Жаңалықтар

Ұлыбританияға жетуге тырысқан 27 мигрант Ла-Манш суына батып кетті

Екі адам құтқарылды, тағы бір адам із-түзсіз жоғалды

Кале маңындағы теңізге 27 мигрант батып кетті. Бұл туралы ВВС сайты хабарлады.

Олар Франциядан қайықпен Ла-Манш арқылы Ұлыбритания жағалауына бет алған. Жақын маңдағы балық аулайтын кемелер апат сигналын берді.

Бастапқыда 31 адам қайтыс болды деп хабарланғанымен, бейсенбі күні түнде француз билігі жаңартылған ақпаратты жариялады.

Ұлыбритания мен Франция билігі кемелер мен ұшақтардың қатысуымен құтқару операциясын жүргізуде.

Халықаралық көші-қон ұйымы бұл 2014 жылдан бері ең ірі трагедия екенін айтты.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон бұл оқиғаға қатты таңғалғанын және мигранттардан пайда тауып отырған контрабандашылардың әрекетін тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.

Францияның ішкі істер министрі Жерар Дарманен екі адамның құтқарылғанын, тағы бір адамның із-түзсіз жоғалғанын айтты.