Қараша айында да теңгенің әлсіреуі жалғасты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы теңге бағамына әсер етті. Энергия тасымалдаушылары нарығындағы артық ұсыныстың болжамдары және АҚШ президенті Байден әкімшілігінің стратегиялық мұнай қорларын сату ниеті мұнай бағасының төмендеуіне себеп болды дейді.
«Кеше АҚШ президенті Энергетика министрлігіне отын бағасын төмендету үшін стратегиялық мұнай резервінен 50 млн баррель мұнай шығаруға дайындалу туралы тапсырма берді, оның 32 млн баррелі болашақта толықтырылатын болады. Ақ үй АҚШ-пен бірге Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты басқа да бірқатар елдердің осындай қадамға баратынын атап өтті. Еуропа мен АҚШ-ты қамтыған COVID-19-дың жаңадан өршуі байқалады. Бүкіл әлем Еуропа елдерінің қатаң шектеу шараларын енгізуге мәжбүр болғанын бақылауда. Осының аясында Brent сұрыпты мұнайдың құны бір баррель үшін ең төменгі мән – 77,58 АҚШ долларына жетті. Кеше айтарлықтай түзетуден кейін бір баррель үшін 86,4 доллар белгісіне жеткеннен кейін мұнай бағасы 26 қазанда 8,2%-ға дейін құлдырады» дейді ҰБ өкілі.
Молдабекованың айтуынша, сыртқы факторлар заңды тұлғалар тарапынан да, халық тарапынан да шетел валютасына деген сұранысты күшейтті.
«Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі аясында импортың өсуі жалғасуда. Осы жылғы 9 айдың нәтижесі бойынша, Ресейден әкелінетін импорт 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 24,7%-ға ұлғайып, 12,1 млрд АҚШ долларына жетті. Биылғы үшінші тоқсанның ғана нәтижелері бойынша, Ресейден әкелінетін импорт 2020 жылғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда 29,2%-ға ұлғайып, 4,5 млрд АҚШ долларына жетті. Жалпы импорттағы РФ-ның үлесін ескерсек, Ресей рублінің әлсіреуі теңгеге теріс әсер етті. Дамушы елдердің басқа валюталарымен салыстырғанда, геосаяси фонның нашарлауы да рубльдің барынша елеулі әлсіреуіне және рубль-теңге паритеті 6,0-ден 5,8-ге дейін ауысуына алып келді. Бұл соңғы күндері теңгеге қосымша қысым жасады» дейді ол.
Әдетте, «қараша – салық айы» деп айтылады. Бұл ай теңгенің нығаюына қолдау көрсете алмады ма? ҰБ өкілінің сөзінше, салық кезеңі нарықтың қалыпты күтулеріне қарамастан, ұлттық валюта бағамына айтарлықтай қолдау көрсете алмады. Экспорттаушылар сарапшылардың болжамына қарсы шетел валютасын шектеулі түрде сатады, олар бюджетке салық төлеу үшін бұрын жинақталған теңгедегі өтімділікті пайдаланады.
«Тиісінше, «салықтық» сатылымдардың аздығына байланысты валюта нарығындағы қысым күшейе түсті, өйткені валюта сатып алу үшін салық аптасын күткен компаниялар долларды шектеулі ұсыныс жағдайында сатып алуға мәжбүр болды. Банктік және банктік емес айырбастау пункттері арқылы қолма-қол валютаны сатып алу, сондай-ақ ЕДБ онлайн-платформалары арқылы қолма-қол ақшасыз валютаны сатып алу көлемі ұлғайды. Бүгінгі таңда онлайн режимде өтетін айырбастаудың көлемі өте үлкен. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап айырбастау пункттеріне қойылатын талаптар күшейтілгеннен кейін биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша, банктік емес айырбастау пункттерінің саны шамамен 40%-ға қысқарды» дейді Молдабекова.
Оның айтуынша, банктік емес айырбастау пункттері қолма-қол шетел валютасын екінші деңгейлі банктерден сатып алады. ЕДБ айырбастау пункттері тарапынан сұраныстың артқанын атап өтті, мәселен, егер биылғы үшінші тоқсанда айырбастаушылар тарапынан сатып алудың орташа айлық көлемі 280 млн долларды құраса, қазан-қарашаның бірінші жартысында оның көлемі 380 млн долларға дейін өскен.
Сұраныстың өсуі биржадағы валюта бағамдары мен айырбастау пункттеріндегі валюта бағамдары арасындағы айырмашылықтың (спред) артуына алып келгенімен, қолма-қол доллардың жетіспеушілігі байқалмайтынын атап өтемін дейді ол. Айырбастау пункттеріне сату көлемін және сату бағамын банктер дербес белгілейді. Нарықтық бағам қалыптасуы жағдайында жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныс шетел валютасының тапшылығына емес, теңге бағамының осы сұраныс пен ұсынысты теңгеретін деңгейге дейін әлсіреуіне алып келмек.