Жаңалықтар

Айына 10 мың теңге төлейтін жалдамалы баспанаға өтініш беру басталды

29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған

15 қарашадан «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров бағдарламаға қатысу шарттары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтып берді. 
 
 
Аталмыш бағдарлама аясында тұрғын үй тек 5 жылға беріледі, оны 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастар ғана алады. Осы уақыт ішінде жеке тұрғын үй сатып алу немесе бастапқы жарнаға ақша жинап алуына болады. Ай сайынғы жалдау ақысы 9-10 мың теңгені құрайды. 
 

«Өтінімді балалары бар отбасылық жұптар та бере алады. Бұл ретте кемінде соңғы екі жылда Алматы қаласында тұрақты тіркеу талап етіледі. Сондай-ақ, үміткерлерде ҚР аумағында соңғы 2 жылда тұрғын үй болмауы тиіс. Олардың ай сайынғы жалақысы жұмыстың соңғы 6 айында 40 АЕК-тен жоғары болуы тиіс – 116 680 теңге» деді Е. Әміров бағдарламаның шарттары туралы. 
 

Бұл ретте бағдарламаға қатысатын үміткерлердің мамандығына қатысты талап жоқ, бюджеттік және мемлекеттік қызметкерлерден өзгелері де өтінім бере алады. 
 
Ең алдымен, өтініш берушілер ЭЦҚ кілтін алуы қажет, қажетті анықтамаларды өтінім берген сәтте ұсыну керек. Құжаттар тізімін  https://almaty-jastary.info  сайтынан табуға  болады, өтінімдер де осы сайтта қабылданады.

Құжаттарды тапсырғандар арасында іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі. Қабылдау 20 қарашада, 23.59-да аяқталады. Бүкіл процесс автоматтандырылған және тек сайтта жүреді, сондықтан көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеген жөн. 
 
«Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен 2019 жылы бекітіліп, сол кезде 1050 жас жалдамалы шаршы метрді алды. 2020 жылы тағы 350 адам қоныстанды, жыл соңына дейін әкімдік Наурызбай ауданының «Алма Сити-5» және Алатау ауданының «Мәдениет» жаңа тұрғын үй кешендерінде 1050 бір бөлмелі пәтерді жалға береді. 
 
Сондай-ақ, брифинг барысында Тұрғын үй саясаты басқармасының өкілі «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру туралы еске салды. Бағдарламаның арқасында алғашқы немесе қайталама нарықта тиімді 5%-бен, 10 пайыздық бастапқы жарнамен пәтер сатып алуға болады. Несиенің максималды сомасы – 18 млн теңге. Несиелеу мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. 
 
Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады, олар: медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, Халықты әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Өтінімді https://almaty-jastary.info сайтында беруге болады.