Жаңалықтар

IT-саласының экспорты қалай жүзеге асады?

Қазіргі кезде 574 компания – ресми түрде Astana Hub резиденті

Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің іске қосылғанына биыл 3 жыл толды. Технопарктің бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, ел басшылығы алға үш мақсат қойып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылдан бастап жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде IT-саласының экспортын қамтамасыз етуді тапсырған еді. Қазақстан бұл мақсатқа жетуге әзір ме?

«Astana Hub-тың міндеті – таланттар үшін қолайлы орта, экожүйе құру. Бірінші кезеңде таланттарды тартамыз, оларды оқытамыз, жобаларын дамытамыз, бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру үшін мемлекеттік қолдау шараларының кең спектрін ұсынамыз әрі соңғы кезеңде өз IT-компанияларымызды халықаралық нарықтарға шығаруға көмектесеміз. Жұмыстың бірінші кезеңі шеңберінде ТМД елдеріне назар аудара отырып, халықаралық аренада технологиялық таланттар үшін жарысқа түсеміз, көрші елдерден компанияларды белсенді түрде тартамыз, сондай-ақ Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыс істейміз. Жұмыстың көп бөлігін танымал ету, ақпараттық жұмыс құрайды, жастар мен олардың ата-аналары IT-саласында кең мүмкіндіктер мен үлкен перспективалар бар екендігімен танысу үшін технологиялық кәсіпкерлік идеясын қалың бұқара арасында ілгерілетудеміз. Қазақ тілінде қысқа метражды фильмдер сериясын түсірдік, оны миллион адам тамашалады. Біз аудиторияның назарын аударып, оларды өз алаңымызға шақырамыз» дейді Мағжан Мәдиев. 

Үш жыл ішінде IT-алаңда онлайн және офлайн режимде 1000-нан астам іс-шара өтіп, оларға 55 000 адам қатысқан. Ол жерде коучтар жетістікке жету тәжірибесімен бөліседі. Қазіргі кезде 574 компания – ресми түрде Astana Hub резиденті. Соның арқасында он мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Тапқан табыс 166 млрд теңгеден асыпты. Сонымен қатар Tech Orda қаржыландыру бағдарламасы іске қосылған. 2025 жылға қарай 20 000-ға жуық студент мемлекет есебінен IT-мамандықтар бойынша білім алады деген жоспар бар. Бас директордың айтуынша, бағдарламаға кез келген адам қатыса алады.  

«Бұл бағдарлама барлық бағдарламалау мектептері үшін, барлық студенттер үшін қолжетімді. Келесі жылдан бастап бағдарлама кеңейтіледі. Үкіметтің қолдауымен 2025 жылға дейін 20 000 студентке қолдау көрсету жоспарланған. Біздің бизнес-бағдарламаларымыз, инкубация, акселерация бағдарламаларымыз бар. 1000-ға жуық жобаға қолдау көрсетілді. Бұл бағдарламаның көптеген түлектерін қазақстандықтар күнделікті өмірде кездестіреді: мәселен, автокөлік паркінде, балаларды online оқытқанда, апартаментті жалға алғанда, пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, үй шеберін жалдағанда, жүктілікті бақылау, балалардың қауіпсіздігін қадағалау сервистерін пайдаланғанда – бұл отандық және шетелдік нарықтарда белсенді дамып келе жатқан түлектеріміздің өнімдері» деді спикер. 

Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары бар, соның ішінде жеңілдетілген салық режимі. Салық жеңілдіктерінің арқасында технопарк қатысушылары 15 млрд теңгеге жуық қаржыны сақтап қалып, оларды одан әрі жұмыс орындарын ашып, жалақы төлеу қызметтеріне қайта инвестициялады. Бизнесті дамыту үшін қатысушылар 48 млрд теңге тартқан. Биыл «SEED MONEY» бағдарламасы шеңберінде 35 стартап қаржыландырылған. Келер жылы бастапқы кезеңде кемінде 50 стартапты қолдау жоспарланған. 

«Біздің қызметіміз ірі технологиялық компаниялар үшін тартымды болып отыр. Олармен Қазақстанның өткізу нарығы ғана емес, жұмыс орындарын, инновациялар орталықтарын, зертханаларды құру алаңы болуы үшін белсенді ынтымақтастық орнаттық. Бүгінде «ТрансТелеком» компаниясымен ірі америкалық бизнес инкубатормен бағдарламаны бірлесіп іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. МТС компаниясымен Astana Hub базасында 5G орталығын іске қосамыз. Әлемде 5G таралған кезде – біздің стартаптарымыз, өнімдеріміз осы нарықтарға шығуға дайын болады» деді Astana Hub басшысы.

Мақпал Оразқызы – MacDent жүйесінің авторы. Қазірде бұл жобаны 210-нан аса тіс емханасы қолданып отыр екен. Жүйенің ерекшелігі – жұмыс процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. 

«MaCdent осыдан 3,5 жыл бұрын «Astana Hub»-тың акселерациялық бағдарламасына қатысқан. Ол кезде стартап MVP – өміршеңдігі минималды өнім болған. Үш айлық бағдарламадан өтіп, ресейлік трекерлермен жұмыс істедік, нарықты таңдау, сатылымды арттыру, инвестор мен серіктестер іздеу бойынша білім алып, алғашқы клиентімізді таптық» дейді. 

Бүгінде MacDent онлайн сервисінде 1800-ден астам қолданушы тіркелген. Сондай-ақ 2ГИС-пен бірлесіп, тіс емханасына келушілерге арналған онлайн жазылуға мүмкіндік беретін жүйе де енгізілген. Бұл пандемия кезінде аса өзекті саналады. 

Мағжан Мәдиевтің айтуынша, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің басты міндеті – қатысушыларға экспортқа шығуға көмектесу. Технопарк қатысушыларының бір жылдағы экспорттық табысы 3,5 есе өсіпті. 

«Сан-Францискода, Түркияда және БАӘ-де біздің өнімдерімізді осы елдерде сатуға және сол жерден инвестиция тартуға көмектесетін ресми өкілдер бар. Қаржы институттарымен жеке жұмыс істейміз. Qaztech Ventures – венчурлық қаржыландыруды белсенді дамытатын серіктестеріміз. Жалпы, қатысушылардың даму үрдісі жақсы. Мысалы, олардың экспорттық табысы былтыр 14 млрд теңге болса, биыл 50 млрд теңгені құрайды» деді спикер.

«Әлем» бағдарламалау мектебінің бас атқарушы директоры Дагар Давлетов IT-саласында адами капиталдың маңыздылығы жоғары дейді. 

«Үлкен инфрақұрылым – зауыт, фабрика және басқа да материалдық активтер қажет емес. Бұл – интернетке қолжетімділігі бар ақылды, дарынды адамдар. Осы тұрғыдан елімізде көптеп мамандар дайындауға мүмкіндік бар. Бірақ жоғары оқу орындары мен колледждердің болуы жеткіліксіз, жеке компаниялар мен коммерциялық және коммерциялық емес жеке ұйымдарды да тарту қажет. Мысалы, Microsoft корпорациясында жұмыс істейтін жігіттер бар, олар Қазақстанда тұрады, салық төлейді, жалақысының бір бөлігін осында жұмсайды. Жастар ресми білімсіз, ЖОО дипломынсыз, Қазақстанда бола тұра, Сингапурда, Ресейде, АҚШ-та, Австралияда еңбек етеді. 

Жеке келісімшарт жасаушылардың, шағын компаниялардың фрилансерлерінің, студиялардың пікірінше экспорт осындай болуы тиіс, адами капиталды сол үшін дамыту қажет. Біз жеке ұйым ретінде қолдауды қажет ететін, бірақ қолдау таппайтын адамдар барын білеміз. Сондықтан мемлекет талантты мамандарды қолдауға 600 000 теңгеден бөледі, олар кейін жұмыс істеп тұрған IT-компаниялардың бір бөлігіне айналады немесе жеке ісін бастайды. Биыл 100 грант үлестірілді, келесі жылы гранттар саны артады деп үміттенемін. Өз тарапымнан басқа бағдарламалау мектептерін немесе кадрларды даярлауды, бағдарламалау мектептерін ашуды немесе осы бағдарламаға қатысуды қолдайтын мамандарды шақырғым келеді» деді спикер.