Жаңалықтар

“Тендер ұтып алып беремін” деп тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды

Күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген

«Тендер ұтып алып беремін» деп тұрғындарды алдаған Түркістан облысының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. 

Төлеби АПБ-ға арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, оны 2021 жылдың наурыз айында алыс танысы «тендер беремін» деп, әртүрлі сендіретін сөздер айтып бес миллион теңгесін алған. 

Алайда жылға жуық уақыт аралығында түрлі сылтаулар айтқан танысы не ақшасын қайтармайды, не берген уәдесін орындамайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Төлеби АПБ-ның тәжірибелі тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен күдікті әйелді анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізді. 

Нәтижесінде күдікті ретінде жергілікті тұрғынды анықтап ПБ-ға жеткізді. Белгілі болғандай, күдікті алаяқтықпен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Тәртіп сақшылары әйелдің бұдан басқа да тағы бір азаматтан бір миллион теңге алып, алаяқтық қылмысы барын растады. Қазіргі таңда орта жастағы әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.