Дағдарысқа қарсы шаралардың басым бөлігі Ұлттық қордан қаржыландырылған

Жарияланды
Биыл Ұлттық қордан 4,5 трлн теңге бөлінген

2020 жылғы пандемия Қазақстан экономикасына айтарлықтай кері әсер еткен. Жалпы құны 6,3 трлн теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың басым бөлігі Ұлттық қордан бөлінетін трансферт есебінен қаржыландырылған. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Ұлттық қордан 2019 жылы 2,2 трлн теңге алынса, ал  2020 жылы қордан бөлінген қаржы 4,7 трлн теңгеге дейін жеткен. Биыл Ұлттық қордан тағы да 4,550 трлн теңге бөлініп, қаржылық, салықтық және кредиттік шаралар  қабылданып, әлемдік пандемияның ел  экономикасына тигізген теріс салдарын жұмсартуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде екінші тоқсаннан бастап экономикалық өсім байқалып, қазір 3,4%-ға жетіпті. 

Сонымен қатар М.Әбілқасымова  Қазақстанның фискалдық орнықтылық пен мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейі бойынша позициясы әрқашан берік болғанын айтып өтті. Алайда, былтыр мен биыл  бюджет есебінен экономикаға фискалдық серпін беру айтарлықтай өскен. Мәселен, дағдарысқа қарсы топтаманың басым бөлігі Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен қаржыландырылған. 

Пікірталас барысында М.Әбілқасымова былтыр 8%-бен жеңілдікпен кредит берудің арнайы бағдарламасын іске қосу, жұмыспен қамту жол картасын және тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыру түрінде экономиканы қолдаудың бірқатар шаралары қабылданғанын атап өтті. Бұл шаралар экономикаға қолдау көрсеткенімен, инфляцияның жеделдеуіне әсер етіпті.

Қаржы регуляторы басшысының айтуынша, банк секторы пандемия сын-қатерлерін табысты еңсеріп, бизнес-процестерді енгізілетін шектеулерге тез бейімдей алды. Бұдан бөлек, банктер дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсене қатысқан.  Нәтижесінде экономиканы кредиттеудің өсуі 2020 жылғы 5,5%-бен салыстырғанда 2021 жылдың алғашқы 9 айының өзінде 16%-ды құрады.
 

Сондай-ақ оқыңыз