төрағасының орынбасары.

Қазақстандық брокерлер шетелдік эмитенттердің қағаздарын отандық нарықта бірінші рет ұсынып отырған жоқ. 2019 жылдан бері KASE-де 13 америкалық компанияның, соның ішінде Apple, Coca-Cola және Facebook компанияларының акциялары саудаланады.

«Астана Инвест» инвестициялық компаниясының инвестициялық талдау бөлімінің бастығы Серік Қозыбаев KASE-де жаңа сектордың ашылуы нарыққа оң әсерін  тигізуі тиіс деп пайымдайды. 

Қазақстанның қор нарығындағы бағалы қағаздар саны мен олардың өтімділігі өте шектеулі екенін ескере отырып, жаңа құралдардың пайда болуы – құптарлық іс. Сарапшының айтуынша, жаңа құралдардың іске қосылуы брокерлер үшін шамалы болса да қосымша табыс көзіне айналады.

 «Астана Инвест» өз клиенттеріне сыртқы нарықта шетелдік брокерлер арқылы қызмет көрсетеді.

«Енді сол америкалық компаниялардың акцияларын KASE-де-ақ сатып алу қызметін көрсету мүмкін болар, бәлкім. Алайда бұл жерде тағы да өтімділік мәселесі туындайды: онда акциялар қандай көлемде орналастырылмақ?  Бұл оңай мәселе емес» деп атап өтті Қозыбаев.