2021 жылдың 9 айында Қазақстаннан шетелге 25 322 адам көшіп кеткен. Ал көшіп келгендердің саны – 7246. Осылайша көші-қон айырымы 18076 адамды құрады, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
Қазақстан тұрғындары негізінен ТМД елдеріне көшіп жатыр. Елімізге көшіп келетіндердің де басым бөлігі – Достастық елдерінде тұрған азаматтар. ТМД елдерінен көшіп келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі жалпы көші-қонның 84,2% және 86,0%-ын құрады.
Ал ел ішінде қоныс аударатындар саны 2020 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,2%-ға артқан. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (22346 адам), Нұр-Сұлтан (21718 адам), Шымкент (9568 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (248 адам).
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2021 жылғы 1 қазанда Қазақстан халқының саны 19062,6 мың адамды құрап, соның ішінде – 11303,6 мыңы (59,3%) қалалықтар болса, ауылдарда 7759,0 мың адам тұрады. (40,7%). Былтырғы 1 қазанмен салыстырғанда халық саны 253,4 мыңға немесе 1,3% өскен.
2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда (189,3 мың адам) 6,3%-ға артып, 201,2 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 14,16 адамды құрады.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілері жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте 338,8 мың нәресте дүниеге келген. 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекке (313,9 мың адам) салыстырғанда 7,9% өсім байқалады.
Қарастырылып отырған кезеңде 137,6 мың адам қайтыс болған, бұл 2020 жылғы қаңтар-қыркүйекке (124,7 мың адам) қарағанда 10,4% көп.