Микроқаржы нарығын қандай өзгерістер күтеді?
Соңғы жылдары елімізде микроқаржы нарығының әлеуеті анық біліне бастады. Президенттің өзі бизнесті несиелеу үшін осы саланың потенциалын көтеру керек деп тапсырма берген еді. Қазір нарықта мыңнан астам микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Олар бұрыннан да заңды тұлғаларға жиі несие ұсынатын. Енді мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін бизнесті несиелеуді тіпті күшейте түседі деген сенім басым.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілгелі бері олардың саны біршама қысқарған. Егер реттеуді енгізгенге дейін нарықта шамамен 4,5 мың субъект болса, қазір микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия 1 064 субъектіде бар, оның ішінде 235 МҚҰ, 218 кредиттік серіктестік және 611 ломбард. Белгіленген талаптарды орындауға қабілеті жоқ 3,5 мың субъектіге қатысты қызметін тоқтату және мәжбүрлеп тарату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Биыл 1 қазанда МҚҰ-ның жиынтық портфелі 1 318 млрд теңгеге жетті. Оның 48%-ы МҚҰ-ға 635 млрд теңге сомадағы, ал 42%-ы кредиттік серіктестікке 547 млрд теңге сомадағы микрокредиттер тиесілі. Микрокредиттер құрылымында МҚҰ кәсіпкерлік мақсатқа 207 млрд теңге берді. NPL 90+ деңгейі жоғары емес және 6,7% (42 млрд теңге) болды» дейді Әбдірахманов.
Оның айтуынша, кредиттік серіктестіктердің микрокредиттер портфелі 547 млрд теңгеге жеткен. Оның 89%-ы немесе 488 млрд теңге заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге ауыл шаруашылығын қолдау және дамыту мақсатына берілген. NPL 90+ деңгейінің де ең төменгі көрсеткіші (1,2 пайыз) осы кредиттік серіктестіктерде.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі өзінің жолдауында микро және шағын бизнесті, әсіресе ауылдық жерлерде кредиттеу үшін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін кеңейту мәселесі бойынша шешімдер топтамасын дайындауды тапсырған еді. Осыны іске асыру аясында агенттік 3 негізгі міндетті айқындаған:
Бірінші міндет – бұл қорландыру көздерін кеңейту. МҚҰ-ны қорландыру құрылымында негізгі үлес немесе 70%-ға жуығы тартылған қаражаттың еншісіне келеді – бұл түрлі ұйымдар мен банктердің қарыздары. Қорландыру құрылымындағы меншікті капиталдың үлесі 30%-дан аспайды.
Қазір бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыруды тарту тетігі дамымаған күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда тек 11 МҚҰ KASE-де облигациялардың шығарылымын жүзеге асырды.
Кредиттік серіктестіктерді қорландыру құрылымында 63%-ы – борыштық қаржыландыруға тиесілі екен. Оның негізгі көзі – Аграрлық кредиттік корпорация, қалған 37%-ы – кредиттік серіктестіктер қатысушыларының жарналарына тиесілі. Бұл ретте, Аграрлық кредиттік корпорацияның ресурстары шектеулі екенін атап өткен жөн. Өткен жылы қарыз алушыларды кредиттік серіктестіктер арқылы қаржыландыру үшін бөлінген сома 110 млрд теңгені құраған.
«Жүйелік шара ретінде Агенттік мемлекеттік органдармен бірлесе отырып апекс ұйымын – апекс қатысушыларына қаржы ресурстарын тартатын және қайта бағыттайтын көтерме мекемені құру мәселесін қарастыруда. Бұл қорландырудың қолжетімділігін арттыруға және микро және шағын бизнесті кредиттеуді кеңейтуге мүмкіндік береді. Халықаралық тәжірибе мемлекеттің апекс ұйымдарын құруда белсенді рөл атқаратынын көрсетеді. Үндістан, Аргентина, Мысыр, ОАР, Қырғызстан, Филиппин, Бангладеш және басқа елдер – апекс ұйымдарын құрудағы мемлекеттік қолдаудың мысалы. Бұл елдердегі апекс ұйымдарының қызметі микро және шағын кәсіпорындарды кредиттеуді кеңейту, өңірлердегі кедейлік деңгейін азайту жөніндегі міндеттерді шешті» дейді агенттік өкілі.
Атап өтейік, апекс ұйымы дегеніміз – түрлі микроқаржы ұйымдарына ақша қаражаттарын (грант, займ, кепілдік) қайта бағыттаумен айналысатын көтерме мекеме.
Оның сөзінше, қор нарығында қаржыландыруды тарту үшін халықаралық қаржы ұйымдары бағалы қағаздарының KASE листингі шарттары, сондай-ақ орталық депозитарийде шоттар ашу процесі жеңілдетіледі. Облигацияларды шығару кезінде МҚҰ үшін левередж коэффициенті 7-ден 10-ға дейін ұлғайтылады, бұл борыштық қаржыландырудың үлкен көлемін тартуға мүмкіндік береді. Борыштық бағалы қағаздарды шығару кезінде МҚҰ-ның меншік капиталына қысымды азайту үшін МҚҰ-ны пруденциялық реттеу шеңберінде меншік капиталдың есебіне шығарылған облигациялар бойынша ұзақ мерзімді міндеттемелерді енгізу жоспарлануда.
Екінші міндет – ірі МҚҰ-ны банкке трансформациялау арқылы ірі МҚҰ бизнесін одан әрі кеңейту үшін жағдай жасау. Бүгінгі күні микроқаржыландыру нарығында көлемі орташа екінші деңгейдегі банктермен салыстыруға келетін ірі қатысушылар бар. Қазіргі уақытта МҚҰ-ны банкке трансформациялау үшін лицензияны өткізіп, микроқаржылық қызметті іске асыруды тоқтату қажет. Осыдан кейін – Агенттіктің рұқсатын алып, екінші деңгейдегі банк ретінде қайта тіркеуден өту керек, содан кейін ғана банк қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия беріледі.
Бұл процесс ұзақ уақыт жүреді және ол клиенттерге де, МҚҰ-ның қаржылық жағдайына да жағымсыз әсер етуі мүмкін.
«Осыған байланысты, Агенттік МҚҰ-ны банкке ауыстыру рәсімін заңнамалық тұрғыдан енгізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл МҚҰ-ның банкті ашу және банк лицензиясын алу үшін заңнамада көзделген барлық талаптарын орындауын, оның ішінде барлық пруденциялық талаптарды сақтауын және ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды орындауын көздейді. Қолданыстағы рәсіммен салыстырғанда, ұсынылатын тетіктің басты ерекшелігі банк лицензиясын алғанға дейін МҚҰ-ның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруды жалғастыру мүмкіндігінің болуында. МҚҰ-ны банкке ауыстыру мүмкіндігі елдің қашықта орналасқан өңірлерінің тұрғындары үшін қаржылық инклюзияның дамуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ микро және шағын бизнесті қорландыру базасын ұлғайтады» деді төраға орынбасары.
Үшінші міндет – іске асырылатын қызмет түрлерін, ауқымдарын және тәуекелдерін ескере отырып, реттеушілік жүктемені оңтайландыру қажеттілігі. Бүгінгі таңда микроқаржыландыру нарығында көлемі, нарықтағы үлесі, жасалатын операциялар сипаты, клиенттердің мақсатты шеңбері бойынша әртүрлі субъектілер көп. Сондықтан Агенттік одан әрі даму шарасы ретінде микроқаржыландыру секторында тепе-тең реттеу енгізетін болады. Бұл тәуекел деңгейіне, субъект қызметінің сипаты мен ауқымына, нарықтың ерекшеліктеріне, осы факторлар жиынтығының қаржы жүйесінің тұрақтылығына және тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейіне әсер етуіне байланысты реттеу режимін белгілеуді көздейді.