Мемлекет басшысы қаржы секторының өкілдерімен кездесті

Жарияланды
Кейінгі 1,5 жылдағы белгілі бір қиындықтар қаржы нарығына да оңай тиген жоқ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары қаржы секторының өкілдерімен кездесуден басталды. Мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясында өткен жиынға Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, мемлекеттік органдардың, ірі қаржы құрылымдары мен банктердің басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай құрамдағы кездесудің алғаш рет өткізіліп отырғанына назар аударды. Президенттің айтуынша, жиынды өткізуге еліміздің қаржы секторында шешілуге тиіс қордаланып қалған мәселелер түрткі болған.

– Кейінгі 1,5 жылдағы белгілі бір қиындықтар қаржы нарығына да оңай тиген жоқ. Мұндай жағдайда біздің басты міндетіміз экономикада да, қаржы жүйесінде де тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дағдарысқа қарсы кешенді шараларды іске асыру болды және солай бола береді. Негізі, біз өсім траекториясына шыға алдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін кездесуге қатысқандардың сөздерін тыңдаған Президент осы бағыттағы бірқатар нақты міндетке назар аударды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, қаржы секторының тұрақтылығына тоқталды. Сондай-ақ бүгінде қаржы секторының дәрменсіз банктерден арылғанын, ал сауықтыру аясында 6,6 триллион теңгеге жуық нашар несиелер есептен шығарылғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өтеу мерзімі 90 күннен асқан қарыздардың деңгейі банктердегі несие портфелінің 4,3 пайызын құрайды. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Президент осыдан қорытынды шығарып, жинаған тәжірибе негізінде жиі қайталанатын тәуекел-қатерлердің  алдын алу шараларын күшейту қажет екеніне тоқталды.

Президенттің айтуынша, банктер мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде экономиканы несиелеу бойынша зор әлеуетке ие болып отыр. Банк жүйесіндегі өтімділігі жоғары активтердің көлемі – 12,2 триллион теңге.

– Биыл тұрғындар сұранысының белсенді түрде қалыпқа келе бастағанын байқап отырмыз. Тұтынушылық несие 32,8 пайызға артқан. Несие алушылар 6,1 миллион адамға жетті. Бәлкім, бұл қалыпты үдеріс. Алайда азаматтарымыздың қарыз жүктемесіне тиімді бақылау жасау маңызды. Қазіргі уақытта 545 мың адамның қарызын өтеу мерзімінің кешеуілдеуі 90 күннен асқан. Мәселе еліміздің қаржы тұрақтылығына төнген тәуекел-қатерде ғана емес. Бұл көптеген азаматтарымыздың қаржы тапшылығымен бетпе-бет келгенін білдіреді. Бұл әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы борышкерлерге қатысты қаржы нарығындағы өкілдердің шектен шығу әрекеттеріне тоқталды.

– Несие мекемелерінің басшыларына ішкі рәсімдерді күшейту мәселесін пысықтауды, сондай-ақ жекелеген қызметкерлер мен сырттан тартылатын коллекторлардың қызметтерін асыра пайдалануға жол бермеу тетіктерін қарастыруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент шағын және орта бизнесті несиелеу, оның ішінде ауылдардағы кәсіпкерлік бастамаларды дамыту еліміздің қаржы секторының басты басымдығы болуы керек деп есептейді. Мемлекет басшысының айтуынша, тұрақты және арзан қор жасау көздерінің жоқтығы микроқаржыландыру нарығындағы негізгі мәселенің бірі.

– Мұндай ұйымдардың қызметі екінші деңгейлі банктерден алынатын қарыз бен жеке қаражат есебінен қаржыландырылады. Нәтижесінде тұтынушылар үшін несиелердің құны жоғары болады. Сондықтан Үкіметке Агенттікпен бірлесіп, микроқаржы ұйымдарының қолжетімді әрі ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктерін пысықтауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтқан тағы бір өзекті міндет – ұлттық қор нарығын дамыту. Оның айтуынша, отандық қор нарығы тұрғындардың қаражатын жинайтын сенімді баламалы құралға айналуы қажет.

– Отандық қор нарығы үшін 2022 жылы жекелеген ұлттық компаниялардың Халық IPO бағдарламасына енуі маңызды оқиға болмақ.  Агенттік пен Ұлттық банк Самұрық-Қазына мен Үкімет жүргізіп жатқан жұмысқа белсенді түрде атсалысуы қажет, – деді Президент.
 

Сондай-ақ оқыңыз