Цифрлық теңге: пилоттық жоба нәтижесі желтоқсанда жарияланады

Жарияланды
Цифрлық инфрақұрылым құру жұмысы жүріп жатыр

Қазіргі кезде әлем бойынша 63 орталық банк цифрлық валюта енгізу мәселесін зерделеп жатыр. Ал Қазақстанның Ұлттық банкі қаржы нарығының өзге де өкілдерімен бірлесіп «Цифрлық теңге» жобасын қолға алғаны белгілі. Осы пилоттық жоба нәтижесі желтоқсан айында жарияланады. Сондай-ақ, Ұлттық төлем жүйесі және Цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасын құру қолға алынған. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев  Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінде жасаған баяндамасында қаржы нарығындағы цифрлық жобалардың жай-күйін айтып өтті. 

«Цифрландыру бүкіл әлем бойынша қаржы нарықтарын қалпына келтірудің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Қазақстан көптеген салада қаржы индустриясын цифрлық дамытудың алдыңғы қатарында ілгерілеп келеді. Цифрлық сервистердің ықпалымен біз елдегі қолма-қол ақшасыз төлемдердің айтарлықтай өсуін байқап отырмыз. Осылайша, 5 жыл ішінде халықтың қолма-қол ақшасыз төлемдерінің көлемі 26 есе өсті, ал Интернет және мобильді сервистер арқылы төлемдердің үлесі 22%-тен 83%-ке дейін өсіп, рекордтық көрсеткішке жетті» деп атап өтті бас банкир.

Ерболат Досаевтың айтуынша, қаржы саласын одан әрі цифрландыруды қолдау қажет. Осы мақсатта бірнеше басым бағыт анықталған: 

Біріншіден, қаржы нарығының бәріне бірдей қолжетімді цифрлық инфрақұрылым құру.  Ұлттық Банк оған ерекше басымдық беріп отыр. Ұлттық төлем жүйесі және Цифрлық биометриялық сәйкестендіру платформасы  – осы инфрақұрылымның  маңызды құрамдас бөліктері. 

«Аталған реформалар қаржылық қызмет көрсету саласын барынша жоғары сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Жаңартылған цифрлық инфрақұрылым нарықтың барлық қатысушылары үшін қолжетімді болады және жаңа буынның қаржылық сервистерін жылдам және арзан жасауға мүмкіндік туғызады» деп атап өтті Е.Досаев. 

Екінші – «Цифрлық теңге» жобасы. Бас банкирдің айтуынша,  бүкіл әлем бойынша 63 орталық банк ұлттық цифрлық валюта енгізу мәселесін зерделеп жатыр. Ұлттық Банк нарық қатысушыларымен бірге «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын қолға алған. 

«Біз төлем сервистерінің қолжетімділігін арттыру және экономикадағы транзакциялардың құнын төмендету үшін жобаның айтарлықтай әлеуетін көріп отырмыз. Цифрлық теңге платформасы түбегейлі жаңа сервистерді құру үшін де мүмкіндіктер аша алады. Бұл ретте ұлттық цифрлық валютаны шығарудан туындайтын барлық ықтимал тәуекелдер мен артықшылықтарды жан-жақты бағалау қажет. Биыл желтоқсанда пилоттық жобаның нәтижелері бойынша Whitepaper (баяндама) жарияланатын болады, онда технологиялық сараптаманың қорытындылары, нарық қатысушыларымен, сараптамалық қоғамдастықпен бірлесе  жасалған 14 зерттеу мен талқылау нәтижесі жарияланады» деді Досаев.

Үшіншіден, қаржы нарығы бизнес-деректерінің бірыңғай платформасын құру. Бұл платформа арқылы реттеушілер мен нарыққа қатысушылар арасындағы жоғары технологиялық өзара іс-қимыл қамтамасыз  етілмек. 

«Кредиттік тіркелім қаржы нарығының басқа дереккөздерімен бірге бірыңғай деректер қоймасы – қаржылық data lake үшін негіз болады. Бұл қадағалау және реттеу мақсатында озық талдауды (AI, ML) қолдануға арналған жаңа мүмкіндіктерді ашады және нарыққа қатысушылар үшін реттеуші талаптардың сақталуын жеңілдетеді. RegTech және SupTech технологияларын енгізу дата-орталықтандырылған қадағалау мен реттеуге көшуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ нарық шығындарын қысқартады» деді ҰБ басшысы. 

Төртіншіден, Ерболат Досаев қаржы нарығында платформалық бизнес-модельдерді құру мен тұрақты экожүйе қалыптастыру үрдісі байқалатынын айтып өтті. Экожүйелер индустриялар арасындағы шекараны жояды, тұтынушылар «бір терезе» қағидаты бойынша түрлі сервистердің толық кешенін алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ оларды одан әрі дамыту реттеуге арналған сын-қатер болып табылады. 

«Экожүйелер – қаржы нарықтарының болашағы, бірақ олар саланың жиынтық тиімділігі мүддесінде ашық қағидат бойынша құрылуы тиіс» деді Досаев. 

Бесінші – тұтынушылардың жеке деректерін қорғау. Қазіргі кезде тұтынушылардың дербес деректері қаржы нарығы үшін маңызды активке айналды. Тұтынушы өз деректеріне қол жеткізуді толық бақылап, оның қауіпсіздігіне сенімді болуы тиіс.

«Кибершабуылдар мен алаяқтық тәуекелдерінің өсуін ескере отырып, киберқауіпсіздік және конфиденциалдылықты қорғау мәселелеріне ерекше назар аударған жөн. Осы қағидаттарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк басқа реттеушілермен бірлесіп, деректермен, оның ішінде мемлекеттік дерекқордан алынатын деректермен алмасудың және сақтаудың құқықтық өрісін және тиісті инфрақұрылымын жасайтын болады. Open API стандарттарын және Open Banking инфрақұрылымын әзірлеу бойынша жұмыс жалғасады» деді Ерболат Асқарбекұлы. 

Бас банкир цифрландыру реттеушілердің қаржылық қызметтерді тұтынушылармен өзара байланысын да жақсартатынын айтып өтті. Мәселен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры пилоттық режимде «Кепілдік берілген өтемді төлеудің электрондық порталын» іске қосқан. 

Жетіншіден, Ұлттық банкте бизнес-процестерді цифрландыру шеңберінде активтерді басқару тиімділігін арттыру және 16 қаржылық тәуекелдерді бақылау жөніндегі міндеттерді кешенді түрде шешу үшін активтер мен тәуекелдерді басқарудың бірыңғай ықпалдасып автоматтандырылған жүйесі енгізу қолға алынған. 

«Ұлттық Банкте активтердің әртүрлі сыныптарында инвестицияларды басқару бойынша тиімді шешімнің пайда болуы инвестициялық шешімдердің қабылдануын жеделдетуге және операциялық тәуекелдерді төмендетуге әсер етеді, нәтижесінде алтынвалюта резервтерін, Ұлттық қорды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы активтерін басқару кезінде тиімділікті арттыруға алып келеді» деп түйіндеді Е. Досаев. 

Сондай-ақ оқыңыз