Қазақстандықтар жылдан-жылға қолма-қол ақшасыз төлем жасауға басымдық беріп келеді. Биыл қолма-қол ақшасыз жасалған операциялар көлемі қолма-қол ақша алумен салыстырғанда, үш есе өскен.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы жариялаған шолуда 2021 жылдың алғашқы 9 айында қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі артқаны жазылады.
Мәселен, қаңтар-қыркүйек аралығында картамен жасалған қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі 2,2 есе артып, 49,6 трлн теңгеге дейін жеткен. Ал 2020 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 22,3 трлн теңге болған еді. Осы ретте қолма-қол ақшасыз операциялар үлесі 65,1%-дан 76,8%-ға дейін артқанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, қолма қол ақшасыз төлемдердің басым үлесі интернет/мобильді банкинг арқылы жүргізілген: 83% немесе 41,1 трлн теңге. Ал былтыр мобильді банкинг арқылы 18,1 трлн теңгеге сауда жасалған.
Банкоматтан қағаз ақша шешіп алатын операциялар саны азайғанына (-8,7%) қарамастан, алынатын ақша көлемі 25,2%-ға артып, 15 трлн теңгеге жетті.
Бұл тенденцияны сарапшылар елдегі көлеңкелі экономика деңгейі, инфляция және халықтың қағаз ақшаға деген сенімімен баланыстырады. Еліміздегі еңбекке қабілетті жандардың 23 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтитындар санатына жатады. Бірқатар жеке кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын қолма-қол, қағаз ақшамен алғанды жөн көреді.
Қолма-қол ақшамен жасалған операциялар саны артқанын айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің (M0) 3 трлн теңгеге дейін (+6,2% г/г) өскені айғақтайды.
Дегенмен, сарапшылар қолма-қол ақшаның экономикадағы ақша массасына қатынасы 11,6%-дан 10,3%-ға дейін төмендегенін айтады. Бұл адамдардың қолма-қол ақшасыз төлемдерге басымдық беріп жатқанын байқатады.
Айналымдағы кредит карталарының саны 2020 жылдың қазан айымен салыстырғанда 53%-ға өсіп, 13,6 миллионға дейін жеткен. Сонымен қатар дебет карталар саны да 21%-ға өсіп, 41 миллион данаға жеткен.