Аяғы ауыр әйелдер мен балаларға вакцина қалай салынады?

Жарияланды
Мамандар түсіндіріп өтті

Қазақстанға күні кеше Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілгені белгілі. Бұл вакцина 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге салынады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мен Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева вакцинация қалай жүргізілетінін түсіндіріп өтті.
 
Әсел Қалықованың айтуынша, Алматы қаласы  үшін вакцинаның бірінші және екінші компонентінің 46 800 дозасы сатып алынған.  Бұл вакцина көлемі ҚР халқын жаппай вакциналауды аяқтауға жетеді екен. 
 

«Вакциналар Қоғамдық денсаулық басқармасының орталықтандырылған қоймасына келіп түсті, бүгін және ертең  медициналық ұйымдарға жіберіледі. Бүгінде бұл вакцинаны сақтау және тасымалдау туралы нақты нұсқаулық бар. Барлық дайындық жұмыстары жүргізілген, мұздатқыш жабдықтар мен шприцтер сатып алынды, медициналық қызметкерлер вакцинаны қолдануды біледі» деп хабарлады СЭБД басшысының орынбасары.
 

Pfizer вакцинасы ең алдымен 16-18 жастағы жасөспірімдерге салынады.  Содан кейін 15, 14, 13 және 12 жастағы балалар кезек-кезегімен салдырады. 
 

«Қазіргі кезде ата-анасы вакцина салуға  келісім берген жасөспірімдер тізімі жасалды. Күн сайын бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Вакцинаны оқу орнында да, медициналық ұйымда да салдыруға болады. Әрбір мектепте медицина кабинеті бар, сондықтан мектептердің вакцинация жүргізу мүмкіндігі бар, вакцинаны емханада жасақталған көшпелі бригада дәрігерлері келіп салады»  деп түсіндірді Қалықова.
 

ҚДБ өкілі Сұлтанғазиеваның мәліметінше, бүгінде Алматыда 11-18 жастағы 170 мыңнан астам жасөспірім тұрады.

«Ата-аналардың  20%-ға жуығы келісті,  бұл – 30 мыңнан астам бала. Вакцина 20 қалалық емханаға жіберіледі, содан кейін дәрігерлер мектептерден мәлімет жинайды. Вакцина салдырудан бұрын міндетті тексеруден өтеді, ал балаға вакцина салғаннан кейін, басқа кабинетте жарты сағат бойы екінші дәрігер бақылайды» деді С. Сұлтанғазиева.

Айта кетерлігі, вакцина мектептерде сақталмайды, ол тізімге сәйкес жеткізіледі. 
 
С. Сұлтанғазиева қазірдің өзінде елімізде  20 шақты  жүкті әйелге вакцина салынғанын айтып өтті.

«Ең алдымен көптеген зерттеулер жүргізілген. Коронавирус фонында асқынулар болған әйелдер бар.  Біз жүкті әйелдерді  16-дан 37 аптаға дейін екі компоненттен вакциналауды ұсынамыз. Сондай-ақ, бала емізетін әйелдерге босанғаннан кейін 42 күн өткен соң вакцина салу ұсынылады» деді ол.

Pfizer препаратын салдырғысы  келетіндер тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, тіркелуі қажет. Вакцинаның қосымша дозасы болған кезде, салдырып алады. 
 
Pfizer вакцинасын ДДСҰ қолдануға рұқсат берген, ол АҚШ, Ұлыбритания, Канада және ЕО тұрғындарын салынып жатыр. Вакцинаның  тиімділігі 95%-ды құрайды. Pfizer – Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина.
 

Сондай-ақ оқыңыз