Қағаз ақша дәуірі өтіп барады

Жарияланды
Биыл қолма-қол ақшасыз төлем көлемі 3 есе өскен

Қазақстандықтар жылдан-жылға қолма-қол ақшасыз төлем жасауға басымдық беріп келеді. Биыл қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар көлемі қолма-қол ақша алумен салыстырғанда, үш есе өскен.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы жариялаған шолуда 2021 жылдың алғашқы 9 айында қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі артқаны жазылады

Мәселен, қаңтар-қыркүйек аралығында  картамен жасалған қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,2 есе артып, 49,6 трлн теңгеге дейін жеткен. Ал 2020 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 22,3 трлн теңге болған еді. Осы ретте қолма-қол ақшасыз операциялар үлесі 65,1%-дан 76,8%-ға дейін артқанын айта кеткен жөн. 

Сонымен қатар, қолма қол ақшасыз төлемдердің басым үлесі интернет/мобильді банкинг арқылы жүргізілген: 83% немесе 41,1 трлн теңге. Ал былтыр мобильді банкинг арқылы  18,1 трлн теңгеге сауда жасалған. 

Банкоматтан қағаз ақша шешіп алатын операциялар саны азайғанына (-8,7%) қарамастан, алынатын ақша көлемі 25,2%-ға артып, 15 трлн теңгеге жетті. 

Бұл тенденцияны сарапшылар елдегі көлеңкелі экономика деңгейі, инфляция және халықтың қағаз ақшаға деген сенімімен баланыстырады. Еліміздегі еңбекке қабілетті жандардың 23 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтитындар санатына жатады. Бірқатар жеке кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын қолма-қол, қағаз ақшамен алғанды жөн көреді. 

Қолма-қол ақшамен жасалған операциялар саны артқанын айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің (M0) 3 трлн теңгеге дейін (+6,2% г/г) өскені айғақтайды. 

Дегенмен, сарапшылар  қолма-қол ақшаның экономикадағы ақша массасына қатынасы 11,6%-дан 10,3%-ға дейін төмендегенін айтады. Бұл адамдардың қолма-қол ақшасыз төлемдерге басымдық беріп жатқанын байқатады. 

Айналымдағы кредит карталарының саны 2020 жылдың қазан айымен салыстырғанда 53%-ға өсіп, 13,6 миллионға дейін жеткен. Сонымен қатар дебет карталар саны да 21%-ға өсіп,  41 миллион данаға жеткен.
 

Сондай-ақ оқыңыз