Пәтерді жалға алушылар ішіндегі жиһаздарды тонауда
Ақтөбеде жалға алушы пәтерден екі теледидарды ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
35 жастағы жергілікті тұрғын полицияға тұрмыстық техникасының ұрланғандығы туралы арызданды. Арызданушы ер азаматтың айтуынша, оның екі жалдамалы пәтерінен екі теледидар ұрланған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады.
Күдікті пәтерлерді бір тәулікке жалға алғып, пәтерлерден Samsung Galaxy және Aser теледидарларын ұрлап, ломбардқа тапсырған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда ұсталған азаматтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Ақтөбе облысының Полиция департаменті жалға берушілерге пәтерді жалға бермес бұрын тұрғын үйді жалдау туралы келісім жасау керектігін ескертеді.