Келушілерді «жасыл» статусы бар-жоқ деп бөлу – шағын бизнесті шығынға батырады

Жарияланды
ҚР рестораторлар клубы қауымдастығының қаржы директоры Ирина Лебедева қоғамдық тамақтану саласы пандемиядан қатты зардап шеккенін айтады

Коронавирус пандемиясы кейінгі бір жарым жылда қоғам мен кәсіптің барлық саласына әсер етті. Медицина саласының жұмысы қыза түсті, ал мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындарының қызметі бәсеңдеді. Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының мәліметінше, карантинге байланысты елдегі қоғамдық тамақтану орындарының 30-40%-ы жабылды. Кейбірі шектеу шараларының жеңілдетілгеніне қарамастан, жұмысына әлі кірісе алмай отыр. Осы орайда Қазақстандағы мейрамхана нарығында қандай түйткілдер бар және Ashyq жүйесі енгізілгеннен кейінгі өзгерістер туралы рестораторлар клубы қауымдастығының қаржы директоры Ирина Лебедевадан сұрадық.

WhatsApp Image 2021-11-16 at 11.13.43.png

–Ирина Маратқызы, пандемия мейрамхана бизнесіне қалай әсер етті? Кейінгі бір жарым жыл ішінде бұл саладағы қарқын қандай?

–Иә, кейінгі екі жыл қоғамдық тамақтану орындары үшін оңай болмады. Әсіресе, шығыннан кейін кәсіпті қайта қаржыландыруға қатысты уақытша қиындық туындады. Тамақтану орындарын билік тарапынан қудалауға ілігіп, ең қиын жағдайға бетпе-бет келді. Оның ішінде тамақтану орындарының жұмысына түбегейлі тыйым салу, санитарлық талаптардың енгізілуі, қызметкерлердің вакцина салдыруы секілді өзекті мәселелер бар. 

–Карантинге байланысты шамамен қанша нысан жабылып қалды?

–Дәл қазір нақты санын айту мүмкін емес, себебі көптеген нысан түбегейлі қызметін тоқтатпаса да, карантин талаптары жеңілдетілгеннен кейін жұмысын қайта бастаған жоқ. Ал орташа есеппен 30-40%-ы жабылды.

–Мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындарындағы баға пандемияға байланысты өзгерді ме?

–Әрине, мейрамханалар бағаны қалыпты ұстап тұруға тырысады, бірақ қазір нарықтағы бағаға байланысты ол мүмкін емес болып отыр. Себебі азық-түлік бағасы күн сайын қымбаттайды.

–Биыл жазда Ashyq жүйесі енгізілді, бұл мейрамахана бизнесіне қалай әсер етті? 

–Ashyq қонақтардың ашуын тудырды. Басым бөлігі Қазақстанның Конституциясын және азаматтардың құқығын бұзып жатқанымызды айтып шағымданады. Алайда талап солай. Ал жалпы Ashyq қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын қайта бастауға көмектесті.

–Жуырда елордада қаланың бас санитары жаңа қаулы шығарды. Соған сәйкес 15 қарашадан бастап сауда және ойын-сауық орталықтарына Ashyq жүйесінде «жасыл» статусы бар азаматтар ғана кіре алады. Бұл талаптың келешекте мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындарына енгізілуі туралы рестораторлар не ойлайды?

–«Жасыл» статусы бар адамдар ғана кіруі керек деген қайдан шыққан? Мәселен, бір отбасы тамақтануға келеді, арасында егде жастағы адам немесе бала болуы мүмкін. Оларды бөліп қалдырып кете алмайды ғой. COVID-19 бар және ол ешқайда жоғалып кетпейді, шындық – осы. Инфекция бар қоғамда өмір сүріп үйрену керек. Кей адам денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайды. Одан бөлек, коронавирусқа қарсы вакцина салдырғысы келмейтін Қазақстан азаматтарын не істейміз? Осы тұста мейрамхананың өзі азаматтың құқығын шектейді. Адамдарды «жасыл» статусы бар және жоқ деп бөлсе, бұл бір жағынан қоғамда резонанс тудырады, екінші жағынан келушілер қатарын қысқартып, кәсіпкерлерді шығынға батырады. 

–Мейрамхана бизнесі қандай көмекті қажет етіп отыр және мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып жатыр ма?

–Мейрамхана бизнесі дәл қазір кепілсіз және 6%-бен несие беруді қажет етеді. Сондай-ақ салық пен алымдарды төлеу бойынша уақытша жеңілдік қажет. Оның ішінде:

  • 2022 жылдың 4 тоқсанына дейін 2021 жылдағы салықтар мен алымдарды төлеу бойынша жеңілдік мерзім беру;
  • қызметкерлерге әлеуметтік кепілдікті сақтап, міндетті зейнетақы сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру, еңбекке уақытша қабілетсіздік немесе ана атану бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жәрдемақыларды төлеу бойынша қорларға аударым төлеуден босату;
  • 2020, 2021 жылдарға табыс салығын төлеу бойынша толық немесе ішінара босату;
  • 2021 жылдың бірінші, екінші және үшінші төртінші тоқсаны үшін пайда салығын есептеу мақсатында компаниялардың күші жойылған іс-шараларды дайындау кезінде шеккен және тапсырыс берушілер тарапынан жабылмаған шығындарын өзіндік құнға жатқызу;
  • атқарушы билік органдарына қоғамдық тамақтану компаниялары үшін кеңселер мен қоймаларды жалға беруге субсидия беруді тапсыру;
  • еңбекақы төлеу қорының 2021 жылдың төртінші және 2022 жылдың 1-тоқсандағы шығындарын жабуға бюджеттен немесе бюджеттен тыс қорлардан субсидия беру;
  • жалақы төлеуді кешіктіргені үшін материалдық, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті реттейтін бөлігінде әкімшілік кодекстің 87-бабының қолданылуы тоқтата тұру; қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін ипотекалық жарналарды төлеуді екі жылға тоқтату;
  • коронавирус инфекциясының таралуына байланысты белгіленген шектеулер жойылған күннен бастап 240 күнге дейін коммуналдық қызметтерді төлеуге каникул енгізу секілді жеңілдіктер қажет.

–Қазір нарыққа не әсер етіп отыр: пандемия әлде доллар бағамы ма?

–Қайсысын алсақ та, жағдай мәз емес. Біз долларға байлаулымыз, себебі ештеңе өндірмейміз, көп жағдайда бәрін Ресей Федерациясынан немесе Қытайдан сатып аламыз. COVID-19, дәлірек айтқанда  біздің шенеуніктер ойлап тапқан заң мен ережелер қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына кері әсер етіп отыр. Коронавирус инфекциясы бар және онымен өмір сүріп үйрену керек. Бизнеске кері әсер ететін әртүрлі ереже ойлап табудың қажеті жоқ.

–Пандемиядан кейін мейрамхана нарығы қалай өзгеруі мүмкін?

–Кейінгі екі жыл рестораторларды еріксіз заңгер де, дәрігер де қылды, бірақ ол – кәсіпкер. Алайда карантинге байланысты кәсіпкерлердің шыңдала түскені де рас. Ең бастысы, ешкімнен көмек күтпеу қажет екенін түсінді. Мейрамхана иесінің жұмыс орнын құрып, бірнеше адамға жалақы төлеп отырғанын, салық төлеп, жергілікті өндірушілерге қолдау көрсететінін ешкім ескермейді. Ал жалпы алғанда пандемия елде мемлекеттің атқарушы құрамын өзгерту қажет екеніне нақты көз жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз