Жаңалықтар

Колледждің бас бухгалтері 26 миллион теңгені ұрлап кеткен

Әйел жеті жылға бас бостандығынан айырылды

Павлодар облысында ақпараттық технологиялар колледжінің есепшісі 26 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.

Колледждің бас есепшісі өзінің қызметтік бабын пайдаланып, 2015-2020 жылдар аралығында бюджет қаражатын заңсыз иемдену бойынша қылмыстық әрекетті ұйымдастырған. Әйел достары мен туыстарының арасынан адамдарды колледжге жалған жұмысқа тартып, кейін олардан заңсыз ақша өндіріп, жалақы алған.

Сотталушы 10 жыл мерзімге бухгалтерлік есеппен айналысу құқығынан айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

 «Бюджет қаражатын жымқыру – еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатерлердің бірі. Әлеуметтік жәрдемақылар мен жалақы төлеуге немесе балалар мекемелеріне өнім алуға бағытталған қаражаттың экономикалық және әлеуметтік маңызы зор», – деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.

Бұған дейін компания басшысы Шымкентте сұйытылған газды заңсыз экспорттауды ұйымдастырғаны белгілі болған. Өзбекстан мен Тәжікстанға жеткізілім жасалды. Жалпы құны 146 миллион теңгеден асты.