Ауғанстанда жазда билікке келген «Талибан* мүшелері елде әйелдер қатысатын телехикаяларды көрсетуге тыйым салды. Бұл туралы елдің Исламдық бағдар министрлігі мәлімдеді. Бұл туралы radiosputnik.ria.ru сайты хабарлады.
Енді барлық телеарналар өз хабарларының шариғат заңдары мен имандылыққа сай болуын қамтамасыз етуі керек. Ойын-сауық бағдарламалары діни тұрғыда дұрыс болуы қажет, ал кадрда жұмыс істейтін әйелдер орамалмен бастарын жабуға міндетті.
«Әйелдер қатысатын телехикаяларды көрсетуге тыйым салынады. Сондай-ақ ерлер немесе әйелдер жартылай жалаңаш кейіпте көрінетін фильмдер мен клиптерді көрсетуге тыйым салынады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұған қоса, министрлік батыс мәдениеті мен өмір салтын насихаттайтын фильмдерді көрсетуге тыйым салды. Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбар бейнеленген кадрларды көрсетуге рұқсат етілмейді.