Салық кодексінде не өзгереді?
Күні кеше Сенат депутаттары палата отырысында ҚР Салық кодексіне енгізілген түзетулерді бекітті.
Мемлекет басшысы құжатқа қол қойғаннан кейін, Салық кодексінде мынадай өзгерістер енгізіледі.
Заңда «мобильді төлем» деген ұғым пайда болады
Қазақстандықтар тауар мен қызмет ақысын төлеген кезде, мобайл қосымша арқылы ақша аудара салады. Ал мұндай транзакция бизнес субъектілерінің есептілігінде көрсетілмейді және оған салық салынбайды. Осы мәселені заңнамалық тұрғыда реттеу үшін Салық кодексіне тағы бір төлем түрі – «мобильді төлемдер» енгізілетін болады.
Қазіргі уақытта Салық кодексінде төлемнің тек екі түрі қарастырылған: қолма-қол ақша және POS-терминалдар арқылы картамен төлеу. Үшінші нысан енгізілгеннен кейін банктердің мобильді қосымшаларында аударымның жеке түрі – «мобильді төлемдер» пайда болады. Олар онлайн бақылау-касса машинасы (БКМ) арқылы өтеді, яғни клиентке фискалды чек беріледі.
Кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымы туралы ақпарат алмасу үшін банктер мен мемлекеттік кіріс оргардары арасындағы өкілеттік кеңейеді. Бұл кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу тәртібін жеңілдетуге, тиісінше салық төлеу кезінде тоқсандық, жартыжылдық есеп жасауға, сол арқылы олардың салық тәртібін жақсартуға мүмкіндік береді.
Жүк көліктеріне салынатын салық азаяды
Шағын және орта бизнестің шығындарын азайту үшін «газельдер» деп аталатын шағын фургондар жүк көліктеріне жатқызылады». Оларға салынатын салық қазіргідей қозғалтқыш көлеміне емес, қанша жүк көтеретініне байланысты есептеледі. Яғни, қозғалтқыш көлемі 3,5 көліктерге салынатын салық 136 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін азаяды. Бұл жүк тасымалын дамытуды ынталандыру үшін жасалып отыр. Осы норма 96 мың автомобильді қамтиды.
Бұл өзгеріс 2021 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енеді. Көліктің бұл түріне салық төлеп қойған азаматтарға қайта есептеу жүргізіледі.
Экспорттаушыларға ҚҚС қайтарылады
Бұл түзету тауар экспорттаудан түскен пайдасының кемінде 50%-ын (шикізат экспортынан түскен) шетел валютасынан теңгеге айырбастайтын бизнесмендерге қатысты болады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен қосылған құн салығынан асқан соманың 80%-на дейін қайтарылатын болады. Бұндай кәсіпкерлер тізімін Үкімет бекітеді. Аталмыш өзгеріс экспорттаушыларды валюталық түсімді ішкі нарықта сатуын ынталандыру үшін енгізіледі.
Google-ге салық
2022 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда тауар мен қызмет ұсынатын шетелдік интернет-компаниялар қосымша құн салығын төлейтін болады. Бұл өзгеріс банк пен төлем ұйымдарының уәкілетті мемлекеттік органға жеке тұлғалардың шетелдік компаниял пайдасына жүзеге асырған төлемдері мен аударым сомасы туралы ақпарат беруін міндеттейді.
Әңгіме Қазақстанда электронды қызмет көрсететін халықаралық интернет-алаңдар туралы болып отыр. Мұндай компаниялардың қатарына, мысалы, Google, Facebook, Amazon, Netflix кіреді.
Алкогольге акциз төлеу мерзімі ұзартылады
Отандық арақ өндірушілерге, акцизді, өздері қаласа, алкоголь өнімдерін жөнелтетін кезде төлеуге рұқсат беріледі. Ал қазір акцизді алдын ала төлеп отыр. Бұл шара арақ өндірушілерін сыра және темекі өндірушілермен теңестіреді. Сонымен қатар, депутаттардың айтуынша, отандық алкоголь өнімдерін қолдауға мүмкіндік береді.
Шетелдік машиналарға салынатын салық көбейеді
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстан Республикасы аумағында халықаралық бағытта жолаушы мен жүк тасымалдайтын шетелдік автокөлік құралдары үшін салық 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін көбейеді.
Салық заңнамасының тұрақтылығы
Экспортқа бағдарланған тауар өндірушілер кез келген жобаға, оның ішінде жер қойнауын пайдалануға инвестиция салса, оларға салық заңнамасының 10 жыл тұрақты боларына кепілдік беріледі.
Ең төменгі жалақы көрсеткіші АЕК-ке ауыстырылады
2022 жылғы 1 қаңтардан бастан, ең төменгі жалақыны айлық есептік көрсеткішке ауыстыру жолымен оны есептік көрсеткіш ретінде пайдалану алып тасталады. Оның орнына 14 еселік айлық есептік көрсеткішке (АЕК) тең көрсеткіш пайдаланылатын болады. Бұл жеке табыс салығы бойынша стандартты шегерімді және әлеуметтік салық бойынша ең төменгі салық салынатын базаны айқындауға қатысты болады.
Төлемді кейінге шегеруге қойылатын кепілмүлік тізімі өзгереді
Заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, салық төлеу мерзімін кейінге шегеру немесе бөліп-бөліп төлеу үшін жеке тұлға, жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адамның жалғыз баспанасы кепіл ныса бола алмайды.
Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының Жолдауда жарияланған жекелеген бастамаларын іске асыруға арналған. Ол қолайлы бизнес-орта мен инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал етіп, отандық тауар өндірушілерді қолдайды. Сондай-ақ, жеке тұлғалар мен кәсіпкердің салық пен төлем төлеуін жеңілдетеді.