«Маңғыстауда шұғыл түрде төтенше жағдай жариялануы керек». Шаруалар ел билігіне талап қойды
«Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен Нұр-Cұлтан қаласында қазақ шаруаларының тұңғыш құрылтайы өтті. Шараның мақсаты – Қазақстандағы шаруа қауымның басын біріктіріп, олардың күнделікті бетпе-бет келіп жатқан түрлі мәселелерін өз ауыздарынан есту, ортаға салынатын мәселелердің шешімін табуға жағдай жасау.
Құрылтайға барлық өңірден 200-ден астам адам тіркеліп, қатысты. Олардың ішінде шаруалар, еңбек ерлері, депутаттар мен танымал қоғам өкілдері, зиялы қауым, партия өкілдері, журналистер мен блогерлер бар.
«Бұл қазақ шаруаларының алғашқы құрылтайы. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет өтіп жатыр. Мал қайырып, егін егіп жүрген нағыз шаруалардың өздері айтып, өзара талқылап, бір ортаға жиналуының өзі – үлкен іс. Қазір шаруаларға бірлік керек. Ауыл шаруашылық мәселесін шешуге атсалыса алады деген ел азаматтарына, үкіметке, тиісті мемлекеттік мекемелерге осы құрылтайда айтылған әр мәселені жеткізіп, құжат түрінде береміз» дейді қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев.
Құрылтайда жем-шөп мәселесінің жетіспеуі, жер мен су тапшылығы, сондай-ақ субсидия мәселесі сөз болды. Дегенмен құрылтай барысында Маңғыстаудағы қуаңшылық тақырыбы көбірек қозғалды.
Құрылтайда алғаш болып сөз алған спикерлердің бірі маңғыстаулық Әділбек Сағындықов Маңғыстау өңірі тек мұнаймен өмір сүреді деп ойлау – қате пікір, аймақтағы халықтың тең жартысы мал шаруашылығын кәсіп еткен дейді.
«Осы уақытқа дейін біз малымызды қораға жем-шөп жинап жан бағып келдік. Бірақ енді біздің өңірде төтенше жағдай жарияланбаса, Маңғыстауда тігерге тұяқ қалмайды. Біз қыстан шыға алмаймыз. Жақында ғана БАҚ арқылы таралған, үкімет өкілдері айтып отырған өлген мал саны туралы дерек – жалған. Қазір бәріміз әлеуметтік желіде чаттарды пайдаланамыз. Осы құрылтай алдында сол чаттар арқылы алған деректерім бар. Сол бойынша, яғни тек сол чаттарда отырған маңғыстаулық ағайынның 3414 бас малы қырылған. Оның ішінде 1420 бас жылқы, 141 бас сиыр, 1705 бас қой бар және қалғаны түйе» дейді ол.
Ортаға шығып өз пікірін білдірген шаруалардың барлығы дерлік Маңғыстауда тез арада төтенше жағдай жариялануы керек деген ұсынысты қолдады.
Жаңаөзеннен келген «Көркем әлем» компаниясының басшысы Темір Лесовтың айтуынша мал шаруашылығына бөлінген қаражаттың жер-жерге дұрыс жеткізілмеуінің себебі – заңнамада дейді.
«Біз қателікті содан көріп отырмыз. Өйткені субсидияның көбі сиыр малына беріледі. Маңғыстауда сиыр бағу қиын. Біздің өңірде 16 000 бас қана аналық бас бар, өйткені біз сиыр баға алмаймыз. Жылқы мен түйе бағамыз. Субсидияны мал деп бөлмей жалпы етке берсін. Осыған байланысты ұсынысымыз да бар. Үкіметке жіберуге дайынбыз» дейді Темір Лесов.
Жылқы шаруашылығын дамыту бойынша сөз алған Мадияр Аймырзаұлы «Shopan ata» қауымдастығының құрамына қосылып, жылқы шаруашылығы мәселесін көтеріп, оның нәтижесіне жеткізгіміз келеді. Қуаңшылық жағдайында адай жылқысы ғана шыдап отыр. Басқа тұқым болса, баяғыда қырылып қалатын еді деген өз пікірін айтты.
Жиынға шенділерден мәжілістің екі депутаты – Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин қатысты.
«Осы құрылтайда айтылған мәселелерді міндетті түрде ескереміз. Тиісті, жауапты мекемелерге жеткіземіз. Шаруалардың атынан ұсыныс беріңіздер. Ұсыныстарды қажет болса, комиссия құрып дәлелдеп, жұмыс істейміз» деді депутат Еділ Жаңбыршин.
Атырау облысынан келген шаруалар облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке бұған дейін айтылған ауылшаруашылық мәселелерін шешіп беруін сұрайтынын жеткізді. Оның ішінде ауыз су мәселесі өте күрделі екенін баса айтты. Ал Түркістан облысынан келген Ержан Журкабаев өңірдегі субсидия дауы туралы айтып, министр бекіткен құжаттардың облыс аумағында тиісті деңгейде жүзеге аспайтынын жеткізді. Журкабаевтың айтуынша Жетісай, Мақтаарал сынды өңірде жайылым жерлері жоқ. Олар Шардара орман шаруашылығы аймағындағы жерді жалға алып, мал бағуға мәжбүр.
Ақтөбеден келген спикер Марлен Баймағамбетов: «Шаруалардың заңнамасын қабылдауға шаруалар қатысуы керек. Ешқашан шаруашылық жүргізіп көрмеген адам, заң қабылдамасын. Шаруалар ұсыныстарын беріп жатыр. Әр өңір өз бағдарламасын өңірдің мүмкіншілігі, халықтың менталитеті, табиғат жағдайын ескере отырып дайындауы керек» деген ой айтты.
Шараның түстен кейінгі сессиясында майлы дақылдарды өңдеу, жүн өңдеу және астық өңдеу мәселелері талқыланды. Одан бөлек ауыл шаруашылығын қаржыландыру және несие пролонгациясы бойынша да спикерлер сөз алды. Аталмыш шара бұдан былай жыл сайын қазақ шаруаларының бірігіп жұмыс істеуі үшін, өзекті дүниелерді талқыға салуы үшін дәстүрлі түрде өткізілмек.
Еске салайық, биыл жазда Маңғыстау жерінде болған жұтқа байланысты құрғақшылық салдарымен күресуге 1,9 млрд теңге бөлініп, оның 1,2 миллиарды игерілген еді.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Маңғыстау облысында резервтік қорлар екі бағытта пайдаланылады. Біріншісі – ұйымдасқан шаруа қожалықтары мен шаруа қожалықтары үшін жем-шөп құнын төмендету. Екіншісі –мал ұстайтын, бірақ ірі шаруа қожалықтары сияқты қиындықтарға тап болған жеке қосалқы шаруашылықтарға.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ақша келесідей жұмсалды:
• 790 шаруа және жеке шаруа қожалықтары өздерінің аналық малына жем құнын төмендетуге қаражат алды;
• 7 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтар малға жем сатып алуға қаражат алды.
«Келесі сомаға келетін болсақ, (бұл) қыстауды аман-есен өтуге бағытталған. Маңғыстау облысына 57 мың тонна шөп пен 30 мың тоннаға жуық жем сатып алу жоспарланып отыр. Бұл қаражат есебінен шөп пен жем-шөп сатып алынады. Егер бірдеңе болып қалса, халық пен шаруа қожалықтары оларға тез қол жеткізе алады» деген еді министр.