Ұлттық валюта күні: теңге қалай құнсызданды?

Жарияланды
Теңгенің айналымға енгізілгеніне – 28 жыл

Бүгін, 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілгеніне 28 жыл толып отыр. Сондай-ақ бұл күн –  қаржы саласы қызметкерлерінің мерекесі. Kursiv.kz теңге тарихын, ұлттық валютаның қандай марапаттарға ие болып, қанша рет девальвацияға ұшырағанын айтып береді.

1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 15 қараша күні таңертең ұлттық валюта айналымға енгізіліп, үш күннен кейін, 18 қарашада ол жалғыз заңды төлем құралы атанды. 

Алғашында ұлттық валюта атауының бірнеше нұсқасы қарастырылған: оның ішінде «алтын», «ақша», «теңге», тіпті «сом» деген де атау болды. Бірақ «теңге»  таңдап алынды. Бұл сөздің мағынасы ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «таньға» – ұсақ күміс монеталарынан шыққан.

Алғашқы банкнот үлгілерін талқылау және дайындау 1992 жылы басталды. Алғашқы теңге Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында басып шығарылған. Дайын банкноттар 1993 жылы төрт ИЛ-76 ұшағымен  жасырып жеткізіліп, барлығы 18 рейс жасалған. Банкноттарды шетелде шығару бюджетке салмақ түсіре бастаған соң, ақша шығарумен 1995 жылдан Қазақстанның банкнот фабрикасы айналыса бастады.  Тиын монеталар да бастапқы кезде Германияда шығарылған.

Strategy2050.kz сайтының жазуынша, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірінші төрағасы Ғалым Байназаров ұлттық валюта шығару және айналымға енгізу –  Ұлттық банк алдына қойылған барлық міндеттердің ішіндегі ең жауапты және өзектісі болғанын атап өткен. 1992-1993 жылдары  ұлттық валютаны айналымға енгізу – банк жүйесінде реформа жүргізу, сол кезде қалыптаспаған ақша нарығы инфрақұрылымын құруды талап етті.

Ұлттық валюта дизайны

Ұлттық валютаның дизайнын жасауға Тимур Сүлейменов, Ағымысалы Дүзелханов, Меңдібай Алин және Хайрулла Ғабжалилов сынды суретшілер тобы жұмылдырылған. Олар қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері: Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, хан Әбілқайыр  мен хан Абылай бейнеленген теңгенің алғашқы дизайнын жасаған.

Ұлттық валюта тарихында оның дизайны үнемі өзгеріп, жақсарып, қорғаныш белгілері жаңаланып тұрған. Халықаралық ұйымдар теңгені бірнеше рет әлемдегі ең үздік валюта  деп таныды.

Мәселен, 2007 жылы 10 мың теңгелік банкнот Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) берген Жылдың үздік жаңа сериясы үшін жүлдені жеңіп алған. Кейінірек 2011 жылы көркемдік құндылығы  жоғары мен инновациялық қорғанысы мықты үздік банкнотты таңдайтын Халықаралық банкнот қоғамы (IBNS) бұл атақты «Қазақ елі» монументі бейнеленген 10 мың теңгелік банкнотқа берді. 2012 жылы тағы да барыс бейнеленген 5 мың теңгелік ақша да үздік деп танылған. Ал 2013 жылы Қазақстан «Күлтегін» естелік банкнотымен жеңіске жеткеннен кейін, коллекционерлер «теңге гегемониясы»  жайлы әңгіме қозғай бастайды Сол жылы 1000 теңгелік купюра («Күлтегін» номиналы) жаңа 5 евродан, жетілдірілген қорғанысы бар $100 доллардан және 2014 жылғы Сочидегі ХХІІ Олимпиадалық қысқы ойындар мен ХІ Параолимпиадалық қысқы ойындарға арналған естелік 100 рубль банкнотадан басым түседі. 

2016 жылы номиналы 20 мың теңгелік банкнот High Security Printing Europe конференциясында «2015 жылдың үздік өңірлік банкноты» атанып, сол жылы валюта индустриясында  жеткен жетістіктері үшін марапатталды.

Теңге тарихындағы тағы бір маңызды сәт – 2007 жылы 29 наурызда ұлттық валюта нышаны (₸) бекітілді.  Оның авторлары –  Вадим Давиденко мен Санжар Амерханов. 

Теңге қалай құнсызданды? 

Өзінің 28 жылдық тарихында  ұлттық валюта бес девальвацияға ұшырады. 1993 жылдан бастап, 2003 жылға дейін ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 4,69 теңгеден 155 теңгеге дейін құнсызданды. Теңге тарихындағы алғашқы үлкен девальвация 1999 жылы 4 сәуірде орын алып, сол кезде валюта бағамы бірден 30 пайызға әлсіреді. Содан кейін ел билігі «валюта бағамының еркін тербеліске»  жіберілгенін хабарлады. 1999 жылдың 1 сәуірінде бір доллар  88,46 теңге болған бағам, ал 4-і күні бірден 113,01 теңгеге жетті.

Екінші девальвация 2009 жылдың 4 ақпанында болды. Бұл күні ұлттық валюта бағамы 23%-ға құнсызданып, 1 доллар бағасы 150 теңгеге жетті. 2009 жылдың 4 ақпанында 122,32 теңгеден саудаланған долларды 5 ақпан күні 143,98 теңгеден сатылды. 2009 жылдың 21 қаңтарында Ұлттық банк басшысы ауысты. Әнуар Сәйденовтың орнына Григорий Марченко келді. 

Ал үшінші девальвация  2014 жылдың 11 ақпанында болды. Доллар үшін жаңа дәліз  – 185±3 болып қалыптасып, теңге 20%-ға құнсызданды. 11 ақпандағы валюта бағамы 1 доллар үшін 155,56 теңге болса, ал 13 ақпанда 184,5 теңгеге жетті.

2015 жылдың 21 тамызында төртінші девальвация өтті. Елдің валюта бағамы еркін айналымға жіберілді. Теңге бағамы 188 теңгеден бірден 255 теңгеге жетті. Девальвацияның тереңдігі 36%-ды құрады.

Теңге 2020 жылдың наурыз айында бесінші рет құнсызданды. 2020 жылдың 10-11 наурыз аралығында Қазақстанның ұлттық валютасы бір доллар үшін 388,07 теңгеден 393,6 теңгеге дейін әлсіреді. Бағам базалық мөлшерлеменің 9,25-тен 12%-ға дейін көтерілуі мен Ұлттық Банктің валюта нарығын тұрақтандыру үшін валюталық интервенция жүргізетіні жайлы уәдесінен кейін түсіп кетті. 2020 жылғы 16 наурызда елдегі доллар бағамы 405,5 теңгеден 434,6 теңгеге дейін өсті. Қазір орташа доллар-теңге жұбындағы орташа валюта бағамы 430 теңгені құрайды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз