Сейсенбіге қараған түні Болгарияның батысындағы тас жолда Солтүстік Македониядан келген туристер мінген автобуста болған апат пен өрт салдарынан кем дегенде 46 адам, оның ішінде 12 бала қаза тапты.Бұл туралы ВВС сайты хабарлады.
Солтүстік Македонияның Сыртқы істер министрі Буяр Османидің айтуынша, бір топ турист Ыстамбұл сапарынан кейін Скопьеге қайтып келе жатқан.
Автобуста 53 адам болған, оның жетеуі аман қалған. Сондай-ақ, қаза тапқандар арасында кәмелетке толмаған 12 жасөспірім бар екені де ресми хабарланды.
Солтүстік Македония премьер-министрі Зоран Заев аман қалғандардың бірімен сөйлесті, ол қатты жарылыс ұйықтап жатқан жолаушыларды оятып жібергенін айтты.
«Ол басқа алты адаммен бірге терезелерді қағып, автобустан шығып үлгерді», – деді Заев болгар баспасөзіне берген сұхбатында.
Зардап шеккендер беті мен жоғарғы тыныс жолдарын күйік шалып, София ауруханасына жеткізілді, олардың кейбіріне ота жасау қажет болады, бірақ жалпы дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.
Жол-көлік оқиғасы Боснек ауылының маңында, Струма тас жолының 31-ші шақырымында, Софиядан батысқа қарай 45 шақырымдай жерде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат екілер шамасында болды.
Автобустың жол қоршауына соғылғаны нақты анықталғанымен, өрттің шығу себебі не салдары ма, әлі белгісіз.
Тергеу тобының жетекшісі Борислав Сарафовтың айтуынша, қайғылы оқиғаның екі нұсқасы – жүргізуші қатесі және көліктің техникалық ақауы қарастырылуда.
Болгарияның ішкі істер министрі Бойко Рашков қаза тапқандардың денесі толығымен күйіп кеткенін айтты.
«Бұл қорқынышты, өте қорқынышты. Мен мұндайды бұрын-соңды көрген емеспін», – деді Рашков оқиға орнында журналистерге.
Болгария премьер-министрінің міндетін атқарушы Стефан Янев жол апатын үлкен трагедия деп атады. Бұдан барлық қажетті сабақ алып, болашақта мұндайға жол бермеуге шақырды.
Солтүстік Македонияның премьер-министрі Зоран Заев теледидарда: «Мен қатты қорқып тұрмын. Бұл үлкен трагедия», – деді.